Қазақстандық теннисшілер жылды жақсы бастады

1933

Аустралия ашық чемпионатының қорытындысы бойынша Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) рейтингінің жаңартылған нұсқасы жарияланды.

Қазақстандық теннисшілер жылды жақсы бастады

Жекелей сында турнир жеңімпазы аустралиялық Эшли Барти бірінші орынды сақтап қалды. Беларуссиялық Арина Соболенко екінші, чехиялық спортшы Барбора Крейчикова үшінші орынға көтерілді.

Қазақстандық теннисшілер де жаңа маусымды жақсы бастады. Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 12-орында қалды. Аустралия ашық біріншілігінде ол жарақатына байланысты ойдағыдай өнер көрсете алмады. Ол екінші айналымнан кейін жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Ал Юлия Путинцева бұрынғысынша 42-ші, Зарина Дияс бірден 14-саты төмендеп, 118-орынға жайғасты. Юлия мен Зарина аталған турнирде іріктеуден сүрінбей өткендерімен, бірінші айналымнан кейін жарыстан шығып қалды. Себебі маусымдағы "Үлкен Дулыға" турнирінің алғашқы сайысына әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналады.

Жұптық сайыста үздік үштік қатары өзгерген жоқ. Чехиялық Катерина Синякова көш бастап тұр. Оның отандасы Крейчикова екінші, Қытайлық Се Су-Вэй үшінші орында. Ал Қазақстан өкілі Анна Данилина тамаша жетістікке қол жеткізді. Ол бірден 28 сатыға жоғары көтеріліп, әлемдік рейтингте 25-ші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш оның мансабындағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Оған қоса ол жұптық сайыс бойынша  Елена Рыбакинаны айналып өтіп, еліміздің бірінші ракеткасы атанды. Естеріңізге сала кетейік, Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Аустралия ашық біріншілігінде жұптық сайыстар бойынша финалға шығып, Крейчикова мен Синяковадан 7:6, 4:6, 4:6 есебімен ұтылып қалды.

Жұптық сайыстар бойынша Елена Рыбакина 51-орында қалса, ал Зарина Дияс бірден 49 саты төмендеп, 229-сатыға жайғасты.

Сондай ақ ерлер арасында кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) жекелей және жұптық сайыстар бойынша рейтингтердің жаңартылған нұсқасын жариялады. Үздік үштік өзгеріссіз қалды - Новак Джокович (Сербия), Даниил Медведев (Ресей) және Александр Зверев (Германия). Айта кетейік осы турнир алдында Новак Джоковичтің басы дауға қалған болатын. Ол виза ала алмағандықтан Аустралиядан депортацияланды.

Аустралия ашық чемпионатын екінші айналымда аяқтаған қазақстандық теннисші Александр Бублик екі қатарға көтіріліп, 35-орынға тұрақтады. Михаил Кукушкин 14 саты жоғары көтеріліп, 166-шы орынға жайғасты. Ал Дмитрий Попко үш саты төмен түсіп, 180-ші орында келеді.

Жұптық рейтингте хорват Мате Павич көш бастап тұрса, оның отандасы Никола Мектич екінші пен ұлыбританиялық Джо Солсбери үшінші орында. Қазақстандық теннисшілерден Андрей Голубев әлемдік рейтингте бір саты төмендеп, 30-орынға, Бублик бірден 15 саты төмендеп, 65-орынға жайғасты. Александр Недовесов 70-орыннан 67-орынға көтерілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу