Қазақстандық теннисшілер Eastbourne International турнирін жеңіспен бастады

1240

Екінші айналымда Елена Рыбакина украиналық Элина Свитолинамен, ал Александр Бублик Беларусь өкілі Егор Герасимовпен кездеседі.

Қазақстандық теннисшілер Eastbourne International турнирін жеңіспен бастады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған ұлыбританиялық Хэрриет Дартпен өткізді. Бірінші партияда Рыбакина сенімді ойнай білді - 6:2. Екінші сетте Дарт брейкпен алға шыққанымен, Елена таразы басын теңестірді. Бірақ тай-брейкте Дарттың жолы болды - 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші партияда Рыбакина жеңісті жұлып алды - 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды. Матч барысында Рыбакина 22 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы үш брейкпен шектелді. Рыбакина жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол дәл осындай тартысты кездесуде әлемнің 33-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаны ұтты.

Сонымен қатар Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 турнирін жеңіспен бастады. Бублик алғашқы айналымда негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған отандасы, дүниежүзілік рейтингте 106-орында тұрған Михаил Кукушкинмен кездесті. Бұған дейін қарсыластар бір-ақ рет шеберлік байқасып, онда Кукушкиннің мерейі үстем болған екен. Бұл жолы Бублик ойын тізгінін бірден қолына алып, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Бублик 18 эйс, 4 брейк жасады. Қарсыласы бір брейкке ғана қол жеткізді. Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 72-ракеткасы, Беларусь өкілі Егор Герасимовпен таласады.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко Уимблдон турнирінің іріктеу сайысында латвиялық Эрнест Гулбистен 3:6, 7:5, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу