Қазақстандықтар нансыз қалмайды – Әлихан Смайылов

Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау облыстарында мал азығын дайындау қарқыны баяу.  

Қазақстандықтар нансыз қалмайды – Әлихан Смайылов Фото: inbusiness.kz

Құрғақшылықтан бірқатар өңірлер зардап шекті, салдарынан жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр.  

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz

 "Егінді уақытында және сапалы жинап алу – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттердің бірі. Бірқатар өңірлерде егін орағы басталып кетті. Үкімет тарапынан қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды.
Нарықтық бағадан 15%-ке төмен бағамен 426 мың тонна дизель отыны бөлінді. 140 млрд теңге бюджеттік кредит беру көзделген", – деп бастады сөзін Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ, жаңа астықты форвардтық сатып алуға 81 млрд теңге бөлінді. Биыл мал азығын дайындауға арналған техника мен суару жүйелерін сатып алу үшін "ҚазАгроҚаржы" компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге қарастырылды.

"Өздеріңіз білетіндей, жаз айлары жылдағыдан ыстық болды. Құрғақшылықтан бірқатар өңірлер зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Құрғақшылықтың салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде Үкімет резервінен қаражат бөлінетін болады. "Бәйтерек" холдингі құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың кредиттері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтауы қажет. Жалпы, жағдай бақылауда. Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды", – деді Смайылов. 

Сонымен қатар, климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отыр.

Сондықтан, жауапты ведомстволар су ресурстарын тиімді пайдалануды күшейту бойынша Жол картасын әзірлемек.

Үкімет басшысының сөзінше, өңірлер белсенді түрде су үнемдеу технологияларын енгізуге тиіс.  

"Сондай-ақ қазіргі жағдайда жемшөп дайындауға ерекше назар аудару қажет. Бүгінгі таңда Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында мал азығын дайындау қарқыны жақсы.
Ал, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жұмыстар баяу жүруде. Аталған өңірлер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жұмыс қарқынын күшейтіп, жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі қажет", – деді Премьер-Министр. 
 

Осы мәселелерді шешу үшін ол егін жинау жұмыстарын күнделікті мониторингте ұстап, астықты дер кезінде тасымалдап, сақтау орындарын дайындау қажет екенін атап өтті. 

Бұған қоса облыс әкімдіктері тұрақты бағаны сақтай отырып, жемшөп қорын сапалы дайындау бойынша қажетті шараларды қабылдауы керек.

"Ал Энергетика министрлігі егін жинау кезеңінде жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы тиіс", – деп қорытындылады Смайылов. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу