Елімізде 6,16 млн адамның қаржы ұйымдары аладында берешегі бар.
Борышкерлердің саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр "қайтарамын" деп қарыз алған, тәуекелге бел буғандар саны 28,4%-ға өсті.
Бұл туралы Бірінші несие бюросының бас директоры Руслан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Спикердің айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бөлшек несие портфелі 10,76 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,9%-ға артық.
"Бөлшек портфелдің басым бөлігін кепілсіз тұтынушылық несиелер – 5,28 трлн теңге (48,3%), ипотекалық несиелеу – 3,39 трлн теңге (31,4%), автонесие – 1,09 трлн теңге (10,6%), несие карталары – 348,3 млрд теңгені (3,2%) құрады. Ал кепілдігі бар тұтынушылық несиелер – 498,3 млрд теңге (5,1%) болды", – деп түсіндірді бюро басшысы.
Жалпы алғанда, 2021 жылы жеке тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 83,6%-ға немесе 4,1 трлн теңгеге ұлғайып, 8,9 трлн теңгені құрады. Барлығы 25,67 млн келісімшарт жасалған. Бұл 2020 жылмен жылмен салыстырғанда 68,3% артық.
Елімізде қарыз алушылардың жалпы саны 6,16 млн адамды (+28,4%) құрады. Бөлшек несиелеудегі медиандық көрсеткіш 85 мың теңгені болса; орташа сома – 348,3 мың теңгеге жетті.
Бұл ретте спикер, бөлшек несиелеудің артуының бір себебі – қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу мүмкіндігі деп түсіндірді.
"Бұл ипотекалық несиелердің өсуінен байқалады. 2021 жылы ипотекалық несиелер 1,92 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 77,7%-ға өсті", – деді бюро басшысы.
Ал еш кепілсіз берілген тұтынушылық несиелер 5,45 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 86,1%-ға өскен. Несие карталарын пайдаланатындар саны 95,2%-ға (401,5 млрд теңгеге дейін) өсті.
Сарапшылар қарыз алушылар санының өсуін халық арасында бөліп төлеудің танымал болуымен, сондай-ақ пандемия кезеңінің әсерімен байланыстырып отыр.
"Көлік құралдарын сатып алуға несиелер (соның ішінде кепілсіз) 592,2 млрд теңгеге (+57,5%) берілді. Мұнда автокөлік ломбардтарының көрсеткіштері есепке алынбайды", – деп атап өтті Руслан Омаров.
Бөлшек несиелердің 90,3%-ын екінші деңгейлі банктер, қалған үлесін – микро-қаржылық ұйымдар және басқа ұйымдар (соның ішінде мемлекет қатысатын ұйымдар, тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеуге ұсынатын ұйымдар бар) берген.
Өңірлер тұрғысынан алғанда ең көп бөлшек несиені Алматы, Нұр-Сұлтан, сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары алған. 2021 жылы олардың қарызы жалпы көрсеткіштің 44%-ын құрады.
Құралай Құдайберген