Еліміздің жас теннис жұлдызы финалда 12 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Польшаныңбірінші ракеткасы Ян Парадовскиймен кездесті. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады. Алматы теннис мектебінің түлегі қарсыласын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Жарыс барысында Роберт бірде-бір сетте ұтылған жоқ.
Жұптық сында Роберт литвалық Марк Тверсиймен бірге финалда тартысты бәсекеде Беларусь өкілдері Коран – Свитловқа есе жіберді – 6:1, 4:6, 5:10. Роберт Каминский үшін биылғы жыл табысты болды. Ол осымен Tennis Europe сериясы бойынша жекелей сында үшінші титулына қол жеткізді. Биылғы маусымда Амал Сұлтанбековтің шәкірті 30 матч өткізіп, соның 26-сында жеңіске жетті.
Сонымен қатар ересектер арасында әлемнің 223-ракеткасы, қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Италиядағы Андрия челленджер турнирінің финалында дейін жетті. Өкінішке орай отандасымыз финалда қарсыласына есе жіберді. Соңғы бәсекеде қазақстандық теннисші әлемнің 197-ракеткасы, швейцариялық Леандро Рейдльмен кортқа шықты. Тартысты өрбіген бірінші партияда 20 жастағы швейцариялық спортшы тай-брейкте басымдық танытты – 7:6 (7:4). Ол екінші сетте де 2:0 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде Кукушкин 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.