Қазақстандық теннисшілер Internazionali BNL d'Italia-2022 турниріне қатысады

988

Римде Foro Italico спорт кешенінде Новак Джокович, Рафаэль Надаль, Карлос Алькарас, Александр Зверев, Стефанос Циципас, Андрей Рублев сияқты теннис жұлдыздарының қатысуымен Masters сериясының ATP 1000 санатындағы Internazionali BNL d'Italia-2022 турнирі өтуде.

Қазақстандық теннисшілер Internazionali BNL d'Italia-2022 турниріне қатысады

8 мамырда басталған турнир 15 мамырға дейін жалғасатын болады. Жарыстың негізгі кезеңінде жекелей сында 56 теннисші, жұптық сайыстарда 32 команда өнер көрсетеді. Финалдық кездесулер 15 мамырға жоспарланған. Турнирдің былтырғы чемпионы - Рафаэль Надаль. Ол финалда Новак Джоковичті жеңгенін айта кетейік. Испаниялық теннисші бұл жарыстың рекордшысы, 10 рет жеңіске жеткен (2005, 2007, 2009, 2010, 2012, 2013, 2018, 2019, 2021) екен. Биыл бұл жарысқа Надальмен қатар бұрынғы чемпиондар - Новак Джокович (2008, 2011, 2014, 2015, 2020) пен Александр Зверев (2017) те келді.

Бүгін, 9-мамыр жарыс жолына екі қазақстандық теннисші - Юлия Путинцева мен Александр Бублик шығады. Путинцева екі іріктеу матчынан сүрінбей өтіп, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды. Енді қазақстандық теннисші словениялық Кая Юванмен кездеседі. Путинцева WTA рейтингінде 44-орында тұрса, Юван 82-орында. Бұл олардың арасындағы екінші матч болмақ. Өткен жылы Юлия Кайяны жеңген болатын. Айта кетейік, екінші айналымда бұл кездесудің жеңімпазын әлемнің экс-бірінші ракеткасы, испаниялық Гарбине Мугуруса күтіп тұр.

Әлемнің 33-ракеткасы, еліміздің үздік теннисшісі Бублик турнирді бірден негізгі кезеңнен бастайды. Оның қарсыласы АҚШ-тан келген Маркос Хирон болмақ. Олар өткен жылы кездесіп, Бублик үш сетте де жеңіске жетті.

Путинцева мен Бубликтің қатысуымен өтетін матчтар бүгін елорда уақытымен 17:35-те басталады.

Елена Рыбакина да Римдегі турнирде өнер көрсетеді. Ол бірінші айналымдағы кездесуін сейсенбі күні 19 жастағы ресейлік Элина Аванесянға қарсы өткізеді.

Internazionali BNL d'Italia-2022 турнирінің жалпы жүлде қоры 5,415,410 еуроны құрайды. Жеңімпаздар қомақты сыйақы мен рейтингтік ұпайларға ие болады.

Бірінші тур: 10 ұпай | 21 650 еуро

Екінші тур: 45 ұпай | 39 070 еуро

Үшінші кезең: 90 ұпай | 72 865 еуро

Ширек финал: 180 ұпай | 136 225 еуро

Жартылай финал: 360 ұпай | 249 740 еуро

Финал: 600 ұпай | 456 720 еуро

Чемпион: 1000 ұпай | 836 355 еуро

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу