Үкіметтің кешегі отырысында Премьер Олжас Бектенов "экономикалық патриотизм" идеологиясын жариялады және Үкіметтің осы позицияда табанды тұратынына уәде етті.
Оның айтуынша, бұл ұстаным бірінші кезекте отандық өндірушілерді қолдауға және қорғауға бағытталады.
Осылайша, өзіндік бір "Qazaqstan First" саясаты қолға алынуда. Бектенов бұл қағида әрбір әкім мен әрбір министр үшін ұсынымдық емес, қатаң түрде міндетті сипатта болатынын нықтады.
Бектеновтің бұл ұран-уәдесінің үдесінен қаншалықты шыға алатыны белгісіз. Бірақ оның Үкіметі арзан ресейлік бидайды Қазақстан нарығына жүк көлігімен, теміржол вагондарымен, әуе және теңіз тасымалымен – кез келген жолмен әкелуге толығымен тыйым салмақ. Бұл жерде Қазақстан Еуразиялық одақтың мүшесі екенін еске сала кеткен жөн. Сондықтан ресейлік астық экспорттаушылар өз билігіне шағымданып, қажет болса, қазақстандық билікті ЕАЭО сотына сүйреуге дайындығын білдіруде.
Ендеше ел Үкіметі табанының бүрі барын танытып, ел мүддесін қорғауда берік тұра ма, әлде тосыннан тайғанақтай жөнеліп, райынан қайта қоя ма, оны уақыт көрсетеді. Бұған дейін ұн тартушы кәсіпорындарға және құс фабрикаларына өңдеу және өзі тұтыну үшін ресейлік арзан бидайды тасуға рұқсат етіп келген. Алайда, олардың солтүстік көршінің астығын ары қарай Орталық Азияға жасырын реэкспорттағаны, ішкі нарыққа да қарқынды өткізіп жатқаны әшкере болып қалды. Демек, Үкіметтің мұнысы мәжбүрлі шара болса керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қазақстан Республикасының аумағына бидай әкелудің кейбір мәселелері туралы" бұйрықтың жобасын әзірледі. Оған сәйкес, Қазақстан аумағы арқылы өтетін бидайдың транзитін қоспағанда, "Қазақстанның аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен көліктің барлық түрлерімен бидай әкелуге" (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды: 1001) тыйым салынады.
Бұл тыйым 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге енгізіледі. Құжат 15 тамыздан кейін қабылданады деп күтілуде.
Өз түсініктемесінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұған дейін, министрдің 11 сәуірдегі №125 бұйрығымен және 2024 жылғы 11 сәуірден бастап Қазақстан аумағына автомобиль, су және темір жол көлігімен бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым салынғанын еске салды. Бірақ құс өсіруші шаруашылықтарға және ұн тарту кәсіпорындарына теміржол көлігімен бидай жеткізуге ол тыйым таралмады. Салдарынан, бұлар астықты өздеріне қажет көлемнен артық ауқымда тасыған.
"Статистика деректері бойынша 2024 жылғы тек 5 айда ғана Ресейден 1,1 миллион тонна бидай импорталған. Шектеуге қарамастан, 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10%-ға артты. Ресейлік бидайды сатып алуға жұмсалатын қаржы да күрт өсті. Былтырғы 5 айда 1 миллион тоннасын сатып алуға 169,6 миллион доллар аударылса, биыл 1,1 миллион тоннаны 190,5 миллион долларға сатып алды. Шетелден әкелінген астықтың бүкіл импорты, яғни, 1,1 миллион тоннасы тек қана РФ-тан жүзеге асырылады", – деді вице-министр.
Ресейлік экспорттаушылардың ұлардай шулауының себебі де осында. Егер Үкімет осы тыйымды енгізбесе, онда өзі астық өсіретін ел болып табылатын Қазақстан демпинг бағамен өткізілетін бөтеннің астығының астында қалып, отандық егіншілерді тақырға отырғызады, онсыз да қатары азайған аграршыларды, фермерлерді банкрот қылып тынады.
Мысалы, Смайылов Үкіметінің ресейлік өндірушілердің экспортына еркіндік беріп қоюы кесірінен, 2023 жылы РФ-тан бидай импорты 2,6 миллион тоннаға жетіпті. Оны сатып алу үшін Қазақстан 355 миллион доллар төледі. Сөйтіп, көршіден арбаланған астықтың көлемі 2022 жылғы деңгейден бірден 44%-ға артып шыға келді. 2022 жылы Қазақстан Ресейден 355,2 миллион сомасына 1,8 миллион тонна бидай тасыған еді.
Вице-министр шектеу күтілген нәтиже әпермегенін алға тартты.
"Шектеу шараларына қарамастан, ағымдағы жылдың бірінші жартысында Ресейден бидай импорты 1 миллион тоннадан асып барады. Импорттық астықтың қысымы ішкі нарықта да, экспорттық бағыттарда да бидай бағасының құлдырауына соқтырды. Сырттан бидай тасымалдауға толық тыйым салу ішкі нарықта бұл өнімнің қымбаттауына әкелмеуге тиіс. Өйткені статистика деректері бойынша биылғы жылдың шілдесінде республика бойынша шамамен 6,1 миллион тонна астық қоры бар. Мұнда бидай – 5,1 миллион тоннаны, оның ішінде азық-түлік мақсатындағы бидай – 4 миллион тоннаны құрайды", – деді Азат Сұлтанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігі эксперттік бағалауларға жүгініп, биылғы жылы Қазақстанда дәнді дақылдар бітік шығып, астық мол болады деп болжанып отырғанына назар аудартты. Егер ішкі нарықты Ресей аузы-мұрнынан шығара толтырып қойса, отандық астатөк астықты Үкімет қайда жібереді?
Сарапшылар 2024 жылы Қазақстанда 17 миллион тоннадан астам бидай жиналады деп жорамалдап отыр. 2023 жылы республика рекорд дегеннің өзінде 9 миллион тонна бидайын шетелге экспорттай алды. Жаһандық көптеген нарық Қазақстан үшін жабық не қолжетімсіз. Қазақстандықтардың өзі 6 миллион тоннадай бидай мен ұн тұтынады. Ендеше бірнеше миллион тоннасы артық қалуы мүмкін. Бұған РФ өндірушілерінің қыспағы қосылып, өтімсіз астықтың ауқымын арттырады.
"Өткен жылғы егіннен қалған үлкен ауыспалы қорларды, сондай-ақ биыл жақсы астық алынғалы тұрғанын ескерсек, басыартық ұсыныс ішкі бидай нарығында қысым тудырады. Сондықтан элеваторларды босатып, жаңа егінді қабылдауға дайындау, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында Сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында Қазақстан аумағына бидай әкелуді шектеу емес, оған толық тыйым салу туралы шешім қабылданды", – деді АШМ өкілі.
Ол импорттық астықтың кесірінен отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері, диқандар астықты өзіндік құнына жақын бағамен сатуға мәжбүр екеніне екпін түсірді. Бұл жағдай "олардың кредиторлары алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындамауына, қаржылық жағдайының нашарлауына және 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын лайықты өткізуге қаражат таппауына әкеледі".
Тиісінше, осының бәрін таразыға тең тартып, бағамдай келе, Үкімет одақтастың "ойбайына" құлақ асудан гөрі отандық аграршыларды алапат дағдарыстан құтқарып қалуды дұрыс санады.
Егер бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қол қойса және ресми жарияласа, онда тыйым ертесіне күшіне енуге тиіс.
"Аулие-Ата Феникс" құс фабрикасының басшысы Аида Жүнісова импорттық арзан астық өздеріне біраз жеңілдік, қолдау болып келгенін айтады.
"Біздің Жамбыл облысындағы ірі құс фабрикамыз бидайды Еуразиялық одақ елдерінен бізге қолжетімді бағамен алып келген еді. 2024 жылғы 11 сәуірден бері Ауыл шаруашылығы министрлігі сырттан астық тасуға 6 айға шектеу енгізді. Ол шектеуден құс өсірушілер мен ұн тартушылар босатылды. Бірақ бізге жүк көлігімен тасуға тыйым салынып, тек теміржолмен әкелуге рұқсат етілген. Енді АШМ-нің жаңа бұйрығы жобасына сәйкес, барлық көліктерге қатысты толық тыйым бізге де тарағалы тұр. Мұндай жағдайда біздің жағдайымыз не болады, білмейміз", – дейді сарапшы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл тыйым "реэкспортқа жол бермеу және отандық агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін" қажет дейді.
Осыған рухтанған қостанайлық аграршылар Үкіметке Ресейден ұн импорттауға да тыйым салу туралы ұсыныспен шықты.
Олардың пікірінше, АШМ бұйрығымен жыл соңына дейін енгізілгелі тұрған толық тыйымды бидаймен шектемей, оны тарту өнімдеріне де тарату керек. Бұл туралы Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қауымдастығы мәлімдеді.
"Егіншілерді толғандырған мәселелерді шешуге жұмыс жасап жатырмыз. Оларда бүгінде астық оруға дайындық және орақ науқанын лайықты өткізу мәселелері, сондай-ақ алынған астықты қандай бағаға сата алататыны алаңдатады. Таяуда, Дала күні іс-шарасында агроқұрылымдар тап болған проблемалар қызу талқыланды. Біздің ұстанымымызша, биыл астық мол болатын түрі бар. Сондықтан Ресейден бидайдың ғана емес, ұнның да әкелінуіне қатаң тосқауыл қою қажет. Бұл үшін министрліктің бұйрығы жобасында "бидайдың және оны өңдеу өнімдерінің барлық түрлерін импорттауға толық тыйым салынсын" деп толықтырылып жазылуға тиіс. Бұл мәселені біз Үкіметтің алдына қайта-қайта қойып жатырмыз", – деді қауымдастық төрағасы Александр Бородин.
Оның түсіндіруінше, тек сонда ғана ішкі нарыққа сырттан жасалып жатқан қысым жойылады. Қазақстан түгіл, алпауыт Америка мен ұжымдық Еуропаның сұрапыл санкцияларын анадайдан орағытып өтуге шеберленіп алған ресейліктер биылғы сәуірдегі шектеуден кейін өз бидайын қазақстандық нарыққа жүк көліктерімен де әкелудің айналма жолдарын тапты.
Мысалы, Александр Бородиннің айтуынша, Қазақстанның астықты бидай күйінде өткізуді шектегенін білетін ресейлік өндірушілер бидай дәнін жарып, бөлшектеп әкеледі. Оны "дробленка" атайды. Бұл енді бидай саналмайды, басқа өнім номенклатурасына жатады. Осы "жарма" елімізде тағы тартылып, ұнтақ ұнға айналдырылады.
Салдарынан, сәуірден бері шектеу енгізілгенімен, жергілікті бидайға сұраныс бәрібір төмен болып тұр.