2021 жылдың 16 желтоқсанынан бастап www.enpf-otbasy.kz порталында көптен бері талқыланып келе жатқан "Отбасы банкіндегі депозитті толықтыру" батырмасы пайда болды. Жаңа қызметтің артықшылықтары туралы онлайн брифинг барысында "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Спикердің айтуынша қазақстандықтар санаулы күннің ішінде Отбасы банктегі шоттарына 11 млрд теңге аударған.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы орындалды. Енді қазақстандықтар Отбасы банкіндегі шоттарына жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аудара алады. Бұл оларға алғашқы жарнаны тиімді түрде жинап, жақын арада қоныс тойын тойлауға көмектеседі. Ең бастысы, бұл мүмкіндікті жастарымыз қолдана алады. Қазір зейнетақы жинақтарын алып жатқан 18-25 жас аралығындағы азаматтарымыздың үлесі небәрі 5%. Жасы мен үлкен жұмыс өтілінің жоқтығына байланысты олардың жинақтары жеткіліксіз. Алайда дәл осы жастарымыз үшін баспана мәселесі өте өзекті. Жаңа мүмкіндік осы мәселені шешуге арналған", – деді Ләззат Ибрагимова.
Бұл ретте спикер біржолғы зейнетақы төлемінен түскен сома негізіндегі депозит тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің әдеттегі шарттарына бағынатынын атап өтті. Яғни жинақ шоттарына 2% банк сыйақысы мен 200 АЕК-тен аспайтын бір жылдық жинақ сомасына 20% мемлекеттік сыйақысы есептеледі.
Жинақталған қаржыны салымшылар 3 жылдың ішінде баспана алу үшін, аралық немесе алдын ала несие рәсімдеу мақсатында пайдалануы қажет. Ескере кететіні, егер банк клиенті бұл аралықта зейнетақының артық қаражатын пайдаланып үлгермесе, ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады. Нәтижесінде депозитті жауып, зейнетақы төлемдерін алу мүмкін болмайды. Шот жабылған жағдайда, қаражат БЖЗҚ-ға қайта аударылады. Ал депозит туыстарға берілген жағдайда да, банк шотындағы біржолғы зейнетақы төлемі зейнетақы қорына қайтарылады.
"Депозитті бөлген жағдайда, азаматтарымыз жеке жинақтаған қаражаттарын ғана алуға құқылы. Интернет-банкингте зейнетақы төлемі бар депозиттерді сатуға тыйым салынады. Оларды сондай-ақ үшінші тараптың кепілгер депозиті ретінде де пайдалануға болмайды. Бұған қоса мұндай депозиттердегі қаражатты салымшының басқа қарыздық міндеттемелері бойынша өндіріп алу мүмкін болмайды", – деп толықтырды банктің басқарма төрайымы.
Аталған мүмкіндікті пайдалану үшін бірнеше қадам орындау қажет. Алдымен ЭЦҚ арқылы www.enpf-otbasy.kz платформасына өтіп, жеке кабинетте, депозит пен арнайы ағымдағы шоттың бар-жоғын тексеру керек.
"Депозит бар болып, арнайы ағымдағы шот жоқ болған жағдайда, платформадағы өтінімге қол қою керек, сонда автоматты түрде арнайы ағымдағы шот ашылады. Ал депозит жоқ болса, оны Отбасы банкінен алдын-ала ашып қою қажет", – деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы.
Осы әрекеттер орындалғаннан кейін www.enpf-otbasy.kz порталында өтініш қалыптасып, БЖЗҚ-ға жіберіледі. БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде өтінішті қарастырып, біржолғы зейнетақы төлемін Отбасы банкіндегі арнайы шотқа аударады. Сол жерден қаражат депозитке түседі.
Құралай Құдайберген