Қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетуде

595

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің екінші айналымына өтті.

Қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетуде

Жарыстың 9-ракеткасы болып тіркелген Елена алғашқы айналымда қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 36-орында тұрған канадалық, 2019 жылғы АҚШ чемпионы Бьянка Андреескумен шеберлік байқасып 6:3, 6:4 есебімен ұтты. Рыбакина екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен кездеседі. 

Уимблдон 2022 чемпионы және Australian Open 2023 финалисі қазақстандық Елена Рыбакина беделді Laureus сыйлығына үміткер болды.

Қазақстандық теннисші - "Жыл серпіні" жүлдесіне үміткер алты спортшының бірі. Рыбакинадан басқа бұл номинацияға испандық Карлос Алькараз (теннис), футболдан Марокко құрамасы, америкалық Натан Чен (мәнерлеп сырғанау), нигериялық Тоби Амусан (жеңіл атлетика) және тағы бір америкалық спортшы Скотти Шеффлер (гольф) ұсынылып отыр. Атап өтейік, Laureus World Sports Awards сыйлығы бір жылда үздік жетістіктерге жеткен спортшыларға беріледі.

Қазақстанның екінші, әлемнің 46-ракеткасы Юлия Путинцева Дубай WTA 1000 турнирінің бастапқы кездесуін әлемнің 28-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен өткізді. Бірінші партияда брейк жасаған Путинцева сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4. Есесіне екінші сетте бірде-бір гейм алған жоқ – 0:6. Дегенмен шешуші, үшінші партияда сәтті ойнай білді – 6:2.

Юлия екінші айналымда әлемнің 15-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен шеберлік байқасады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик Марсель (Франция) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 67-ракеткасы, сербиялық Филип Краиновичпен кездесті. Осыған дейін Александр өткен жылдың қазан айынан бері түрлі жарыста он рет қатарынан жеңіліс тапқан еді. Бұл жолы бірінші партияда сербиялық теннисші сәттірек ойнады – 7:5.

Есесіне екіншісінде брейк жасаған Бублик қарымта қайырды – 6:3. Қазақстандық спортшы үшінші, шешуші сетті қос брейкпен бастады – 3:0. Бұдан кейін сербиялық спортшы брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық теннисші матчты эйспен түйіндеді – 6:4. Александр ширек финалға шығу үшін әлемнің 48-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хуслер немесе рейтингте 58-орындағы франциялық Грегуар Баррердің біреуімен кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу