Қазақстандықтар болашақта ең сүйікті тағамын жей алмай қалуы мүмкін

1016

Елде сиыр етінің 1 келісі 10 мың теңгеден асуы мүмкін.

Қазақстандықтар болашақта ең сүйікті тағамын жей алмай қалуы мүмкін Фото: ЖИ көмегімен

Сондықтан кейбір сарапшылар бұдан әрі Қазақстаннан сиыр етін, ең құрыса тірі бұқа мен сиырды сыртқа экспорттауға мәңгілікке тыйым салып тастауды ұсынды.

Өйткені ел Үкіметі сиыр етінің күрт қарқынды қымбаттауын тоқтату үшін осының алдында, 2025 жылғы 15 мамырда бұқалардың Қазақстаннан шетелге экспортына 3 айға тыйым енгізді.

Бірақ бұл шара күтілгендей тиімділік әкелмеді. Бөлшек саудада 1 келі кесек етінің бағасы 5, тіпті 7 мың теңгеге дейін барады. Сондықтан мемлекет 7 тамызда тыйымды 2025 жылғы 30 қазанға дейін ұзартуға мәжбүр болды.

Алайда ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Төлеутай Рахымбековтың байламынша, елден тірі малды экспорттауға тыйым – мерзімсіз болуға тиіс. Тек сонда ғана еттің бағасы бұқара үшін қолжетімді деңгейде қалады. Әйтпесе, ары қарай қымбаттай береді.

"Мен сонау 2018 жылы ескерткенмін. Егер малды тірідей Өзбекстанға сатуды тоқтатпасақ, онда бірнеше жылдан кейін қазақтар басты ұлттық тағамына қазақстандық етті емес, өзбекстандық етті асатын болады. Оның үстіне сиыр етінің бағасы қазіргідей 2-2,5 мың теңге емес, 4-5 мың, тіпті 10 мың теңгеге дейін кетеді, дегенмін. Айтқаным айна-қатесіз келді. Бүгінде ел ішінде сиыр етінің құны келісі үшін 5-5,5 мыңнан асты. Есіңізде болсын, қазір жаз! Аптап ыстықта етті сақтау қиын болғандықтан оны тез өткізуге тырысады. Ал, күз маусымында еттің бағасы одан сайын шарықтауы мүмкін", – деп жаңа жорамал жасады Рахымбеков.

Сарапшының пікірінше, сиыр еті бағасының көтерілуіне көрші Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуы ғана емес, сондай-ақ елімізде жемазықтың қымбаттығы да ықпал етіп отыр. Оның дерегінше, 1 тонна шөптің өзіндік құны 10-12 мың теңге болғанына қарамастан, нарықта сату құны биыл 48-50 мың теңгеге жеткен.

Күзде тағы қымбаттауы ықтимал. Орташа отбасы ұстайтын төрт түлік мал қыстап шығуы үшін орта есеппен шөптің 4-6 тоннасын алуы қажет. Бірден 300 мың теңгеге дейін ақша шығындауды ауыл тұрғынының қалтасы көтере бермейді.

Шөптен бөлек, бидай, сұлы, арпа, кебек және басқа азықжем түрлерін алуы керек. Ветеринария, вакцина, препараттар шығындары – бір төбе.

Бұл қымбатшылық ауылдықтарды алдындағы малын, әсіресе, қойға қарағанда көп азықжем жейтін сиырларын жаппай союға мәжбүр етті. Болашақта бұл сиыр еті бағасының жаңа серпініне себепші болады.

Алайда жеке шаруа қожалықтары мен фермерлер еттің келісін 5 мың теңгеден сатпайтынына, "мясниктер" деп аталатын делдалдар өздерінен етті арзан алып, қымбатқа саудалайтынына назар аудартты.

Сонымен бірге елде жанар-жағармай бағасы көтерілуде. Теңгенің құнсыздануына байланысты қажетті техника мен запастық бөлшектері қымбаттады. Үкімет коммуналдық қызметтер ақысын жоғарылатуда. Мұндай жағдайда, олардың түсіндіруінше, ет арзан тұра алмайды.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі елде ет тапшылығының жоқтығына сендірді. Оның мәліметінше, мал шаруашылығында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында барлық мал түрлерінің басы өскен: ірі қара мал – 8,3%-ға (8,8 млн бас), қой мен ешкі – 0,8%-ға (21,5 млн бас), жылқы – 4,7%-ға (4,6 млн бас), құс – 2,7%-ға (47,7 млн бас) көбейіпті.

"Бұл өнім өндірудің артуына ықпал етті: етке сойылған барлық малдың тірідей салмақтағы көлемі 529,9 мың тоннаға жетіп, 1,5% артты. Құс еті – 187,7 мың тонна (+4,9%), сүт – 1,8 млн тонна (+7%), тауық жұмыртқасы – 2,2 млрд дана (+0,9%) болды. Сүт, ет өңдеу көлемі артты. Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен 80-100% және одан жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – бұлардың бәрі ел тұрғындарының қажеттілігін толық өтеуде", – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Осы аптада Үкіметте, Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру және инфляцияны тежеу жөніндегі кеңесте сиыр еті нарығындағы жағдай бөлек қаралды. Егер АШМ шенеуніктері мәлімдегендей, бәрі жақсы болса, Министрлер кабинеті оған жеке назар аудармас еді.

Сонымен, жиында жарияланғандай, Қазақстанда сиыр еті инфляцияны "өрге" сүйреп бара жатқан "локомотивке" айналып шыға келіпті. Ресми статистика бойынша осы бір ғана аптада оның бағасы 0,8%-ға өсіп шыға келген.

Ал, жыл басынан бергі жиынтық қымбатшылық алапат 20,2%-ды құрады. Бұл әлемдік ет бағасының өсу қарқынына барабар.

Бірақ қаласа, сиыр етін кез келген бағамен алуды қалтасы көтеретін лауазымды шенеуніктер Үкіметтегі кеңесте бәрі жақсы екенін қайталаумен болды.

"Қазақстандық сиыр еті бәсекеге қабілетті. Елдегі орташа баға 1 келісі үшін 3 105 теңгені құрайды. Бұл Еуразиялық одақ елдері мен Өзбекстанға қарағанда төмен. Бұл ретте көрші елдер тарапынан сұраныс тұрақты жоғары екенін атап өту керек", – деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, республикада өндіріліп жатқан өнім көлемі ішкі нарықты сиыр және қой етімен толық қамтуға, тіпті экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысында сиыр етінің экспорты 1,4 есеге артып, 22 мың тоннадан асқан екен. Сапаров ет экспортын енді "жылына 50 мың тоннаға дейін" жеткізуді жоспарлап отыр.

Экспортты екі еседен астамға арттыру үшін қажетті сиыр елде бар ма? Сарапшылар елде бүгінде 8,8 миллион бас ірі қара мал бар дегенге сенбейді. Ұлы дала төсі төрт түлік малға толған 1990-шы жылы Қазақстанда 9,7 миллион ғана ірі қара мал болған екен. Тоқсаныншы жылдары сала қатты тоқырап кетті.

Бүгінде де ауыл халқы мал ұстау тым қымбат болып кеткендіктен, әрі жайылым атаулы жекеге бекітіліп, жетпей қалғандықтан, қолындағы сиырларын жаппай союда.

Сондықтан Қазақстанда қазіргі кезде нақты қанша сиыр қалғанын биыл басталған ауыл шаруашылығы санағының қорытындысы паш етуге тиіс. Бірақ оның түпкі нәтижелері келесі жылы және одан кейінгі уақытта ғана белгілі болады.

АШМ басшысы Сапаров 2022 жылдан бастап мал есебін жүргізу үдерістері цифрлық форматқа көшіріліп жатқанын жеткізді. Ауыл шаруашылығының барлық ақпараттық жүйелерін біріктіретін "Е-АӨК" платформасы әзірленуде екен.

Министрлік ауыл шаруашылығы жануарларының бүкіл өмірлік циклін автоматтандыруды 7 қосымша сервис арқылы жүйелі түрде жүзеге асыруда. Әрбір жануарға жеке нөмір беріледі, барлық деректер мен ветеринариялық рәсімдер тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервистерді пайдалану арқылы уақытты үнемдеп, қателік қаупін азайтады.

Айтпақшы, министр ауыл шаруашылығы өндірушілерін және олардың өнімдерін алатын клиенттерін бір жағдайда қылмыстық қудалауға ниетті.

"Алайда аталған шаралар тек мал иелері тарапынан жануарларды толық және адал есепке алу жағдайында ғана іске асады! Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуді бақылауды күшейтеміз. Сондай-ақ, ет жеткізушілерге және оны ветеринариялық құжаттарсыз сатып алушыларға қатысты жазаны қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет!" – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу