Қазақстандықтар ислам қаржысына қызықпайды

3697

Қаржы ұйымдары сукук облигацияларын сату арқылы қаржылық портфелдерін кеңейте алады.

Қазақстандықтар ислам қаржысына қызықпайды

Қазақстанда ислам қаржысы және оны қолдану туралы ақпарат аз. Қарапайым адамдар ислам қаржысына қызықпайды, себебі оның не екенін білмейді. "Астана" халықаралық қаржы орталығында өткен халықаралық жиында малайзиялық Amanie advisors компаниясының директоры Датук Мохд Дауд Бакар осылай деді.

Шетел азаматының сөзінше, бұған дейін малайзиялық компания Қазақстан азаматтарының арасында сауалнама ұйымдастырып, ислам қаржысына қатысты сұрақ қойған. Сауалнамаға қатысқан 1 мың адамның 780- і ислам қаржысы жайлы ештеңе білмейтінін және ештеңе естімегенін айтқан

"Қазақстан нарығында ислам қаржысы айналмай жатыр деуге болмайды. Алайда капиталдың көлемі көп емес екенін жасырмауымыз керек. Қазақстанда ислам қаржысын үлестіріп отырған қаржы ұйымдарына сукук облигацияларын сату арқылы қаржылық портфелдерін кеңейту қажет. Кейін осы арқылы ипотека рәсімдеуге болады", – деді Amanie advisors компаниясының директоры Датук Мохд Дауд Бакар.

Оның айтуынша, Қазақстан ислам қаржысын орналастыру үшін өте қолайлы мемлекет. Алайда оның аумағындағы нарықта ислам қаржысының қазіргі айналымы көңіл көншітпейді.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ислам қаржысының Қазақстандағы айналымына ықпал етеді деп үміттенеміз", – деді Датук Мохд Дауд Бакар.

Ұмытпасаңыздар, ақпан айының ортасында АХҚО қор биржасына ислам облигациялары орналастырылатыны жарияланды. Бұл туралы сол кездегі қаржы министрі Әлихан Смайылов: "Қазақстан алдағы 2 жылда АХҚО-ның қор биржасына ислам бағалы қағаздарын, яғни сукук орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл іс биыл немесе келесі жылы атқарылады" – деді.

Естеріңізге салайық, былтыр 30 қазанда Алматыда Қазақстан-Малайзия іскерлік өкілдерінің ресми форумы өтті. Жиынға Малайзияның түрлі саладағы 40 компаниясы қатысты. Шара шеңберінде АХҚО Малайзияның

Amanie Advisors және The Chambersof Shamsul Qamar компанияларымен ислам банкингі мен қаржысына қатысты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар Қазақстандағы ислам қаржысының экожүйесін қалыптастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, алдын ала жасалған болжам бойынша, 2025 жылы ислам банктерінің Қазақстандағы активі еліміздегі банк активтерінің 3-5%-на жетеді.

Біле жүріңіз, Малайзия ислам қаржысының халықаралық орталығы саналады. Бүгінгі таңда бұл елде 16 банк шариғат шартымен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта малайзиялық компаниялар мен инвесторлар Қазақстандағы серіктестерімен бірлесіп, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, машина құрылысы салаларында 1 млрд доллардың жобасын жүзеге асырып жатыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу