Азаматтар бұрынғыдай ауылды ғана емес, қалаларды да тастап көшіп, ірі мегаполистердің жанына ғана шоғырлануда. Ауылды сақтап қалу жөніндегі ұрандар жиі айтылғанымен, осы тұста урбанизация процесіне қолдан қарсылық жасай алмайтынымызды түсінген секілдіміз.
Былтыр 1,7 млн отандасымыз тұрғылықты жерін ауыстырған. Оның 80 мыңнан астам бір өңірден екінші аймаққа қарай көшкен. Елордадағы халық бір жыл ішінде 87 мың адамға артты. Сол сияқты Алматы қаласы (33,1 мың), Шымкент (15,1 мың), Алматы облысының (12,1 мың) да халқы көбейген.
Бірақ осы тұста Түркістан облысы (42,6 мың), Жамбыл (21,2 мың) және Жетісу облысының (13 мың) халқы азайған. Байқасақ, халық жұмыссыздық мәселесі күрделі өңірлерден кетіп, ақша айналымы белсенді мегаполистерге қарай жақындауда.
Былтырғы есепте Қазақстанда ауыл тұрғындарының саны тағы 130 мыңға жуық азайғаны көрсетілген. Онсыз да 2014-2024 кезеңде орта есеппен елде жыл сайын 55-60 ауыл жабылып отырған. Бұрын солтүстік немесе шығыс аймақтағы ауылдар қаңырап жатса, қазір оңтүстіктегі ауылдар да ақырындап босай бастапты. Демек, урбанизация қарқынын тежеу расымен де мүмкін болмайтын секілді.
Мәселен, былтыр ғана елде қала тұрғындарының үлесі жалпы халықтың 62-63 пайызын алып тұрған болса, биыл 64 пайызға (63,73) жуықтап үлгерді. Бұған дейін "Еңбек ресурстарын дамыту орталығына" қарасты Болжау және зерттеу департаментінің сарапшылары демографиялық болжам әзірлеп, "2050 жылы Қазақстан халқының 70 пайызы қалада тұрады" деп тұжырымдаған еді.
Әйтсе де қазіргі өсімге қарап, алдағы 10 жылдың ішінде-ақ халықтың 70 пайызы қалалық атанатынын байқап отырғандаймыз. Дегенмен бұның астарында да сандардың дұрыс жүйе арқылы есептелмеген жайттар бар екен.
Осыған дейін біз сөйлескен демограф Аяулым Сағынбаева ғалымдар мен мамандар елдегі урбанизацияның нақты көрсеткішін тап басып айтып, біле алмай отырғанын жеткізген еді. Себебі елде әкімшілік-территориялық өзгерістер көп болып жатыр.
– 2021 жылы Астана іргесіндегі Қосшы ауылына қала статусын берді. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы және Түркістан облысы болып екіге бөлінді. Шымкент қаласы бөлінген кезде құрамына жақын жатқан елді мекендер енді, Астана қаласына Қараөткел секілді ауылдар қосылды. Яғни, біз урбанизация деңгейін адамдардың қалаға көшуімен қатар, әкімшілік-территориялық өзгерістер арқылы да көтердік, – дейді маман.
Статистикаға қарасақ, әкімшілік-территориялық өзгерістер жасаған кезде халық бір жерден екінші жерге көшіп кету керек немесе көшіп келу керек екен. Сонда қалаға қосылған ауылдардың тұрғындары автоматты түрде "қалаға көшіп келді" дегендердің қатарына қосылып кеткен. Сондықтан сарапшылар елде "жалған урбанизация" болып жатқанын алға тартады.
– Шынайы урбанизацияның жағдайын білу үшін бізге статистиканы қараған кезде қосымша әсер етуші факторлар дерегі болғаны жөн. Дамыған елдер, соның ішінде Еуропа елдерін алып қарасақ, урбанизациямен қатар құндылықтардың өзгергенін байқаймыз. Оларда тіпті "бір баланың құны" деген есептеулер бар. Әзірге батыс жұрты мен отандастарымыздың түсінігінің арасын "бөлек ғаламшар" деп суреттеуге болады, – деген Аяулым Сағынбаева.
Қалай алғанда да, тақырыпқа қатысты пікір қайшылығы көп. Біреулер ауылдардың азаюын кер кетуге баласа, урбанизацияның қарқыны арқылы экономика да дамитынын айтушылар бар.
Мысалы ретінде айтсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, қалалану деңгейі АҚШ-та – 82,5, Германияда – 77,4, Жапонияда – 91,7, Ұлыбританияда – 83,7, Францияда – 80,7, Италияда 70,7 пайыз болғанын көре аламыз.
Халқының тым көп болғанына, ауылдарға қоныстануы жақсы болғанына қарамастан Қытайдың өзінде урбанизация қарқыны бізден сәл басым. Яғни, қалалар көбейіп, инфрақұрылым дамыған сайын елдің әл-ауқаты да өзгере бастауы мүмкін.
Бірақ халықтың ерекшелігі мен ұлттық болмысын да шетке ысыруға болмайтын іспетті. Қанша жерден қалалық атанғанымен, ата-ана атану, бала сүю секілді құндылықтар біразға дейін сақтала беруі мүмкін.
Олқылықтың барын тағы жасыра алмаймыз, урбанизация Қазақстанда тек сандармен өлшенуде. Деректерді, көзқарастарды нақтылай түсу үшін әлі де терең зерттеулер қажет болады.