Рейтингтерге келетін болсақ, дәл қазір нақты нәтижені айту мүмкін емес. Көптеген теннисшілер Парижде жарысты жалғастыруда. Бірақ Елена Рыбакинаның 20 үздіктің қатарынан орнын жоғалтатыны қазірдің өзінде белгілі. Өткен жылы қыздар арасындағы еліміздің бірінші Парижде жарқ етіп, күтпеген жерден ширек финалға дейін жетті. Бұл жолы Елена 1/8 финалға да шыға алмады. Турнир басталар алдында әлемдік рейтингте 16-шы болғанымен, қазіргі таңда ол 20-орынға дейін түсті. Ал Рыбакинаның әлемдік рейтингтегі құлдырауы жаңа аптаның соңында да жалғасуы ықтимал.
Сонымен қатар Елена жұптық сайыста да өткен жылғы ширек финалда жинаған ұпайларын сақтап қала алмады. Ол турнирдің бірінші айналымында-ақ жеңіліп қалды. Жарыс алдында ол 48-орында болса, енді 60-орыннан төмен түсті.
Зарина Дияс енді үздік 150 теннисші қатарынан тыс қалды. Ол Ролан Гарростың бірінші іріктеу кезеңінде жеңіліп қалды. Бірақ Юлия Путинцева екінші айналымда жеңілсе де, бірнеше сатыға жоғары көтерілді.
Жұптық сайыс бойынша еліміздің бірінші ракеткасы Анна Данилина әлемдік рейтингтегі орнын біршама жақсартты. Ол 20-орыннан 17-орынға дейін көтерілді. Ал ерлер арасындағы рейтингте айтарлықтай өзгерістер бола қойған жоқ.
Енді турнирдің ең қызықты тақырыбы – ақшалай жүлделерге көшсек. Биылғы Ролан Гарростың жүлде қоры рекордтық деп айтуға болады – 43,6 миллион еуро (20,3 миллиард теңге). Vestі.kz-тің хабарлауынша қазақстандық теннисшілер барлығы 422,5 мың еуро, яғни 197,2 миллион теңге табыс тапқан.
Елена Рыбакина – 133,5 мың еуро (62,3 миллион теңге)
Александр Бублик – 109,5 мың еуро (51,1 миллион теңге)
Юлия Путинцева – 93,75 мың еуро (43,7 млн теңге)
Тимофей Скатов – 20 мың еуро (9,3 миллион теңге)
Андрей Голубев – 15 мың еуро (7 миллион теңге)
Анна Данилина - 15 мың еуро (7 миллион теңге)
Дмитрий Попко – 14 мың еуро (6,5 миллион теңге)
Зарина Дияс – 14 мың еуро (6,5 миллион теңге)
Александр Недовесов – 7,75 мың еуро (3,6 млн теңге).
Айта кетейік, Ролан Гарроста қазақстандық жасөспірімдер де өнер көрсетті. Алайда Аружан Сағындықова мен Максим Батютенко іріктеуден өте алмады.
Ермұхамед Мәулен