Қазақстандық теннисшілер Уимблдонда өнер көрсетеді

276

Теннисшілеріміздің Уимблдонда жеңіске деген мүмкіндіктері қандай?

Қазақстандық теннисшілер Уимблдонда өнер көрсетеді

30 маусым күні Лондонның жүрегінде әйгілі All England Club корттарында теннистің төресі саналатын Уимблдон басталады. Бұл тек турнир емес, бұл – дәстүр мен даңқтың символы. Жасыл алаңда өнер көрсету әр спортшының арманы, ал жеңіске жеткендері мәңгі тарихта қалады. 
Биылғы жарыс бұрынғыдан да айрықша болғалы тұр. Өйткені Уимблдон £53.5 миллиондық жүлде қорымен рекорд орнатып отыр. Бірақ, бұл жарыстың шынайы құндылығы ақшада емес – еңсені тіктеп, ел үмітін ақтауда.

Аталмыш жарысқа кем дегенде төрт қазақстандық теннисші қатысады.

Александр Бублик - басты үмітіміз. Соңғы айларда керемет ойнап жүр. "Ролан Гаррос" додасында әлемнің үздік ондығындағы екі теннисшіні жеңіп, ширек финалға жетті. Тек Синнер ғана оның жолын кесе алды.
Франциядан кейін Александр Галледе өткен беделді турнирде (ATP 500) тағы бір жарқын нәтиже көрсетті. Синнерден реванш алып, Медведевті финалда тізе бүктірді. Қазір Бублик мансабындағы ең мықты кезеңде. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, оны Уимблдондағы фавориттердің ондығына қосып отыр.

Александр Шевченко да негізгі кезеңге қатысады. Соңғы нәтижелері тұрақсыз болғанымен, "Ролан Гарросқа" Lucky Loser ретінде қатысып, бірінші айналымда жеңіске жетті. Дегенмен, Уимблдонда алғашқы қарсыласы топ-20 ойыншыларының бірі болуы мүмкін. Сондықтан бұл жолы сенсация күту қиындау.

Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин және Бейбит Жұқаев іріктеу кезеңінде сынға түсіп жатыр. Бірақ негізгі айналымға өтуі екіталай.

Әйелдер арасындағы сайыста басты үмітіміз - Елена Рыбакина. 2022 жылғы Уимблдон жеңімпазы биыл әлі бабына толық енбесе де, тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Страсбургте титул иеленіп, "Ролан Гаррос" пен Australian Open-да 4-раундқа дейін жетті. Бұл жолы да 1/4 финалға шығуға мүмкіндігі бар, бірақ алғашқы үш раундта сенімді өтуі шарт.

Юлия Путинцева бұл жарысқа 11-мәрте қатысуда. Өткен жылы төртінші раундқа дейін жеткенімен, биыл бабында емес. Соңғы матчтарда әлсіз қарсыластарға жол беріп жүр. Сондықтан Лондондағы жарыста ұзаққа баруы екіталай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу