Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы World Junior Tennis Competition турнирінің Азия / Мұхит аймағы іріктеу кезеңінің финалистері анықталды.
Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жетіп, алғаш рет іріктеу турнирінің финалына жолдама алды.
Жартылай финалдық кездесуде қазақстандықтар Гонконг командасымен кездесті. Алғаш болып кортқа Хақназар Жеткербай мен Кайл Ван шықты. Қазақстандық теннисші алғашқы минуттардан-ақ сенімді ойын көрсетіп, 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетіп, құраманы алға шығарды.
Екінші жекелей кездесуде Ахмади Маханов Чой Ванға 0:6, 3:6 есебімен есе жіберді.
Осылайша, финалға шығу тағдыры жұптық кездесуге байланысты болды. Ахмади Маханов пен Хақназар Жеткербай Ван / Чуй дуэтіне қарсы шығып, тартысты ойында 7:5, 2:6, 10:3 есебімен жеңіске жетті.
Сағадат Аяп жаттықтыратын құрама бүгін, 14 сәуірде Жапониямен финалда кездеседі.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы күні кеше Чехияның Простеев қаласында тамыз айында өтетін World Junior Tennis Competition финалдық кезеңіне қатысу құқығына да ие болды.