Қазақстандықтар мемлекет есебінен өз үйін жөндетіп, лифтін ауыстыра алады

5714

Бірақ бұл қаражат 20 өңірдің тек 7-еуіне ғана беріліп отыр.

Қазақстандықтар мемлекет есебінен өз үйін жөндетіп, лифтін ауыстыра алады Фото: canva.com

Ел Үкіметі "кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу" үшін облыстық бюджеттерге берілетін қаражат сомасын анықтады. Бұл туралы Қаржы министрлігінен білдік.

Аталған қаражат облыстарға қайтарымды негізде, арзан бюджеттік кредит түрінде бөлініп отыр.

Сонымен, көп қабатты тұрғын үйлерді бюджеттік қаржы есебінен жөндеу үшін 2024 жылы 13 миллиард 824,5 миллион теңге жұмсалады.

Бюджеттік ақша келесі өңірлердің еншісіне тиді:

  • Жамбыл облысының тұрғындарына – 5 млрд 968 млн теңге;
  • Қызылорда облысының тұрғындарына – 2 млрд 111,3 млн теңге;
  • Түркістан облысының тұрғындарына – 1 млрд 673,5 млн теңге;
  • Атырау облысының тұрғындарына – 1 млрд 337,6 млн теңге;
  • Ақтөбе облысының тұрғындарына – 1 млрд 70,7 млн теңге;
  • Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына – 879,2 млн теңге;
  • Павлодар облысының тұрғындарына – 784,1 миллион теңге таратылады.

Бір қарағанда, 7 облысқа 14 миллиард теңгедей қаражат аз көрінеді. Себебі, қазіргі кезде құрылыс жұмыстары да, құрылыс материалдары да қымбаттауда. Салдарынан, үйге жөндеу жүргізу шығыны баспана салу құнына таяп қалды.

Дегенмен, 2023 жылы осы бағдарламаға республикалық бюджеттен небәрі 2 млрд 435,6 млн теңге ғана бөлінгенін ескерсек, шығыстардың 5,6 еседен астамға артуын жақсыға жоруға болады.

Бұл қаражаттар тек қалалықтарға, соның ішінде меншік иелері бірлестіктері (ОСИ), жай серіктестіктер арқылы көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге беріледі.

Бюджеттік қаржыны тарату алгоритмі келесідей болады деп күтілуде. Біріншіден, Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері аталған облыстардың әкімдіктерімен үшжақты кредиттік шарттар жасасады. Жергілікті шенеуніктердің аталған кредиттік шарттардың негізгі және қосымша талаптарын орындауына да, ел қаржысының жолай талан-тараж болмай, тұрғын үй қорын қалпына келтіруге нысаналы, тиімді пайдаланылуына, әрі кейін өтелуіне осы қос ведомство жауапты болады.

Екіншіден, облыстардың мәслихаттары бюджеттерге тиісті түсімдерді қабылдап алатын шешім шығарады. Бұл шешімдерді жергілікті атқарушы органдар Қаржы министрлігіне ұсынады.

Үшіншіден, Қаржы министрлігінің Қазынашылығы тиісті ақшаны өңірлерге аударады.

Төртіншіден, әкімдіктер тұрғын үй иелерінің жиналыстарында қабылданған шешімдер негізінде қандай үйлер бюджет есебінен жөнделетінін анықтайды. Бесіншіден, түпкі қарыз алушымен – пәтер және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерімен кредиттік шарттар жасасады.

Әкімдіктер кредиттердің игерілуі және не істеліп жатқаны туралы әр ай сайын Қаржы, Құрылыс министрліктеріне есеп беріп тұрады.

Бұрын бұл бағдарламаға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап беретін. Оның орнына құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшысы Қанат Шарлапаев былтырғы 2023 жылғы 10 қарашадағы бұйрығымен көп пәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу тәртібін өзгертті.

Ведомствоның түсіндіруінше, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу тәртібі тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізілуіне байланысты қайта қаралып отыр.

Атап айтқанда, тұрғын үйді басқарудың жаңа формасының пайда болуына орай "жай серіктестік" (простое товарищество), "көппәтерлі тұрғын үй мүлкі иелерінің бірлестігі" терминдері қарастырылды. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу ұғымы нақтыланды.

Бұрынғы қағидалар бойынша тұрғын үйді күрделі жөндеу үшін сондағы баспана мен мүлік иелерінің үштен бірінің, мысалға, 100 пәтер мен коммерциялық үй-жай болса, соның кем дегенде 67-сінің қожайынының келісімі талап етілетін. Бұл шешім қабылдау рәсімін қиындатып, мерзімін ұзартып жіберді.

Енді талап жеңілдетіліп отыр. МИБ/ПИК жиналысына қатысқандардың жартысынан көбі келіссе, сол жеткілікті.

"Кондоминиум объектісінің (КО) ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу, оны жаңғырту, реконструкциялау, реставрациялау туралы шешім пәтерлер және тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысатын жиналыста қабылданады. Шешім жиналысқа қатысушы иелердің жалпы санының көпшілігі келіскен жағдайда қабылданды деп есептеледі. Жиналыс қабылдаған, хаттамамен ресімделген шешімдер сотта даулы және өзге мәселелерді қарау кезінде құжат болып табылады", – делінген жаңа қағидаларда.

Бұл жерде мемлекеттік арзан кредит есебінен ортақ мүлікке немесе оның жекелеген бөліктеріне, мысалы, аулаға күрделі жөндеу, жаңғырту жүргізу үшін тұрғын үйдегі пәтер және коммерциялық меншік иелері бірнеше шешімді құптауы шарт. Жиналыста:

  • КО ортақ мүлкіне немесе оның жекелеген бөліктеріне күрделі жөндеу жүргізуге арналған шығыстар сметасын бекіту туралы;     
  • жинақ шотында жинақталған ақшаны жұмсауға шешім қабылдау туралы;
  • КО ортақ мүлкін жөндеуге жобалау-сметалық құжаттаманы келісу туралы;
  • кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мерзімі туралы шешімдер қабылдайды.

Осыдан кейін жоғарыда аталған 7 облыстың әкімдіктері жиналыстар шешіміне сүйене отырып, өз операторы арқылы қаладағы көп пәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуді және лифтілерді жөндеуді немесе ауыстыруды ұйымдастырады және қаржыландырады.

Сондай-ақ қаланың бірыңғай сәулеттік келбетіне сәйкестендіру үшін  көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндейді.

КО ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге ақша жинақтау үшін әрбір пәтердің, әрбір тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі өзіне тиесілі мүліктің пайдалы алаңының 1 шаршы метріне есептегенде кемінде 0,005 АЕК мөлшеріндегі ақшаны ай сайын төлейді.

Ортақ шешім қабылданса, мемлекет берген кредитті келіскен-келіспегеніне қарамастан, тұрғын үйдегі барлық меншік иелері төлейді. Егер әлдекім қарсылығын айтып, төлеуден бас тартса, МИБ не жай серіктестіктің сенімді тұлғасы одан берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу үшін нотариусқа немесе сотқа жүгінеді.

Елордалық МИБ басшысы Талапбек Оспанқұл тұрғын үйді және лифтілерді бюджеттік кредитке жөндеудің арзанға түсетінін айтады.

"Біріншіден, мемлекеттік кредит қарыз алушыға, облыс әкімдіктеріне 0,1% ставкасымен беріледі. Мысалы, бір ғана лифтті ауыстыру үшін мен подъездегі әрбір пәтерден, коммерциялық меншік иесінен шамамен 15 мың теңгедей жинап алуым керек. Бірден бере қоятындай халықтың сонша ақшасы жоқ. Салдарынан, біраз тұрғын үй кешенінде екі лифттің бірі істемей тұрады. Егер соны бюджеттік кредитке жасаса, әр меншік иесі ай сайын бірер жүз теңгеден ғана төлеуі мүмкін. Егер қомақты қаражат бөлініп, тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілсе, онда пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері ол қаржыны 7 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта асықпай қайтару туралы шешім қабылдайды. Осы жылдары ол қаржыны инфляция "жеп" қояды, біраз құнсыздандырады, сондықтан да бөліп төлеу тиімді", – деді Талапбек.

Бұрын жөндеу, реставрациялау және құрылыс жұмыстарын жүргізетін компанияларды әкімдіктер анықтап, таңатын. Оның қызметі мен материалдарының бағасы тіпті нарықтағыдан қымбат болып, дау туындап жататын. Бүгінде тұрғындарда таңдау құқығы пайда болды.

Өйткені көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізетін мердігер ұйымды әрбір МИБ-тің Үй кеңесі өз бетінше таңдайды. Әкімдіктің оператор сол мердігермен жұмыс істейді.

Үй кеңесіне күрделі жөндеуге арналған ақшаның нысаналы жұмсалуына мониторинг жүргізу құзыры берілді.

Маңызды бір жайт, МИБ немесе жай серіктестіктің жинақ шотынан ақша бөлу тауарларды, жұмыстарды не қызметтерді сатып алуға арналған, тиісті түрде ресімделген келісімшарттардың немесе келісімдердің, шотфактуралардың, инвойстардың, шоттардың негізінде қолма-қол ақшасыз тәртіппен ғана жүзеге асырылады.

Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін тұрғындардың ортақ жинақ шотында жинақталған ақшаны мақсатты пайдалану актісі ресімделіп, оған МИБ төрағасы немесе жай серіктестіктің сенімді тұлғасы, Үй кеңесінің мүшелері қол қояды.

Бұл құжатқа "Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актісі", төлем сомасы мен күні, бастапқы бухгалтерлік құжаттардың атауы мен деректемелері көрсетілген "Төлемдер тізілімі", сондай-ақ шетел валютасындағы аударуға өтініштер, кассалық кіріс ордеріне түбіртектер, фискалдық чектер, тауар чектері, қабылдау-беру актілері, жүкқұжаттары, жүк кеден декларациялары қоса беріледі.

Осылайша, мемлекеттің кредиті және оны өтейтін тұрғындардың жинағы жолай қолды болып, әлдекімдердің қалтасына құйылмауы, мақсатты жеріне жұмсалуы үшін жариялылық пен есептілік қамтамасыз етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу