Қазақстандық теннисшілер US Open турниріне қатысады

1150

Бүгін, 30 тамыз қазақстандық теннисшілер US Open турнирінде бақ сынайды. Жарыстың бірінші күні еліміздің төрт өкілі Нью-Йорктегі Билли Джин Кинг атындағы теннис орталығының корттарында өнер көрсетеді. Биылғы жылғы Үлкен дулыға турнирлерінің соңғы жарысы US Open 12 қыркүйекке дейін жалғасады.

Қазақстандық теннисшілер US Open турниріне қатысады

Жекелей сында жалпы Қазақстаннан алты теннисші жарысқа қатысады. Еліміздің бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 99-орында тұрған Беларусь өкілі, тәжірибелі спортшы Александра Сасновичпен кездеседі. Әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 70-орындағы, тағы бір тісқаққан ойыншы, 36 жастағы эстониялық Кайя Канепимен күш сынасады.

Рейтингте 110-орында тұрған Зарина Диясқа әлемнің 73-ракеткасы, жуырда 20 жасқа толатын америкалық Аманда Анисимова қарсылас атанды. Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, рейтингте 449-сатыдағы тәжірибелі Ярослава Шведова әлемнің 98-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинимен кортқа шығады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда рейтингте 134-сатыдағы германиялық Янник Ханфманның шамасын байқап көреді.

Ал Михаил Кукушкин бұған дейін іріктеу сайысына қатысты. Іріктеудің финалында жеңілгеніне қарамастан, ол турнирді одан әрі  жалғастырады. Себебі қатысушылардың бірі турнирге келуден бас тартып, оның орнына Кукушкин сынға түсетін болды.

Жарыс кестесі US Open-2021. 30-тамыз. 1-айналым. Нью-Йорк (АҚШ), Билли Джин Кинг атындағы теннис орталығы

21:00. Юлия Путинцева - Кайя Канепи

22:30. Михаил Кукушкин - Пабло Андухар

23:00 Елена Рыбакина - Александра Саснович

02:30 Ярослава Шведова - Ясмине Паолини

Айта кетейік, Александр Бублик пен Зарина Дияс жарыстың екінші күні сынға түседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу