Қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Мороккода өтіп жатқан, жүлде қоры 598 мың АҚШ долларын құрайтын Grand Prix Hassan II турнирінің ширек финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Андрей Голубев франциялық Фабрис Мартенмен бірге бастапқы кездесуін нидерландылықтар Таллон Грикспур – Ботик Ван де Зандшульппен өткізді. Тартысты өткен матчта бірінші партияда нидерландылық жұп тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (8:6). Екіншісінде Голубев пен Мартен есе қайырды – 7:6 (7:2). Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:6. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-франциялық жұп 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге доданың 2-ракеткалары, бельгиялықтар Сандер Жилле – Йоран Флигенді бір сағаттан сәл астам уақытта 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Недовесов пен Куреши 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Бельгиялық жұп 4 эйспен шектелді. Енді Александр Недовесов серіктесімен бірге ширек финалда италиялықтар Марко Чеккинато / Лоренцио Музеттимен кездеседі.
Ал Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады. Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 42-сатыда тұрған украиналық Ангелина Калининамен шеберлік байқасты. Бірінші партияда украиналық теннисші сәттірек ойнады – 6:4. Екіншісінде Рыбакина артығымен есе қайырды – 6:2. Үшінші, шешуші сетті Калинина 6:4 есебімен жеңді. Екі сағат 18 минутқа созылған матчта Елена 10 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 46-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда рейтингте өзінен бір саты төмен тұрған америкалық Аманда Анисимовадан ұтылып қалды – 1:6, 2:6.
Ермұхамед Мәулен