Қазақстандық жас паделшілер Азия рейтингінде үздіктер қатарына енді

156

​Халықаралық падел федерациясы (FIP) жаңартқан рейтингте қазақстандық жас спортшылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық жас паделшілер Азия рейтингінде үздіктер қатарына енді Фото: padelfederation.org.kz

Әсіресе, 16 жасқа дейінгі ұлдар мен 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы көрсеткіштер назар аудартады.

Қазақстан падел федерациясының мәліметінше, Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин 16 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азияның FIP Promises рейтингінде екінші орынға көтерілді. Қазақстандық жұп 1 785 ұпай жинап, көш бастап тұрған Қатар өкілі Саид Хашем Алмазеедиден 1 285 ұпайға қалып келеді.

Ал 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия рейтингінде үш қазақстандық спортшы алғаш рет үздік ондыққа енді. София Пак төртінші орынға жайғасса, Айлин Амантай мен Әдия Бектемісова сегізінші сатыны иеленді.

Қазақстандық спортшылардың рейтингтегі нәтижелеріне Алматыда жуырда аяқталған жасөспірімдер арасындағы екінші FIP Promises Almaty турниріндегі жетістіктері де ықпал етті.

Атап айтқанда, Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин U16 санатында турнир жеңімпазы атанып, U18 санатында финалға дейін жетті. Ал София Пак U16 және U18 санаттарының екеуінде де чемпиондық титулды жеңіп алды.

Бұл жетістіктер қазақстандық жас паделшілердің құрлықтық аренадағы позицияларын нығайтып, халықаралық рейтингте жоғары көтерілуіне жол ашты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу