Қазақстандық теннисшілердің жаңа маусымға дайындықтары қалай?

787

16-29 қаңтар аралығында Аустралия ашық чемпионаты өтеді.

Қазақстандық теннисшілердің жаңа маусымға дайындықтары қалай?

Аустралия ашық чемпионатының басталуына үш аптадан аз уақыт қалды. Барлық теннисшілер бұл турнирге үлкен дайындықпен келеді. Ал қазақстандық ойыншылардың Аустралия ашық чемпионатына дайындықтары қалай?

Аустралияда United Cup турнирінде Қазақстан құрамасы сапында Юлия Путинцева, Жібек Құламбаева, Гозал Айнитдинова, Тимофей Скатов, Александр Бублик, Денис Евсеев және Григорий Ломакин өнер көрсетеді. Аталмыш турнир 29 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында өтеді. Бүгін құрама командамыз Швейцариямен ойнайды. Путинцева Белинда Бенчичпен, ал Скатов Марк-Андре Хуслермен сынға түседі. Матчтар Астана уақытымен 15:00-ден кейін Брисбенде басталады.

Әйелдер арасындағы жекелей сында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина маусымды 1 қаңтарда Аделаидада өтетін WTA 500 турнирімен бастайды. Тізімде Еленадан бөлек әлемдік рейтингте үздік ондықтың төрт өкілі - Онс Жабер (2), Арина Соболенко (5), Дарья Касаткина (8) және Вероника Күдерметова (9) бар. Ал Рыбакина қазіргі таңда әлемдік рейтингте 21-ші орында.

Бір аптадан кейін, 9 қаңтарда Аделаидада қатарынан екінші рет WTA 500 турнирі басталады. Рыбакина ол турнирге де қатысады. Бұл жолы жарысқа әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентекті қоса алғанда, үздік ондыққа кіретін алты теннисші қатысады.

Сонымен қатар дәл осы күндері Жаңа Зеландияның Окленд қаласында ATP 250 турнирі басталады. Онда ерлер арасындағы жекелей сында қазақстандық теннисші Александр Бублик өнер көрсетеді.

9 қаңтарда Аустралияның Хобарт қаласында WTA 250 турнирі басталады. Онда әйелдер арасындағы жекелей сында еліміздің екінші ракеткасы Путинцева қатысады. Жарысқа қатысатындар тізімінде әзірге үздік 30 теннисшіден бар-жоғы екі теннисші ғана бар. Юлияның өзі рейтингте 51-ші орында тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Аустралия ашық чемпионатының 2022 жылғы жеңімпаздары Рафаэль Надаль мен кәсіби мансабын аяқтаған Эшли Барти. Сондықтан  биыл жас теннисшілерге рейтингтік ұпай жинап, жеңіске жету мүмкіндігі жоғары деп айтуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу