Қазақстандық журналист әйелдер қытайлық "пирамиданы" басқарып, ілгерілетті деп айыпталуда

3248

Chia Tai Tianqing ірі қаржы пирамидасы Қазақстан халқын бірнеше миллиард теңгеге алдап соққан.

Қазақстандық журналист әйелдер қытайлық "пирамиданы" басқарып, ілгерілетті деп айыпталуда Фото: canva.com

Бүгін ақпарат құралдары Астана мен Алматы қалаларының тұрғыны саналатын журналист әйелдер және "сюцай" мамандары қытайлықтар құрған Chia Tai Tianqing қаржылық қылмыстық ұйымды басқаруға қатысты деген күдік туындағанын жазуда.

Соның ішінде Нұрсәуле Зейн және Ләззат Секбаеваның алаяқтық схемаға қатысқаны үшін тергеушілердің назарына іліккені хабарланды. Мемлекеттік айыптаушылардың нұсқасы бойынша олар 2022 жылдың тамызынан бері халықаралық ірі Chia Tai Tianqing қаржы пирамидасының қазақстандық құрылымдық бөлімшелерін басқарған.

Бұл жерде "сюцай" деген ұғым құлаққа тосын естіледі. Оның нені білдіретінін Ләззат Секбаева 2022 жылғы қазанда "Хабар" арнасындағы "Бегом за деньгами" бағдарламасына қатысқанда түсіндірген болатын. Телебағдарламаға ол досы Рухия Бекенованы ерте келді. Ол өзін провизор-фармацевт, трансформациялық психолог деп таныстырған.

"Хабардың" тележурналисі өз қонағы Ләззатты "тележүргізуші-диктор, актриса, продюсер, цифрлық және сюцай психолог" деп таныстыра келе, соңғы "атағының" мәнісін сұрастырды.

"Біз дипломды сюцай мамандармыз. Бұл психология кез келген жанды бетпе-бет кездеспей, тіпті бет-жүзін көрмей-ақ, қашықтан танып-білуге мүмкіндік береді. Бұл істе бізге цифрлар көмекке келеді. Мысалы, сіздің туған күніңіз – сіздің жаныңыздың жылы. Осы сандарыңызды біліп алсақ, сізбен таныс болмасақ та, көрмесек те, біз сіздің ғұмырлық мақсат-мұратыңызды, тағдырыңызды, болашағыңызды әңгімелеп бере аламыз. Сіздің кәсіби мамандануыңызға да ықпал ете аламыз", – деп мәлімдеді Ләззат Секбаева.

Республикалық, мемлекеттік арнаға дейін шыққанынан бұл топтың пиарының қандай деңгейде жүргенін аңғаруға болады.

Ашық дереккөздерде Секбаеваның 6 баланың анасы екені айтылады.

Ал Нұрсәуле Зейн туралы мәлімет аз. Ол өзін "инвестор, меценат, журналист, MBA жүйелі коучы" деп таныстырады. Бір әңгімесінде Chia Tai Group компаниясының серіктесі және қазақстандық өкілі екенін жеткізді. Әлеуметтік желідегі бір аккаунтында "Мен мұнда сіздің әрқайсыңызды миллионер ету үшін отырмын" деп уәде етті.

Өз кезегінде CMN.KZ жазуынша, тергеушілер қытайлық қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің нақты санын және келтірілген шығынның ақырғы сомасын әлі күнге анықтай алмаған.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, аталған компания 2022 жылдың шілдесінде құрылған. Осыдан кейін оның қызметкерлері қазақстандықтарды жаппай алдап, өмірде жоқ фармацевтикалық зауыттың құрылысына салым салуға үндеген.

Сондай-ақ олар қазақстандықтарға қаражаттарын тез өсіріп беруге және жаңа салымшыларды тартқаны үшін бонустар беруге уәде еткен.

Содан мол табыс тауып, тез баюға құмартқан жандар миллиондап ақша енгізе бастайды. 2023 жылы Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Chia Tai Tianqing қызметіне "қызығушылық" танытқанда, алдын ала ақпарат бойынша олар қазақстандықтардан 7 миллиард теңгеден артық қаражат тартып үлгеріпті.

Былтырғы 28 сәуірде ҚМА Қазақстан аумағында "Chia Tai Tianqing" қаржы пирамидасын құру және басқару фактісін тіркеді.

Агенттіктің 17 аумақтық департаменті қаржылық пирамиданы құру және басқару фактісі бойынша 17 қылмыстық істі тергеуге кіріскен. Бұл сан да пирамиданың қаншалықты тез қанат жайып үлгергенін көрсетеді.

"Chia Tai Tianqing 2022 жылдың шілдесінен бері жұмыс істеп келеді және фармацевтикалық зауыт құрылысына инвестиция салу, сондай-ақ тағамдық қоспалар мен басқа да дәрі-дәрмектерді дамытуға инвестиция салу желеуімен инвесторлардан қаражат тартып келеді. Chia Tai Tianqing Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелмеген. Болжам бойынша, қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы – Қытай азаматы және ол Қазақстан аумағынан шығып кеткен", – деп мәлімдеді ҚМА.

Өткен жылдың сәуірінде шетелдік пирамиданың алматылық бөлімшесі бұғатталды: Алматы қаласының аумағында Қазақстанның үш азаматы компанияның заңсыз қызметін насихаттаумен айналысқан. ҚМА-ның Алматы қаласы бойынша департаментіне жәбірленушілерден аталған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 200-ден астам өтініш келіп түседі.

Агенттік тергеу мүддесі үшін егжей-тегжейін айтпағанымен, компанияның алматылық серіктестерінің кімдер екені нақты анықталған. Қаржы пирамидасын ұйымдастыруға күдікті үш жетекшінің екеуі сол кезде уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ол үшеуі алматылықтарға компанияға салынған инвестициядан жоғары қайтарым болатынына уәде берген. Жаңа салымшыларды тартқан жағдайда 10% көлемінде тағы сыйақы берілетінін айтып, қызықтырған.

Тергеушілерге белгілі болғандай, пирамида жетекшілері барынша сақ қимылдаған: салымшыларға олардың қаражатын қабылданғанын растайтын ешқандай құжаттар ұсынбаған. Ешқандай екіжақты келісімшарт жасамаған. Компанияның жұмысы барынша жасырылған.

Дегенмен, бұларды біріктіретіні сол, бәрі өз үгіт-насихатында Қытайдың белгілі "Chia Tai Tianqing" компаниясының логотипін қолданды. Алайда тергеушілер пирамидашылардың "аталған қытайлық компанияның қызметіне ешқандай қатысы жоқ" деп отыр.

2023 жылғы 17 қарашада ҚМА-ның Шымкент қаласы бойынша департаменті Chia Tai Tianging қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімше басшысына қатысты тергеуді аяқтағаны белгілі болды. Шымқалада пирамидашылар кем дегенде 200-ден астам тұрғыннан 700 миллион теңге салым жинап үлгерген екен.

Агенттіктің дерегінше, Шымкенттің жергілікті тұрғыны 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында аталған қаржы пирамиданың қаладағы филиалын басқарған. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілгені анықталды.

Пирамиданың ұшар басында кімдер тұрған?

Биылғы қыстағы жағдай бойынша Chia Tai Tianqing пирамидасын құру фактісі бойынша 17 қылмыстық іс тергеліп жатты. Бірақ айыптылар қатарында алаяқтық схеманы құрушылар емес, пирамиданың 17 құрылымдық бөлімшесінің басшылары, яғни Қазақстан азаматтары отыр.

Ұйымдастырушылар не табанын жалтыратқан, немесе шетелден басқарған көрінеді.

"Тергеу жеке басын анықтай алмаған Джек Стефен, Сакамони, Ян Фу Ченг, Тян Синцзянь және Алан деген адамдар өздерін инвестициялық жобаның ұйымдастырушылары ретінде ілгерілеткен. Олар әлеуметтік желілер арқылы психологиялық бейнесін зерттеу жолымен қаржылық пирамиданың белсенді қатысушысына айналуы мүмкін тұлғаларды іріктеп алған", – делінген айыптау актісінде.

Атап айтқанда, өзін "Алан" атаған пирамиданы құрушылардың бірі астаналық журналист Нұрсәуле Зейнге шығады. Тергеушілердің байламынша, қаржы пирамидасының жетекшісі оны таңдағанда, елордалық журналист әйелдің "өз көзқарасының дұрыстығына және өз әрекеттерінің заңдылығына жұрттың көзін жеткізе білетін дарынын" бағалаған екен.  

CMN жазуынша, Нұрсәулеге жаңа салымшыларды тарту, түрлі ақпараттық-коммуникациялық құралдардың көмегімен Астанада агрессивті агитация жүргізу, жиналыстарды ұйымдастыру, белсенді инвесторлар үшін түрлі іс-шараларды өткізу жүктеледі.

Бас қаламен шектелмей, қаржы пирамидасының қызметін Алматыда насихаттау үшін Н.Зейн өзінің жолдас қыздарын – Ләззат Секбаеваны және Рухия Бекенованы көмекшілері ретінде жалдаған. Ары қарай осы екеуіне Chia Tai Tianqing алматылық бөлімшесіне басшылық ету сеніп тапсырылады.

"Секбаеваны қылмыстық схемаға тартқандағы себебі, ол да журналистика саласында тәжірибе жинаған, сондай-ақ "Сюцай" психологиялық ғылымының шебері болған. Тиісінше, ол адамдарды өз айтқанына нандыру және көндіру қабілетіне ие, әрі оның "Сюцай" табынушылары арасынан әлеуетті салымшылардың кең тобын тарту мүмкіндігі болды", – деп жазады мемлекеттік айыптаушылар.

Жолдас қыздарынан айырмашылығы сол, Рухия Бекенова журналист емес: жоғарыда айтылғандай, ол – фармацевт, "Сюцай" маманы, психолог. Оның бұл мамандығы фармацевтикалық псевдо-жобалар туралы кәсіби тілмен түсіндіріп, клиенттерді сендіруге ықпал етсе керек.

Тергеушілердің байламынша, өздерінің тыңдаушысын ұйыта білу дарыны және байланыстары арқасында бұл әйелдер жалған инвестициялық схемаға жүздеген қазақстандықтарды жұмылдыра алды.  

Қазіргі кезде үшеуін Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлімінің 2-тармағы бойынша соттап жатыр. Тағылған айып – аса ірі мөлшерде қаржы тарта отырып, "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету".

Әйелдер үстінен сот процесі 2024 жылдың қаңтарында басталған еді. Алайда Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы істі бірден-ақ сотқа дейінгі тергеу сатысына қайтарып жіберді. Бұған тергеушілердің зардап шеккендердің нақты санын және оларға келтірілген шығынның нақты сомасын анықтай алмағаны себеп болыпты.

Айыптау актісінде айтылғандай, тартылған аудиторлар 459 зардап шегушіге 1,4 миллиард теңге залал келтірілгенін әшкеледі.

Бұл ретте дәл сол құжатта жергілікті Экономикалық тергеу департаментінің мамандары Chia Tai Tianging қаржы пирамидасына Алматыда 129 адамның қатысқанын ғана анықтай алған. Олар жалпы сомасы 196 миллион теңгеден астам қаражат салыпты.

"Келтірілген залалдың қорытынды сомасындағы және зардап шегушілер санындағы қарама-қайшылықтар сотқа Зейнге, Секбаеваға және Бекеноваға тағылған айыптың аражігін және шегін анықтауға мүмкіндік бермейді", – деп дәйектеді судья Серік Кенишев.

1,4 миллиард пен 196 миллион теңге залал үшін үкім де әртүрлі болатыны даусыз.

Бірақ "Хабар" арнасының аккаунтында айыпталушы қос әйел қатысқан "Бегом за деньгами" телевикторинасының видеосының астында пікір білдірген қазақстандықтар қаржы пирамидасының құрбандары жүздеп емес, мыңдап саналатыны туралы пікір білдірді.

"Алаяқтар бұлар. Осы екі әйел Chia Tai пирамидасын құрып, 12 мың адамды сазға отырғызды", – деп жазды Аида есімді әйел.

Судья Серік Кенишев айыпталушылар "қаржылық пирамиданы құрып, басшылық етті" деген күдікке іліккенімен, оларды іріктеп, жалдаған адамдар басқа екеніне де назар аудартты. Бұл да сотқа айыптау шекарасын анықтауға мүмкіндік бермейтін көрінеді.

Соған қарамастан, бұған дейін Chia Tai Tianqing-тің басқа өңірлік басқарушылары дәл сол бап бойынша сотталған болатын. Мысалы, 2023 жылдың желтоқсанында Астанада С. есімді тұрғын әйел "Chia Tai Pharmaceutica" (немесе "Chia Tai Tianqing") аталған пирамидаға басшылық етіп, 77 салымшыдан 115 миллион теңгеден астам қаражатын жинап алғаны үшін айыпты деп танылды және алты жылға бас бостандығынан айрылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу