Қазақстандық банктер QR кодтарының бірыңғай жүйесіне көшеді. Бұл туралы eCommerce Day халықаралық электрондық коммерция форумында Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Вице-министрдің сөзінше, министрлік 2021 жылы QR-кодтарды стандарттау бойынша жұмыс жүргізген. Нәтижесінде, қазақстандықтар қай банктікі екеніне қарамастан бірыңғай терминал арқылы төлем жасай алады.
"Халық банкі, Kaspi, Jusan – қандай банктің клиенті екенің маңызды емес. QR бар кез келген банк бірін-бірі оқуы керек. 10 POS-терминалдың ұстаудың қажеті жоқ. Бизнеске әр терминал үшін төлем жасаудың керегі жоқ. Нарықтағы барлық қатысушыларымен жұмыс істей алатын бір терминал болсын. Біз соған ұмтылуымыз керек. Биылғы жылы барлық банктер өз жүйелерін пысықтап, әрбір азаматтың төлемдерін қабылдауға, кез келген QR терминалы арқылы төлеуге мүмкіндігі болады деп сенемін", – деді Әсел Жанасова.
Айта кетейік, қазіргі кезде клиенттер QR арқылы төлем жасау кезінде өзі қызметін пайдаланатын нақты бір банктің терминалы мен мобильді қосымшасын ғана пайдалана алады.
Жаңа өзгеріске сай, кәсіпкерлер әмбебап бір ғана терминал арқылы кез-келген банк клиентінен QR төлем қабылдай алады.
Құралай Құдайберген