Қазақстандық теннисшілер Орландода өткен турнирде жеңіске жетті

1416

Сенбіден жексенбіге қараған түні қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Александр Недовесов Орландода өткен, жүлде қоры 52 мың АҚШ долларын құрайтын Челленджер турнирінде жұптық өнер көрсету бойынша жеңіске жетті.

Қазақстандық теннисшілер Орландода өткен турнирде жеңіске жетті

33 жастағы Голубев үшін бұл осы маусымда алтыншы титулы. Бұған дейінгі Голубевтің ең сәтті маусымы 2016-жыл болған еді. Ол Швециядағы Челленджерде жекелей өнер көрсету бойынша  жеңіске жетіп, содан кейін Аустралияда, Италияда және Словакияда дәл сол сериялар бойынша жұптық сайыста тағы үш титулға ие болған. Содан кейін теннисшінің спорттық мансабында бірнеше жыл үзіліс болды.

Голубев кортқа былтыр оралды. 2019-жылы ол екі рет Челленджерде жұптық сайыс бойынша жеңіске жетті. Ал биылғы жылдың басында ол жұптық ойындарда ең жоғары нәтиже көрсетті.

Маусымның алғашқы "Үлкен дулыға" турнирінің Australian Open-2020 жарысында Голубев қазақстандық Михаил Кукушкинмен дуэтте жартылай финалға дейін жетіп, әлемдік сериялардағы ең беделді жарыста өзінің жетістігін қайталады. 2014-жылы ол "Ролан Гарростың" жартылай финалында аустралиялық Самюэль Гротпен ойнады. 2020 жылы қаңтарда Аустралиядағы осы сәттіліктен кейін Голубев тағы бір қазақстандық теннисші Александр Недовесовпен дуэтте екі қысқы Челленджерді жеңіп алды. Содан кейін тур коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылды. Дегенмен тамыз айының соңында қайта жалғасқан жарыс Италияда басталды. Голубев уругвайлық Ариэль Бехармен жұптасып, тағы үш Челленджерді жеңіп алды.

Қазан айында Голубев Недовесопен бірге Орландодағы турнирге аттанды. Қазақстандық дуэт екінші нөмірмен өнер көрсетті. Алғашқы кезеңде олар үш сетте Теймураз Габашвили (Ресей)/Деннис Новиков (АҚШ) жұбын жеңді. Ал ширек финалда Дмитрий Попко (Қазақстан)/Петер Полански (Канада) дуэтінен 3:6, 6:2, 10:6 есебімен, үш партияда басым түсті. Жартылай финалда француз спортшылары Садио Думбия мен Фабьен Ребульді жеңіп, кездесу 6:3, 7:5 нәтижесімен аяқталды.

Сонымен финалға жолдама алған қазақстандық теннисшілер шешуші ойында америкалықтар Джексон Уитроу мен Митчелл Крюгерге қарсы тұрды. Алаң иелерінің титулға деген талпыныстары бірден байқалды. Олар матч басталғаннан-ақ мінез көрсете бастады. Бірінші сет доп алмасудан басталды. Содан кейін Уитроу мен Крюгер қатарынан үш гейм жасады. Бес ойыннан соң таблодағы көрсеткіш 1: 4 жетті. Бұл Қазақстандық теннисілерге ұнай қоймағаны анық. Осыдан кейін Голубев пен Недовесов басымдылықты өз қолдарына алып, есепті 4:4-ке дейін жеткізіп, ойынды теңестірді. Ал 1-сеттің соңында есеп 7:5 нәтижесімен, қазақстандықтардың пайдасына аяқталды. Екінші кезеңде де жерлестеріміз 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осы жолы олар тек кездесуде ғана емес, жалпы турнир жеңімпазы атағына ие болды. Бұл Голубевтің осы маусымдағы Челленджер сериясының турнирлеріндегі алыншы жеңісі. Осылайша ол өзінің жеке рекордын жаңартты.

Ал Александр Недовесов үшін бұл осы маусымдағы үшінші титул. Бірақ жеке рекордын жаңарту үшін бұл көрсеткіш аздық етеді. Ол соңғы рет 2013-жылы бес Челленджерде, үш рет жекелей өнер көрсету бойынша және екі рет дуэтте жеңіске жеткен болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу