Қазақстандықтар мен шетелдіктерге 110 мың теңгеден өтемақы беріледі

12618

Бірақ ол компенсацияны алуды ешкім де өз еркімен қаламауы мүмкін.

Қазақстандықтар мен шетелдіктерге 110 мың теңгеден өтемақы беріледі Фото: syrboyi.kz

Өйткені әңгіме адам саудасының құрбаны болғандарға төленетін өтемақы туралы болып отыр.

Қазақстанда құл иеленушілікке қарсы тұруды қарастыратын жеке, жүйелі заң болған жоқ. Ал мұны республикадан адам құқықтары саласындағы өзі қосылған халықаралық келісімдер талап етеді.

Заң болмағанымен, кесапат құбылыс бар және белең алуда.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жыл сайын "адам саудасы" санатында 100-ден аса сотқа дейінгі тергеу тіркеледі.

Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты адам саудасы артты. Құл иеленушілер болашақ құрбанын қақпанға әлеуметтік желілер, мессенджер арқылы еліктіреді.

Бұл ел көзінен жасырын және трансұлттық сипат алды. "Даркнетте" құл саудасының көрігі қызып тұр.

"Полиция қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2023 жылы адам саудасына байланысты 150-ден астам қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде 28 факт кәмелетке толмағандарға қатысты. Мәселен, қазан айында “Қорғас” халықаралық орталығының аумағында сауықтыру орталығы мен қонақ үй кешенінің атын жамылып жұмыс істеген притондар мен жасырын казинолардың заңсыз қызметі тоқтатылды. Бес күдікті құрықталды, оның ішінде екеуі шетел азаматы", – деп хабарлаған болатын ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Мысалы, былтыр “STOP-трафик” операциясының небары үш күнінде адам саудасына байланысты 47 қылмыс анықталыпты.

Қарағанды облысында шаруа қожалығының басшысы өзіне қарыз екенін пайдаланып, 52 және 30 жастағы екі тұрғынды бірнеше жыл бойы жұмысқа салған. Ер адамдар үй шаруашылығымен, техниканы жөндеумен және мал бағумен айналысуға мәжбүр болған. Қашуға тырысқанда оларды ұстап алып, қожалыққа қайта қайтарып, жазалап отырған. Шаруа қожалығына жақын трасса 65 шақырым қашықта орналасқан. Еңбекке еріксіз жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде.

Полицейлер мәжбүрлеп жұмысқа жегу, еңбегін қанау фактілерін анықтау өте қиын екенін мойындайды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұндай құрбандарды табуда кедергіге тап болады, себебі заманауи құлдар оқшауланған жабық бөлмелерде, притондарда, жеке үйлерде және шалғайдағы шаруа қожалықтарында ұсталады. Қазақстандық полиция қызметкерлерінде шағым түспей, сезіктеніп, өз бетінше үйлерді тексеруіне тыйым салынған, тиісті құзыры жоқ.

Енді ондай құзыры пайда болады. Парламент заманауи құл иеленушілікке тосқауыл қоюға тиіс тұтас заң жобалар пакетін қабылдап жатыр. Топтаманы депутаттық корпус созбалаңға салмай, ағымдағы сессия аяқталғанша, жазға дейін қабылдайды деп күтілуде.

Пакетке "Қазақстандағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" негізгі заң, сондай-ақ жаңа қылмыстық жауапкершіліктер және жазалау тетіктері қарастырылған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобалары кірді.

Құжаттардың басты жаңалықтарының бірі – мемлекеттік қолдау түрінде "Жәбірленушілерге өтемақы қорынан" адам саудасының түрлі құрбандарына арнайы төлем берілмек. Ілеспе заң жобасы қолданыстағы "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" заңына түзетулер енгізеді.

Ол өтемақы қорға адам саудасымен айналысқандардан, "жеңгетайлардан" (сутенер), притон ұстаушылардан өндірілмек. Тиісінше, Үкіметтің ұстанымынша, құрбандарға компенсация төлеу оларға келтірілген залалдың шамалы да болса, орнын толтыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ адам саудалаушыларға жазасын өтеген соң бұл қылмысты ісімен қайта айналыспауына ықпал етеді.

"Өтемақыны адам саудасымен, бала саудасымен байланысты қылмыстан зардап шеккендер, жезөкшелікпен айналысуға тартылған кәмелетке толмағандар ала алады. Заң жобаларында бұларға адам ұрлаумен және эксплуатациялау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айырумен байланысты қылмыстардың құрбандарын да жатқызып отырмыз. Өтемақының мөлшері – 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге) болады", – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

"Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" заңы 2018 жылдың 1 шілдесінде күшіне енді. Бірақ Қаржы министрлігі 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қана жәбірленушілерге өтемақы төлей бастады. Содан бері түрлі қылмыс құрбандарына, 2023 жылға дейін жалпы сомасы 312 миллион теңгеден астам қаржы төленіпті.

Бас прокуратура бұл өтемақының "біржолғы ақша төлемі" екенін ескертеді. Қор барлық сотталған адамдардан сот үкімімен өндіріп алынатын мәжбүрлі төлемдер есебінен қалыптастырылады.

Заң бойынша өтемақы алушыларға: азапталған адамдар, жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші кәмелетке толмағандар, адам саудасы құрбандары; денсаулығына ауыр зиян келтірілген не "АИТВ/ЖИТС" жұқтырған адамдар; жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жәбірленушінің құқықтары берілген адамдар жатады. Жаңа заң жобаларының топтамасы қабылданғаннан кейін бұл тізілімдегілер қатары артады.

ІІМ дерегінше, “Жәбірленішулерге өтемақы қорынан” жаңа үш қылмыс түрі, яғни қанау мақсатында ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру және жезөкшелікпен айналысуға тарту қылмыстары бойынша құрбандарға өтемақы төлеу мүмкіндігі енгізіледі.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, аталған қылмыстың құрбаны болған адамдар қордан өтемақы алуға құқылы. Ол үшін жәбірленуші тергеу органына келесі құжаттарды ұсынуы қажет: 

  • жәбірленушінің не өкілінің өтініші; 
  • жеке басын және құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері; 
  • банк шотының нөмірі туралы мәліметтер; 
  •  адамды жәбірленуші деп тану туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган қаулысының көшірмелері; 
  • жәбірленушінің денсаулығына келтірілген зиянның сипатын, ауырлық дәрежесін растайтын құжаттың көшірмелері; 
  • жәбірленуші қайтыс болған жағдайда – оның қайтыс болғаны туралы куәліктің немесе жәбірленушінің қайтыс болғанын растайтын өзге де құжаттың көшірмелері. 

Өтініш берудің ескіру мерзімі адамды жәбірленуші деп таныған күннен бастап 3 жылды құрайды. Өткізіп алған мерзімді жәбірленушінің өтініші бойынша сот қалпына келтіре алады.

ІІМ басшысы өтемақы енді адам саудасының құрбаны болған шетелдіктерге де берілетінін хабарлады. "Жұмыс берушілер" жатжұрттықтардың төлқұжаттарын тартып алады да, соның кесірінен шетелдіктің Қазақстанда болу мерзімі өтіп кетеді. Мұндай жағдайда ол өтемақы алмақ түгіл, елден бес жылға аласталуы ықтимал. Бұл қосарлама жаза құл саудасы құрбандарын, мысалы мигрантты елден кетпеу үшін құзырлы органдарға шағыммен жүгінбеуге итермелейді.

"Жалпы, ондай факт анықталса, біз оған шетел азаматы болғанына, құжатсыз елде жүргеніне қарамастан компенсация береміз. Егер ол құжатсыз болса, онда біз ұлттық заңнамаға сәйкес елден шығаруымыз керек. Бірақ егер оның адам саудасы қылмысы бойынша жәбірленуші екенін анықтасақ, елден шығармаймыз. Керісінше, қылмыстық іс қозғалғаннан бастап, аяғына дейін оған көмек көрсетеміз", – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Осыдан кейін, жазадан құтылу және өтемақы алу мақсатында шетелдік келімсектер қазақстандық кәсіпкерлерді, жұмыс берушілерді адам саудасына жаппай айыптай бастамаса, бұл жаман трендке айналмаса болғаны. Ондай айыпқа қалмауы үшін қазақстандық жұмыс берушілер жұмысшыларының паспортын алып қоймауы шарт.

Өйткені заңгерлердің түсіндіруінше, онда ол адам "адам саудасының ықтимал құрбанына" (потенциальная жертва) айналады.

Өйткені Парламент қабылдап жатқан жаңа заң жобалары топтамасының ерекшелігі сол, олар ұлттық заңнаманы халықаралық  стандарттарға  және  БҰҰ-ның Палерма хаттамасына сәйкестендіреді.

Осылайша, Қазақстанда "адам саудасының құрбаны" сыртында, "адам саудасының ықтимал құрбаны"; "осал жағдайдағы адам" және "адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері" сияқты бірқатар жаңа ұғымдар заңдық қолданысқа енгізіледі. Жаңа Парламент пен жаңа Үкімет осы арқылы адам саудасымен күрестің, кешенді және жүйелі профилактиканың тетіктерін қалыптастырмақ.

"Өкінішке қарай, шетелдік мигранттардың құжаттарын алып қою фактілері бар. Ондай жағдайлар көбіне шалғай ауылдарда болады. Ондай фактілер анықталса, біз оперативті түрде профилактикалық шаралар өткіземіз", – деді Е.Сәденов.

Яғни, сөз болып отырған жаңа заңдар пакеті қабылданған соң, жұмыс берушілерге шетелдік не қазақстандық жұмысшысының жеке басын куәландыратын құжаттарын алып қоюы қауіпті болады. Өйткені бұрыннан бар тәжірибе бойынша мысалы, Филиппиннен, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және басқа елдерден бала күтушіні, үй қызметшісін, мажордомды, коттедж салатын құрылысшыларды шақыратын қазақ байлары қымбат заттарын ұрлап алмауы, немесе келісілген алдын ала ақысын алып, тайып тұрмауы үшін кепілзат ретінде олардың паспорттарын алып, сейфіне салып қоятыны жасырын емес.

Бұдан былай бұл қылмыс саналмақ. Ондай еңбек мигранттары жұмыс берушісіне өкпелесе, өш алу үшін құқық қорғау органдарына жүгініп, өздерінің "адам саудасының ықтимал құрбаны" болғанын айта алады.

Адам саудасының әлеуетті құрбандарын Қазақстанда тек полиция емес, ауыл-аймақ әкімдіктерінің қызметкерлері, волонтерлар іздейтін болады.

"Негізі, жалғыз біздің министрлік қана емес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де, әкімдіктердегі әріптестеріміз де, барлық мемлекеттік органдар өкілдері де, үкіметтік емес ұйымдар да осы жұмысқа қатысады. Бірақ қылмысты анықтау және іс қозғау, әрине, тек біздің құзыретімізде", – деді ІІМ басшысы.

Ол жаңа заңдар күшіне енсе, кең ауқымды рейдтер жүргізе алатындарына "анонс" жасады.

"Негізі шалғай елді мекендерде, фермерлік шаруашылықтарда қазақстандықтар және шетелдіктер қатысатын еңбек көші-қоны белсенді жүреді. Біреудің үйінде үй күтушілері жүреді, олардың құжатын алып қойды ма, жоқ па, өз еркімен келді ме деген мәселелерді анықтауымыз керек. Бұл үшін біз заңсыз тінту, тексеру жүргізе алмайтынбыз. Өйткені қозғалған қылмыстық іс болмаса, біз ондай әрекеттер жасай алмаймыз. Енді осы заң жобаларының шеңберінде, бағдарлама бойынша біз әкімдікпен, волонтерлермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірге осындай рейдтер жүргіземіз. Осы тұрғыда біздің жауапкершілігіміз күшейеді", – деді министр Ержан Сәденов.

Мәжіліс депутаты, заңгер Марат Бәшімов бұдан былай өз жұмыскерлерімен еңбек келісімшартын бекітпеген жұмыс берушілер де "адам саудасы" бабына ілігіп кетуі мүмкін екенін ескертті.

"Заң жобасында бір жаңалық қарастырып отырмыз. Оған сәйкес, кәмелетке толмағандармен, адам саудасының өзге де әлеуетті құрбандарымен еңбек келісімшартын бекітпегендер әкімшілік жазаға тартылады. Мұндай бұзушылықтар бүгінде барлық жерде белең алды", – деді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу