Қазақстандық уран Ресейді айналып өтем деп, Канадаға жете алмады

1609

Қазақстан уранын Ресейден айналып өту үшін ашылған жаңа жолмен жеткізу қиын болып тұр. 

Қазақстандық уран Ресейді айналып өтем деп, Канадаға жете алмады Фото: inbusiness.kz

Сарапшылардың пікірінше, жаңа бағыт транзиттік елдерге ұнай қоймаған, ал кеме иелері Қара теңіз арқылы өту үшін кеме беруге дайын емес. 

Ал америкалық компаниялар тасымалдаудың жаңа жолын іздемей, бұрынғыдай Ресейден тұрақты өнім алуды жалғастыруда, деп жазады Inbusiness.kz.

Канадалық Cameco Украинада соғыс басталғаннан бері Ресейді айналып өтіп, Қазақстандағы бірлескен кәсіпорнынан уранның екінші партиясын күтіп отыр, алайда жүк әлі межеленген жерге келген жоқ.

"2023 жылы "Инкай" кен орнында өндірілген өнімдегі біздің үлесіміздің алғашқы жеткізілімі кешіктіріліп, үшінші тоқсанға шегерілді", — деп хабарлайды Cameco екінші тоқсандағы есебінде. Компания аймақтағы геосаяси жағдай жеткізу қызметіне қауіп төндіретінін атап өтті.

"Біз Ресейдің темір жолдары мен порттарына тәуелді емес Транскаспий бағыты бойынша өнім үлесін алу үшін серіктесіміз "Қазатомөнеркәсіппен" тығыз жұмыс істеуді жалғастырамыз. Егер осы жолмен тасымалдау көп уақытты алатын болса, біз одан әрі күтуге мәжбүр боламыз. Тәуекелдерді азайту үшін тауарлық-материалдық құндылықтар, ұзақ мерзімді келісімдер және несие келісімдері жасалған."Инкай" компаниясынан жүк жеткізу мерзімі біздің инвестициялық кірістерімізге және бірлескен кәсіпорындағы дивидендтерге әсер етуі мүмкін", — деп хабарлайды Cameco. Канадалық компанияның Қазақстандағы БК-дағы үлесі 40%-ды құрайды және оның деректері бойынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында "Инкай" кен орнында өндіріс көлемі 4,3 млн фунтты құрады.

Өткен жылы Cameco ресейлік тасымалдау маршрутынан бас тартып, оны Украинадағы соғысқа жауап ретінде Транскаспий бағытына ауыстырды. Алайда, бұл бағытпен жүктің келу уақыты ұзаққа созылды.

Материалды сатып алу кестесі әдетте тоқсан бойынша өзгереді және өндіріске сәйкес келмеуі мүмкін. 2022 жылы Cameco өзінің өндірістік үлесіне сәйкес "Инкайдан" 3,3 миллион фунт (1269 тонна) табиғи уран сатып алды, орташа есеппен бір фунт үшін 47,33 долларға, 155,9 миллион долларға, оның 2,6 миллион фунты (1000 тонна) төртінші тоқсанда бір фунт үшін 45,6 доллар бағамымен сатып алынды.

"Қазатомөнеркәсіп" желтоқсан айының соңында Канадаға уранның бірінші партиясы жеткізілгені туралы хабарлады, сонымен бірге "АтомИнфо-орталықтың" директоры Александр Уваров eadaily-ге жүктің бірінші бөлігі Поти портында кем дегенде қазан айынан бастап, ал кейбір мәліметтер бойынша қыркүйектен бастап жатқанын айтқан болатын. 

"Соңғы қауесеттер осындай. Біріншіден, Әзербайжан уранды өз аумағы арқылы жіберуге құлшынысы жоқ және болашақта жеткізілімге тыйым салу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Екіншіден, астық мәмілесінің тоқтатылуы маршруттың түрік бөлігіне кері әсерін тигізді, өйткені уранды Қара теңіз арқылы тасымалдауға дайын кемелерді табу қиындай түсті", — деп жазады RealAtomInfo мамандандырылған телеграм арнасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу