Аустриялық спортшы Себастьян Офнермен өткен тартысты кездесуде Дмитрий үш сетте 7:6, 3:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кездесу екі сағат 28 минутқа созылды. Матч барысында Попко жеті рет допты ойынға қосуда қателесті. Сегіз рет қосарланған қателікке жол берді. Сондай-ақ қазақстандық сегіз ұпай жинап, үш гейм қатарынан жеңіске жетті. Нәтижесінде, бұл жеңіс қазақстандық теннисшіге Остравадағы турнирдің 1/8 финалына шығуға мүмкіндік берді.
28 сәуірде өтетін 1/8 финалда Попко әлемдік рейтингте 293-орында тұрған 21 жасар чехиялық Йонас Форейтекпен кездеседі.
Ал Денис Евсеев Римде өтіп жатқан "Челленджер" турнирінің негізгі кезеңін бастады. Корт қожайыны Алессандро Джаннессимен өткен кездесуде қазақстандық теннисші бірінші сетті 7:6 есебімен ұтып, екіншісін 3:2 есебімен алға шықты. Содан кейін италиялық теннисші кездесуді жалғастырудан бас тартты. Ойын бір сағат 26 минутқа созылды. Осылайша қазақстандық теннисші турнирдің 1/8 финалына шықты.
Сонымен қатар Испанияның Малага қаласында Дэвис кубогі топтық кезеңінің жеребесі тартылды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады. Топтық кезең матчтары биылғы 14-18 қыркүйекте төрт қалада өтеді. Қазақстан құрамасы D тобында Глазго қаласында корт иелері – Ұлыбритания, сондай-ақ АҚШ және Нидерланды құрамаларымен ойнайды. 2019 жылы Мадридте қазақстандықтар топтық кезеңде Ұлыбритания және Нидерланды теннисшілерімен сынға түскен болатын. Онда Қазақстан құрамасы нидерландылықтардан 2:1 есебімен басым түсіп, дәл сондай есеппен ұлыбританиялықтарға жол берген еді. Ал АҚШ құрамасымен алғаш рет шеберлік байқаспақ.
Сондай-ақ A тобында Болоньяда Италия, Хорватия, Аргентина, Швеция құрамалары өзара күштіні анықтайды. В тобында Валенсияда Испания, Канада, Сербия және Оңтүстік Кореяның жолдары түйіседі. C тобында Гамбургте Германия, Франция, Бельгия және Аустралия құрамалары кортқа шығады. Дэвис кубогінің топтық кезеңі алғаш рет төрт қалада өтсе, плей-офф бәсекелері Малагада болады. Плей-офф кезеңіне әр топтан екі үздік команда жолдама алады. Кубоктің шешуші ойындары 23-27 қарашада өтіп, жеңімпаз анықталады.
Ермұхамед Мәулен