Беделді додаға Еуропаның 64 спортшысы қатысып, бақ сынады.
Ақтөбе теннис мектебінің түлегі Корышева жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелді. Ол финалда Чехияның осы жастағылар арасында 9-ракеткасы Яна Ковачкованы 6:1, 7:6 есебімен ұтты. Осылайша, Ева спорттық жолында жекелей сында Tennis Europe турнирінде төртінші рет үздік шықты. Ева қазіргі кезде Еуропа теннис федерациясының рейтингісінде 61-орында тұр. Түркиядағы жеңісі арқасында сейсенбіде жаңартылатын рейтингіде жоғары көтерілмек.
Айтпақшы, Елордада өтетін ITF World Tennis Tour "BeeTV 40 Women's" турнирінің іріктеу сайысында бес қазақстандық теннисші өнер көрсетеді. Елімізде әйелдер арасында өтетін алғашқы ірі жарыстың жеребесі тартылды.
Жарысты ұйымдастырушылар іріктеу сатысында қазақстандық жас теннисшілерге арнайы шақырту (wild card) беріп отыр. Дана Байдәулет бастапқы кездесуін іріктеу сайыстарының бірінші ракеткасы, ресейлік Анастасия Гасановамен өткізеді. Жуырда ғана ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанған 14 жасар Ариана Гогулина Беларусь өкілі Юлия Готовкомен, Альбина Кәкенова ресейлік Ксения Ласкутовамен шеберлік таластырады. Мария Синицына мен Жанель Рүстемова ресейліктер Татьяна Прозорова, Екатерина Яшинамен кездеседі.