Қазақстандықтар көлік сатып алуға 1 млрд доллар жұмсады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
31153

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы арқылы 2 441 автокөлік сатылды. 

Қазақстандықтар көлік сатып алуға 1 млрд доллар жұмсады

Соңғы 8 айда 197,9 млрд теңгеге 28 611 автокөлік құрастырылды. Өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,9% -ға артты.

Жеңіл көлік өндірісі 40,5%-ға ұлғайып, 25 586 бірлікке жетті. Отандық автоөндірушілердің конвейерінен 780 автобус, 1 658 жүк көлігі және 540 тіркеме шықты.

Есептік кезеңде ел азаматтары ресми дилерлерге 396,5 млрд теңге санап беріп, 43 289 жеңіл автокөлік сатып алды. Сатып алу көрсеткіші бір жыл бұрынғыдан 19,5%-ға артық болды.

Нарықтың 56,7%-ы отандық, 43,3% -ы шетелдік автокөліктердің еншісіне тиді. Сәйкесінше қазақстандықтар 24 565 отандық, 18 724 шетелдік автокөлік сатып алды.

Сұранысқа ие көліктердің көшін Lada бастады. Ел аумағында дәл осы марканың 10 135 өнімі өтті. Toyota  9 320 көлік құралымен екінші орынға орналасса, Hyundai 8 663 автокөлік сатып, үштікке енді. KIA 2 170 автокөлікті иесіне табыстап, төртінші орынға табан тіреді. 1 551 көлік құралын өткізген Renault бесінші болды.

Бұдан кейінгі орындарды GAZ, Nissan, UAZ, Volkswagen, Ravon маркалары өзара бөлісті.

Соңғы 8 айда "БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО" холдингі нарықтың 32,5%-ын автокөлікпен қамтамасыз етті. Astana Motors компаниясы автонарықтың 24,4%-ын иеленді. Қалған орындарға "Вираж", "Toyota City Алматы", "Тойота Центр Жетісу", "Автомир", Mercur Auto, Allur Auto, Aster Auto, "Тойота Центр Шымкент" сынды авторетейлдер орналасты.

"ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақтан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы стратегиялық жоспарлау бөлімінің директоры Артур Мискарянның мәлімдеуінше, есептік кезеңде алматылықтар 11 429, елордалықтар 8 454, шымкенттіктер 3 174, атыраулықтар 2 894, қарағандылықтар 2 617, қостанайлықтар 2 562, оралдықтар 1 879, өскемендіктер 1 839, ақтаулықтар 1 660, павлодарлықтар 1 524 автөкөлік сатып алған.

"Ел азаматтары қаңтар-тамыз аралығында  көлік сатып алуға 1 млрд доллардан астам ақша жұмсады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш", – деді стратегиялық жоспарлау бөлімінің директоры.

Оның айтуынша, есептік кезеңде жеңілдетілген несие бағдарламасымен 2 441 автокөлік сатылған.

"Алдағы уақытта Қазақстанда құрастырылған автокөлікке деген сұраныс артады деп ойлаймыз Себебі автоәуесқойлардың барлығы автокөлік алу үшін жеңілдетілген несие рәсімдеп жатыр", – деп түйді ойын "ҚазАвтоӨнеркәсіп" өкілі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу