7 жылдан соң Татьяна Әсия Дайырдың жетістігін қайтап отыр. Ол 2013-жылы дәл осы турнирдің негізгі қатысушысы атануға бір қадам жетпеді. Себебі жерлесіміз екінші іріктеу кезеңінде Ұлыбритания өкілі Пеппе Хорнға есе жіберді. Ал енді тағы бір қазақстандық теннисші беделді "Уимблдон" турнирінде бағын сынап көрмек.
Алда өтетін іріктеуге байланысты Татьянаның әкесі Юрий Николенко өз пікірін білдірді.
"Таняның "Үлкен дулыға" турниріндегі мансабы жыл басында Аустралияда басталуы керек еді. Алайда, пандемияға байланысты қатыса алмады. Содан кейін "Ролан Гарроста" ойнау үшін Францияға баруымыз керек еді. Бірақ, біз виза ала алмадық. Қазіргі уақытта Татьяна Лондонда. Іріктеу 1-шілдеде басталады. Енді жеребе мен алғашқы қарсыласты күтеміз", - деді спортшының әкесі Юрий Николенко.
Айта кетейік, ересектер арасында бұл турнир басталып кетті. Бүгін "Уимблдонда" қазақстандық теннисшілер күні деуге де болады. Жерлестерімізден алғашқы болып Юлия Путинцева кортқа шығады. 1-кезеңдегі оның қарсыласы 32 жастағы украиналық Леся Цуренко. Ал Зарина Дияс Латвия өкілі Анастасия Севастовамен кездеседі.
Алғашқы айналымда француз қызы Кристина Младеновичті 6:4, 6:0 есебімен жеңген Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина америкалық Клэр Люмен үшінші кезеңге жолдама алу үшін шеберлік байқасады.
Заринаның қатысуымен өтетін матч аяқталғаннан кейін бірден дәл сол кортқа қазақстандықтар Александр Бублик пен Михаил Кукушкин өзара мықтыны анықтап, екінші айналымға жолдама алу үшін сынға түседі. Бұл олардың үшінші кездесуі болады. Әзірге жеке кездесулер - 1: 1 есебімен тең аяқталған.
Ермұхамед Мәулен