Қазақстандық велошабандоз қыздар әлем чемпионатында өнер көрсетті

271

Спортшыларымыз жүлдегерлер қатарына іліге алмады. 

Қазақстандық велошабандоз қыздар әлем чемпионатында өнер көрсетті

Руанда астанасы Кигалиде тас жолдағы  велоспорттан әлем чемпионаты – UCI Road World Championships турнирі өтіп жатыр. Жарыс 21–28 қыркүйек аралығында ұйымдастырылып, тарихта алғаш рет Африка құрлығында өтуде. Чемпионат аясында 5 жүлде жиынтығы сарапқа салынуда: әйелдер және ерлер арасында жекелей жарыс, әйелдер және ерлер топтық жарыстары, сондай-ақ аралас эстафета.

Биылғы турнирдің басты жаңалығы – 23 жасқа дейінгі қыздар үшін жеке уақытқа бөлек жарыстың енгізілуі. Әйелдер арасындағы элита санатындағы "жекелей жарыста" Швейцария спортшысы Марлен Ройссер 31,2 км қашықтықты 43:09,34 уақытпен еңсеріп, чемпион атанды. Күміс жүлдені Нидерланды өкілі Анна Ван Дер Брегген, қола жүлдені тағы бір нидерландылық спортшы Деми Воллеринг иеленді.
Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтижені Фаина Потапова көрсетті. Ол 30-шы болып мәре сызығын кесті. Ақпейіл Өсім 36-орынға табан тіреді.

Ерлер арасында жекелей жарыста (Elite Men ITT) әлем чемпионы атағын бельгиялық Ремко Эвенепул жеңіп алды. Ол бұл дисциплинада қатарынан үшінші рет алтын медаль иеленіп отыр. Күміс жүлде аустралиялық Джей Вайнға бұйырса, қола жүлдені тағы бір бельгиялық Илан ван Вилдер алды. Әлем чемпионатының басиы фавориттерінің бірі Словения өкілі Тадей Погачар төртінші орынмен шектелді.

Айта кетейік, бүгін 23 қыркүйек жасөспірімдер арасында жекелей жарыстар өтуде. Қыздар 18,3 шақырымдық, ұлдар 22,6 шақырымдық сайыста сынға түсуде. Әлем чемпионаты 28 қыркүйек күні 267,5 шақырымдық топтық жарыспен аяқталады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу