Теннистен Қазақстан қыздар құрамасы 16 жасқа дейінгілер арасында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Шымкент қаласында Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша өтіп жатқан іріктеу турнирінің жартылай финалында Ярослава Шведованың шәкірттері әлемдегі үздік құрамалардың бірі, жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің бес дүркін чемпионы Аустралияны 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Бірінші ойында Ариана Гогулина қарсыласын тартысты матчта 7:5, 3:6, 7:5 есебімен ұтты. Ол бірінші партияда 2:5 есебімен жеңіліп жатып, қатарынан бес геймді алды.
Полина Слепцова Аустралия көшбасшысы Тахлия Коккинисті жеңді - 7:5, 6:4.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы биыл күзде өтетін 16 үздік команданың қатарында әлем чемпионатында өнер көрсетеді.