Қазақстандық теннисшілер жаңа маусымды Аустралия ашық чемпионатынан бастайды

1725

Келесі аптада төрт қазақстандық теннисші жаңа маусымды Аустралия ашық чемпионаты аясында өтетін турнирлерден бастайды.

Қазақстандық теннисшілер жаңа маусымды Аустралия ашық чемпионатынан бастайды

Биылғы маусымдағы алғашқы "Үлкен дулыға" турнирі Мельбурн қаласында 17-30 қаңтар аралығында өтеді. Сондықтан көптеген теннисшілер жаңа жылдан кейін жасыл құрлықтың ашық чемпионатына дайындалу үшін бірден Аустралияға аттанады. Олардың қатарында Қазақстанның төрт өкілі - Елена Рыбакина, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов және Дмитрий Попколар бар.

Әйелдер арасында еліміздің бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Елена Рыбакина дүйсенбі, 3 қаңтар күні таңертең Нұр-Сұлтан уақытымен шамамен 06:30-да басталатын, жүлде қоры 703,5 мың АҚШ долларын құрайтын WTA 500 Adelaide International 1 сериялы жекелей турнирінде өнер көрсететді. Мұнда Рыбакина жетінші нөмірмен кортқа шығады. Рыбакинаның алғашқы қарсыласы  корт иесі Сторм Сандерс болмақ. Бұл аустралиялық теннисші әлемдік рейтингте 132-орында болса да, Рыбакинамен кездесуде жеңіске жеткен екен. Олар 2017 жылы Берниде өткен Аустралия ашық чемпионатына дайындық турнирінде кездесті. Ол уақытта Сандерс басымдыққа ие болып, іріктеудің жартылай финалында үш сетте де - 7: 6, 4 : 6, 6: 2 есебімен қазақстандық теннисшіні тізе бүктірген. Соған қарамастан бұл текетірестің айқын фавориті Елена Рыбакина.

Сонымен қатар келесі аптада жүлде қоры 58,3 мың долларды құрайтын Traralgon International Challenger турнирі басталады. Онда Михаил Кукушкин (182-орында) мен Тимофей Скатов (257-орында) кортқа шығады. Жекелей сында сегізінші нөмірмен өнер көрсететін Кукушкин жарысты 2-айналымнан бастайды. Оның қарсыласы жапониялық Есеке Ватануки мен аустралиялық Джереми Джин арасындағы жекпе-жекте анықталады. Скатов дүйсенбі күні елорда уақытымен таңғы сағат 05:00 шамасында осы турнирде жекелей сында өнер көрсетеді. Ол бірінші айналымда әлемнің 268-ші ракеткасы, ұлыбританиялық Райан Пенистонмен шеберлік байқасады.

Сол күні Скатов осы Челленджерде жұптық сайысқа да қатысады. Онда ол неміс Никола Кунмен дуэтте өнер көрсетеді. Олардың қарсыластары индонезиялық Кристофер Рунгкат пен үндістандық Дивиж Шаран. Сондай-ақ қазақстандық Дмитрий Попко (әлемдік рейтингте 180-орында) маусымды жасыл құрлықтың тағы бір қаласы – Бендигодағы Челленджер сериялы турнирінен бастайды. Ол жүлде қоры 58,3 мың долларды құрайтын жарыста жекелей сында 11-нөмірмен кортқа шығады. Нәтижесінде ол жарысты бірден екінші айналымнан бастайды. Онда ол босниялық Мирза Басич пен аустралиялық Томас Фанкутт арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Айта кетейік, биылғы маусым қазақстандық теннисшілер үшін сәтті басталды. Жібек Құламбаева жұптық сында Үндістанның Мумбаи қаласында ITF W25 турнирінің жеңімпазы атанды. Жібек латвиялық Диана Марцинкевичпен финалда осы жарыстың 1-ракеткалары, тағы бір қазақстандық Анна Данилина – украиналық Валерия Страховамен чемпиондық атақты сарапқа салды. Бірінші партияда Жібек пен Диана 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде Анна мен Валерия есе қайырды – 6:4. Супер тайбрейкте Ж.Құламбаева мен Д.Марцинкевич жеңісті жұлып алды – 10:6. Осылайша Жібек жұптық сында ITF турнирлеріндегі 14-інші, биылғы алғашқы титулына қол жеткізді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу