Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров ТМД аумағында аса танымал ресейлік "Уайлдберриз" ірі маркетплейсіне қарсы "ашықтан ашық және арсыз рейдерлік басқыншылық" басталғанын жариялап, ғаламтордағы базарды "жаудан" қорғауға уәде етті. Ол бұл мәлімдемесін аталған компанияның негізін қалаушы Татьяны Бакальчуктың күйеуі Владислав Бакальчукпен кездесуде жасады.
Осының алдында ресейлік ақпарат құралдары Татьяна өзінің ынжықтау жұбайын тәрк етіп, отбасынан кетіп қалғанын жазған болатын. Содан Владислав Шешенстанның қаһарлы басшысына барып, әйелінің үстінен шағым айтудан басқа амал-айла таппапты.
Алайда қарсы тараптың сендіруінше, Бакальчуктердің отбасылық бизнесін қорғаудың қажеті жоқ: Wildberries-дің ресейлік ірі сыртқы жарнама операторы Russ-пен бірігуі жүріп жатқан көрінеді.
Рамзан Қадыров төл телеграм-арнасында өз қабылдауына Wildberries-дің негізін қалаушы және Ресейдің ең бай әйелі Татьяна Бакальчуктің күйеуі кіргенін әңгімеледі. Ол Шешенстан басшысына "отбасында да, сондай-ақ отбасылық бизнесте де салмақты проблемалар туындағанын" айтып, мұң шағыпты. Осыны дәлелдейтін тиісті видео да жарияланды. Онда Владислав Бакальчук шиеленістің жай-жапсарын, отбасылық құпияларын баяндап берді.
"Әйелім үйден кетіп қалды. Ол түсініксіз бір компаниямен байланысқан. Сол компания бірігу дегенді сылтау етіп, бизнесті тартып алып, активтерді шығарып әкетуде. Оның үстіне бұл компания Уайлдберризден жүз есе кіші. Соған қарамастан, бірлескен кәсіпорында шамамен тең үлеске қол жеткізді. Айыптының аты Леван Мирзоян. Компанияның аты – Russ Outdoor", – деді В.Бакальчук.
Шешенстан басшысы Владиславтан қанша баласы барын сұрады. Бизнесвумен отбасынан түпкілікті жерімес бұрыс оған жеті бала туып беріпті. Бірақ ол балаларды күйеуінен шетелге алып кеткен.
"Владислав Сергеевичтің әйелі Татьянаны рейдерлер жұбайынан да, жеті баласынан да ажыратып, оқшаулаған екен. Ерлі-зайыптыларға қалыптасқан жағдайды оңаша талқылау үшін өзара көрісуге, еркін отырып тілдесуге мүмкіндік қалдырмаған. Wildberries компаниясын құруға Владислав пен Татьяна 21 жылын тәрк етіп, зор тер төккен. Енді сол компанияның активтерін шілде айының басынан бері, заңгерлік махинациялар жолымен, апыл-ғұпыл бөтен қолға көшіріп алып жатыр. Бұл Russ Outdoor компаниясы арқылы жасалуда", – деді Р.Қадыров Телеграмдағы постында.
Ол ресейлік маркетплейсті қорғау үшін Шешенстанның РФ парламентіндегі өкілдерін де жұмылдыратынын жеткізді.
"Ашықтан ашық және арсыз рейдерлік басқыншылық жүріп жатқаны сөзсіз. Бұл рейдерлік процестің тетіктері ағайынды Леван мен Роберт Мирзояндардың, сондай-ақ бірнеше танымал кавказдықтардың қолында тұрғанын мен білеміз. Менің тапсырмам бойынша бұл мәселемен менің бауырым, Мемлекеттік дума депутаты Адам Делимханов айналысатын болады", – деді Рамзан Қадыров.
Wildberries маркетплейсі мен сыртқы жарнама операторы Russ-тің бірігетіні туралы алғаш рет биылғы 18 маусымда жарияланды.
Forbes жазуынша, бұл хабар "нарық қатысушыларын бірден тығырыққа тіреді: бұл мәміленің қалай құрылымданғанын және тараптардың сол арқылы нені көксегенін ешкім де түсіне алмады".
Ресейлік сарапшылардың тұспалдауынша, осы арқылы Ресейдің ең бай әйелі Татьяна Бакальчук РФ жарнама нарығының көшбасшысы атанғысы келуі мүмкін.
РБК дереккөздерінің хабарлауынша, Қадыров айтып отырған Роберт Мирзоян жаңа, біріккен компаниялар тобының бас атқарушы директорына айналады.
Бұл ретте Wildberries бен Russ-тың бірігуін Кремль құптаған: бірігуге Ресей үкіметінің келісімі алынған. РБК жазуынша, бұл жобаның жетекші-кураторы ретінде РФ президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Максим Орешкин тағайындалды.
Кремльдің өзі "ақ батасын" беріп тастағанда, мұндай жағдайда РФ құрамындағы Шешенстан республикасының басшысы қалай қимылдайтыны, не істей алатыны белгісіз.
Forbes дерегінше, жаңа алпауытты тудыруға жоғары жақтан рұқсат алу үшін алдымен, Роберт Мирзоян және Татьяна Бакальчук Кремльдің қожайыны Владимир Путинге хат жазған көрінеді. Олар онда бұл мәміле "Ресейде Amazon мен Alibaba сияқты жаһандық алпауыттардың мықты бәсекелесін құруға мүмкіндік беретінін" айтып, дәйектеген.
Бұған қоса, олар Путинге осы бірігу нәтижесінде "SWIFT жүйесін айналып өтіп, бүкіл әлем бойынша рубльмен есепайырысуға мүмкіндік беретін төлем жүйесі және аса ірі цифрлық банк желісі" құрылатынын мәлім еткен.
Бірақ Шешенстан атынан сайланған депутат Адам Делимханов Рамзан Қадыровтың тапсырмасын орындауға сақадай сай екенін мәлімдеді.
"Ешқандай күмән болмасын: қымбатты бауыр, Шешен республикасының басшысы, Ресей Қаһарманы Рамзан Ахматұлы Қадыровтың барлық тапсырмалары тез және жүз пайыз орындалады. Біз бәрін аяғына дейін жеткіземіз!", – деп уәде етті Мемдума депутаты Адам Делимханов Қадыровтың "Владиславтың әйелін және бизнесін отбасына қайта оралту керек" деген тапсырмасына жауабында.
Дау-жанжалға қатысты Татьяна Бакальчуктің өзі де үн қатып, күйеуінің айтқанының бәрін дерлік жоққа шығарды. Сонымен қатар ол біріккен компанияның жаңа құрылымының тұсаукесеріне оның күйеуінің өзі қатысқанын дәлелдейтін фотоны жариялады. Осы арқылы мәміленің оны хабардар етпей, сыртынан бекітілгені туралы сөздердің жалған екенін дәйектеді.
"Бұл – рейдерлік шапқыншылық емес. Бұл – ажырасу. Басынан бастап, барлығы Владиславпен келісілген. Біріккен компанияның жаңа құрылымын топ-менеджментке таныстырған презентацияға оның өзі де қатысты", – делінген Т.Бакальчуктің телеграм-арнасында.
Ары қарай бизнесвумен видеоролик жазып, жариялады. Онда ол өзінің жағдайы жақсы екеніне сендірді. Балалардың жағдайы да қалыпты екенін, олар каникулдарын шетелде өткізіп жатқанын атап өтті.
"Бизнеске келсек, Владиславтың үлесі – акциялардың 1% ғана! Бұл құжаттарда бекітілген. Ол компанияны басқаруға қатыспайды. Жиырма жылдай бұрын осы компанияны менің өзім құрдым. Бүгінде ол үздік платформалардың бірі. Таяуда біз трансформациялану туралы шешім қабылдадық. Тек сонда ғана өсім қарқынын сақтап қала аламыз, дамуға, жаңа тарихты түзуге мүмкіндік болады", – деді ол.
Татьяна өзін ешкімнен де құтқарудың қажеті жоқтығын нықтады. Ол ірге ажыратып, ат құйрығын үзіскен күйеуінің неге әркімге шағымданып, қоғамды жаңылыстырып, сонша шу көтеріп жатқанын түсіне алмағанын қосты.
Forbes өз дереккөзіне сілтеме жасап, ресейлік ең ауқатты әйелдің күйеуінен шынында да, кетіп қалғанын хабарлады. Оның тағы бір дереккөзінің айтуынша, Владислав Бакальчук шілде айының басында компания құрамынан өзі шығып кеткен.
Wildberries бен Russ компаниялары өз хабарламаларында рейдерлік басқыншылық емес, жайраған отбасы ішіндегі жанжал жүріп жатқанын білдірді.
"Wildberries бен Russ компаниялары тұрақты режимде жұмыстарын жалғастыруда. Өз клиенттерін тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етуде. Барлық міндеттемелері толық көлемде орындалып жатыр. Неке бұзу процесінің бүге-шігесі және эмоционалды қыр-сыры салмақты жандардың еш қызығушылығын тудырмасына сенімдіміз. Одан да сіздерді біздің селлерлерге, серіктестерге және клиенттерге арналған жаңа мүмкіндіктер туралы ақпараттандыруды жалғастырамыз", – деді компаниялар бірлескен мәлімдемеде.
Кремль аталған отбасы ішіндегі, сондай-ақ мемлекет ішіндегі (орталық пен өңір арасындағы) шиеленіске қатысты түсініктеме беріп жатпады.
РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистердің тиісті сауалына: "Қадыровтың жарияланымын көрмегенін" айтып, жалтарды.
Қалай болғанда, тақыр жерден Wildberries атты тұтас империя құрып, оны Қазақстан, Израиль, Түркия, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан және Әзербайжанда белгілі маркетплейске дейін биіктету қолынан келген Татьяны Бакальчуктің табысы – феномен саналады. Бұл империя ары қарай қуаттана ма, әлде күйрей ме, оған осы қақтығыс та ықпал етуі ғажап емес. Мысалы, одан білікті басқарушылар кетіп жатыр. Wildberries-дің тағы бір негізін қалаушы Сергей Ануфриев компаниядан биылғы көктемде кетіп қалыпты. Ресейлік ақпарат құралдары бір апта бұрын Уайлдберриздің атқарушы директоры Ольга Наумованың компаниядан кеткенін хабарлады.
Егер шиеленіс сынына сынбай, шыңдалып шықса, Татьяна Бакальчук жаңа серіктестерімен бірге және Кремльдің қолдауымен, Қазақстанды, Орталық Азия елдерін, Ресейді, бірқатар ТМД елдерін, Қытайды, Үндістанды, Азия, Африка, Таяу Шығыс елдерін қамтитын, Батыс санкцияларын айналып өтуге мүмкіндік беретін халықаралық платформа құрмақ. Ықтимал аудиториясы 5,8 миллиард адамды құрайтыны айтылған.
Жаңа біріккен компанияның басшысы, яғни бизнес империяның патшайымы Бакальчук ханымның өзі болады.
"Электронды коммерция мен жарнама нарықтарының лидерлерін топтастыру арқасында қаржы, медиа, сауда, өнеркәсіп секторларында, сондай-ақ интернет-технологиялар, логистика, ритейл және жарнама нарықтарында жаңа алпауыт ойыншы пайда болады", – деп мәлімдеді Wildberries.
Әлемнің әртүрлі елдерінде, әр түкпірінде кеңбайтақ қоймалары, офлайн-дүкендері және еңселі кеңселері болатын жаңа компания америкалық Amazon мен Alphabet-ке, қытайлық Alibaba-ға, жапонның SoftBank-іне және басқа алыптарға РФ атынан бәсекелес атануға ниеттеніп отыр. Бұл жоспардың жүзеге асатыны, не жарға жығылатыны Батыс санкцияларының өрбу сценарийлеріне де тәуелді болатынын жоққа шығаруға болмайды.