Қазақстандық теннисші Qatar Open турнирін жеңіспен бастады

2379

Қазақстандық-бразилиялық теннисшілер жұбы Анна Данилина мен Беатрис Хаддад Майя қайта бас қосып, Катарда өткен ірі халықаралық турнирде өнер көрсетті.

Қазақстандық теннисші Qatar Open турнирін жеңіспен бастады

Әйелдер арасында өткен жұптық сайыстың бірінші айналымында Анна мен Беатрис британиялық Саманта Маррей мен голландиялық Бибиана Схоовсты 6:0, 6:4 есебімен ұтты. Енді Данилина мен Майя ширек финалға шығу үшін WTA Tour-дағы тәжірибелі теннисшілер Люсия Градецка (Чехия) мен Сания Мирза (Үндістан) жұбына қарсы өнер көрсетеді. 1/8 финалдық кездесу бүгін 22 ақпанда елорда уақытымен  21:00-де басталады.

Айта кетейік, Анна Данилина әлемдік рейтингтегі жеке рекордын тағы да жаңартып, 23-орыннан 22-орынға көтерілді. Жалпы жұптық сайыстар бойынша чехиялықтар Катерина Синякова мен Барбора Крейчикова көш басында келеді. Ал бельгиялық Элиза Мертенс үшінші орынға көтерілді.

Сонымен қатар жарақатынан кейін Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина кортқа қайта оралды. Әлемнің 20-шы ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Qatar Open турнирінің алғашқы айналымында әлемдік рейтингте 71-орында тұрған румыниялық Жаклин Кристианнан жеңіліп қалды.

1 сағат 23 минутқа созылған кездесуде Елена допты ойынға қосу барысында төрт рет қателесіп, сегіз эйс жасады. Жаклин де төрт рет қиыс кетіп, екі брейк-пойнт жасады. Қорытынды есеп 4:6, 3:6. Елена Рыбакина үшін турнир аяқталды, ал оның қарсыласы Кристиан Дохадағы турнирдің екінші айналымында ресейлік Дарья Касаткинамен ойнайды.

Халықаралық жарыстармен қатар Ұлттық теннис орталығында "Forte 60 Women's" турнирінде алты қазақстандық теннисші өнер көрсетуде. Іріктеудің бірінші кезеңінің ойындары аяқталды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады. Әзірге WTA рейтингінде ұпайы жоқ 16 жастағы Сандуғаш әлемнің 451-ракеткасы украиналық Анна Познихиренконы 7:6 (7:4), 3:2 есебімен ұтты. Екінші сеттің бесінші ойынында Анна жарақат алып, кездесуден бас тартты. Ойын уақытының 1 сағат 22 минутында Сандуғаш жеті рет эйс, төрт рет қос қателік жасап, үш брейкті сәтті орындады. Турнирдің негізгі кезеңіне жолдаманы Сандуғаш түрік Берфу Шыңғыспен сарапқа салады.

София Чурсина әлемнің 405 ракеткасы Валерия Страхованы үш сетте – 5:7, 6:3, 10:6 есебімен жеңіп, жеңіске деген керемет жігерін танытты. 2 сағат 13 минутқа созылған ойында Софья 12 рет эйс және алты брейк жасады. Іріктеу кезеңінің ақтық сайысында Нұр-Сұлтанның тумасы ресейлік Полина Кудерметовамен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу