Қазақстандықтар "өз өміріне балта шабуды" қоя бастады

4016

Адамдардың өмірден түңіліп, өз еркімен "жалған дүниеден" кетуінің алдын алу тәсілдері қандай?

Қазақстандықтар "өз өміріне балта шабуды" қоя бастады Фото: google.com

"Әр елдің салты басқа" дегендей, әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттерде суицидке көзқарас та әртүрлі болған. Ежелгі Грекияда бұл заң жүзінде жазаланатын қылмыс қатарына қосылды. Тиісінше, адам өзіне қол салу үстінде ұсталып, құтқарылғанымен, сот шешімімен оның қолын шауып тастайтын болған. Қытай байырғыдан бұл қауіпті қылыққа құлықсыз, салғырт қараған, тіпті өмірден баз кешкен, қармайтын талы қалмаған адамдар сол арқылы "беймаза жанына жай табады" деп есептелген. Ұқсас ұстанымды Ежелгі Үндістан да ұстаныпты.

Жапонияда өзін-өзі өлтіру кең таралды: ДДСҰ дерегінше, "Күншығыс елі" — 15–34 жас аралығындағы азаматтардың өлім-жітімінің негізгі себебі ретінде суицид танылған жалғыз дамыған ел.

Жапонияда өз еркімен өмірден қош айтысатындардың жаппай таңдайтын орны да бар, ол — Аокигахара орманы. Онда жыл сайын 78-ге дейін мәйіт табылады. Бұған жергілікті салт-дәстүрдің кері тұстары да ықпал етеді екен: жапон мәдениеті самурайлардың өз күнәсін жуып-шаю және адалдығын, парасаттылығын, намыстылығын паш ету үшін жасайтын сэппуку (оны шатастырып, харакири деп те атайды) дәстүрін ғасырлар бойы қошеметтеп келеді. Салдарынан, қазіргі заманда да Жапония азаматтары абыройының төгілуіне, масқара болуына, сондай-ақ отбасына, компаниясына, спорттық командасына, мектебіне, ұжымына, өз ортасына шығын әкелген қатесі, ұятты ісі үшін өзіне қол жұмсайды.

Қазақ халқында өзін-өзі өлтірушілерге деген көзқарас теріс болған. Ата-баба ондай адамдардың жаназасын да шығарудан бас тартқан. Ондай адамның мәйіті мұсылмандар зиратына емес, құла түзге жерленетін болған. Өйткені өз өмірін өзі доғару кісі өлтіруден де ауыр күнә саналған. Әрине, қазіргі кезде сана өзгерді: суицид жасағандарға да жаназа намазы оқылып, оларды жамағатқа ортақ бейітке қоя береді.

Ислам дінінде өз-өзіне қол салу – ауыр күнә. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: "Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар" ("Ниса" сүресі, 29-аят) деген. Ендеше адамның бұл өмірден бас тартып, өзін өлімге қиюы – харам. Қандай жағдайда да сабыр сақтауға тиіс. Жаратқан Ие пенделерінің әрқайсысына ғұмырды, ішіп-жемін, жұтар демін өлшеп берген, оның бәрін ақырына дейін, талқаны таусылғанша, иманды, орынды пайдалануы шарт.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы: "Кім өзін темірмен жарып өлтірсе, темір ішіне қадалған күйі тозаққа кіреді. Кімде-кім у ішіп өзін-өзі өлтірсе, жаһәннамда мәңгі сол уды ішеді. Кім жардан өзін тастап, жан тапсырса, тозақтың түбіне мәңгілікке тасталады", – дейді.

Халықтық психологиялық көмек жандандырылса...

Зерттеушілердің байламынша, әлемде де, қазақ елінде де суицид факторлары және себептері қатты өзгерді. Бұрынғы замандарда бұл шетін адамдарды қадамға қоғам алдында абыройсыздыққа қалуы, намыс, ұят итермелесе, қазіргі заманда бірінші орынға "өмірден түңілу" шығыпты. Әрине, тарихи-этнографиялық деректер қазақта "құсадан өлу" болғанын да көрсетеді. Жалғыз, не үміт артқан баласын жоғалтып, ұрпақсыз қалған жандар теріс қарап жатып алып, тамақ-су ішуден бас тартып, өмірден баз кешетін болған.

Қоғам қайраткері, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл өмірден үміт үзгендерді райынан қайтарып, бойына сенім құйып, терең депрессиядан шығарудың амалдары қазақ халқында ежелден жолға қойылғанын айтты. Қазақтар ондай адамдарды қауым болып қолдап, көңілін аулайтын болған. Кейін кеңес заманында "халықтық психологиялық жәрдем" дәстүрлері де ұмыттырылды, ұлттық ғұрыптар тәрк етілді.  

"Бала кезден аталарымыздан әңгіме-хиссаларға қанып, ұлттық мұрамызды танып өстік. Тілеуберген ақсақал Төребекұлы баяндағандай, Абылай ханның ұлдан үлкені Әділ деген баласы жас кезінде қайтыс болыпты. Әділ Абылайдың "орнымды басады" деп тәрбиелеп жүрген дәмелі баласы екен. Абылай оның қазасын қатты азалап, қайғыдан қабырғасы қайысады. Халықтың жұбатуын тыңдамай, үш күн бойы бас көтермей жатқан ханға Шындәулет шешен келеді. Билер мен ел жақсылары етбетінен жатқан ханның жанында үнсіз отыр. Шындәулет ханға көңіл айтып, тіріге береке тілеп: "Орныңды басып, бас болғандай еді. Тағдырға амал жоқ" деп, термелеп басу айтқанымен, хан басын көтермепті. Сонда шешен басын тіктеп, жүгіне отырып, өткір тіл қатады:

–Ей, Абылай!

Сен-сен едің, сен едің,

Сен кімдерден кем едің!

Ерегіскен дұшпанды, саз балшықтай иледің.

Ұланғайыр үш жүздің басын қосып, бір арнаға теңедің.

Құбыладан Алланың қоңыр желі соққанда,

Бір жапырағың сынбайтын сен Құдайдың кімі едің! – деп, толғағанда Абылай селк етіп, басын көтеріпті. Біраздан соң, адамдардың қатарына отырады. "Шындәулет, сен шындықты айттың. Мен онда райдан қайттым!" – деп, ауыр күрсініп, өзіне келген екен. Қазақ хандығы күйреп, еліміз Ресейге отар болған соң ұлттық мирастың қорғаншысы болған билер, шешендер, басқа да арыстарымыз қудаланды, атылды. Ұлттық дәстүрдің көбі ұмыт қалды. Бүгінде мысалы, қазада дені дұрыс көңіл айтатын, қабырғасы қайысқанға дем беретін сөз табатын адам қалмай барады. Жаназада қағаздан оқитындарды байқап жүрміз. Әйтпесе, өмірден түңілген жандарға қауым болып, демеу болатын дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуға болар еді", – деді Бақытбек Смағұл.

Ranking мониторинг агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда көбіне орта жастағы адамдар өзіне-өзі қол жұмсайды. Жастардан айырмашылығы, орта жастағы азаматтар психологке көп жүгіне бермейді. Ұялады, шошынады, одан ақыл сұрауды әбес көреді. Себебі, аға буын санасында кеңес кезінен бері психология жындыханалармен қабыстырылады.

Демек, орта немесе егде жастағы қазақстандықтар бірінші кезекте қоғамның, айналасының қолдауына зәру. Мысалы, көрші Өзбекстанда ақсақалдар жетекшілік ететін әрбір махалля – жалғыз қалған қарияларға, жалғызбасты аналарға қолдау көрсететін азаматтық қоғамның бірегей институтына айналған. 

Салыстырсақ, Қазақстанда суицид саны әр 100 мың адамға шаққанда 27 адамға дейін барады, ал Өзбекстанда шамамен 9 адам.

Суицидке жол бермеудің амалдары қандай?

Дегенмен, мемлекеттің жүзеге асырып жатқан суицидтің алдын алу шаралары өз нәтижесін беруде. Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2022 жылы соған оқталған адамның өлімімен аяқталған өзін-өзі өлтіру оқиғалары 4 мыңнан 3,7 мыңға дейін немесе 7% кеміді.

Бірақ мұның өзі көп саналады. Оның үстіне бұл деректі соңғы бесжылдықтағы көрсеткішпен салыстырса, онда айтарлықтай азаю байқалмайды. Өйткені былтырғы құлдырау 2021 жылы суицид санының күрт артуымен байланысты болып отыр. Яғни, шығандап барып, төмендеді.

Биыл өзіне қол салудан болатын өлім-жітімнің азаю үрдісі сақталды. 2023 жылғы қаңтар-ақпанда 526 қазақстандық өз өміріне балта шауып, көз жұмды. Бұл былтырғы екі айдағыдан 5% кем.

Қынжылтатыны сол, 2022 жылы 3,7 мың суицид талаптарының барлығы дерлік өлімге соқтырыпты. Тек 65 оқиғада ғана өлуге ұмтылған жан құтқарылған. Осылайша, құтқарылғандар саны жөнінен соңғы 5 жылдағы минимум тіркелді. 2021 жылы 500-дей оқиға құтқарумен аяқталыпты.

Қазақстанда суицид талаптары да тым көп болып қалуда. 2017 жылы өзін-өзі өлтірудің 3,6 мың инциденті тіркелді, оның 3,5 мыңы өліммен аяқталған. 2018 жылы суицидтің 4,2 мың талабы (3,5 мыңында адам көз жұмған), 2019 жылы – 4,8 мың (3,8 мың), 2020 жылы – 4,8 мың (3,5 мың), 2021 жылы 4,5 мың (4 мың), 2022 жылы 3,7 мың (3,7 мың), 2023 жылғы екі айда – 0,6 мың (0,5 мың) талабы тіркелді.

Өмірмен өз еркімен қоштасуға Қазақстанда ерлер барынше бейім тұратыны анықталды: өлім-жітімге соқтырған суицид оқиғаларының 78,9%-ының құрбаны – ер-азаматтар. Былтыр 2,9 мың ер адам ғұмырын осылай тәмамдады. Бұдан бөлек, 770 әйел осы жаман тәсілмен өміріне нүкте қойған. Яғни, ерлер саны нәзік болмыс иелерінен төрт еседей көп.

"Қоғамдық пікірде әсіресе, жастардың осылайша қыршыннан қиылуы көп талқыланады. Бірақ шынында, статистика көрсеткендей, бұл тұрғыда ең осал жас тобы — 30-дан 54 жасқа дейінгі орта жастағы адамдар. Суицидтен қайтыс болғандардың жалпы статистикасында осы санаттың үлесі 54,9% жетеді. Екінші орында егде жастағы адамдар: әрбір төртінші суицидті (23,5%) 55 жастан асқан қазақстандықтар жасаған. Өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болғандар ішінде 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың үлесі 17,3%-ды құрады. Ал осы жас тобының өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері статистикасындағы үлесі сәл ғана жоғары болды: 18,8%. Дәл осындай үрдіс балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау деректерінен де байқауға болады: өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендердің үлесі іс жүзінде қайтыс болғандардың үлесінен жоғары: тиісінше 5% және 4,3%", – делінген Ranking талдауында.

Әлеуметтанушы Бекжан Сәрсекеевтің пікірінше, өмірден түңілу адамдардың көбіне тән құбылыс, себебі, әлемде оптимистерге қарағанда пессимистер басым.

"Сонымен бірге замана да дембіл-дембіл проблемалар отына май құйып тұрады. Экономикалық дағдарыс ұзап, созылмалы күйге көшті. Геосаяси ахуал өршіп барады. Соғыс өрті іргеге таяды. Елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерден, жаңғырулардан қатты үміттенгендердің көңілі қала бастады. Осының бәрі азаматтардың әлеуметтік көңіл күйіне нашар әсер етеді. Адамдар байлық қуып кетті. "Кедей бай болсам, бай Құдай болсам" деген заман. Ақшаға құнығып, ауқатты көксеген жандар ең асыл байлығы өмірі екенін ұмытып кетіп жатады. Қаржы пирамидасына жем болғандардың өзіне өзі қол салу деректері тіркелді. Кезінде ҰБТ суицидті өршітеді деді, тестілеу талаптары жұмсартылды, бірақ жастар суициді салмақты азайған жоқ", – деді сарапшы.

Әлеуметтанушының айтуынша, елде азаматтарды суицидке итермелейтін факторларды нақты анықтаған жөн, сонда оның себептері мен негіздерін ұғынып, олармен күреске бағытталған тиімді профилактикалық бағдарламалар қабылдауға болады.

Сарапшы өзін-өзі өлтіру себептері әрқилы болуы мүмкін екеніне, бірақ олардың бәрінің ортақ бір жайт барына назар аудартты: адам проблемамен жалғыз қалады, дағдарысты өз күшімен еңсере алмайтынын түсінеді, терең әрі созылмалы депрессияға ұшырайды. Оның бұл ахуалына айналасы мән бермеуі, салмақты қабылдамауы мүмкін. Туысқандары, дос-жарандары оның көңіл күйін жақсартуға, ал жұмыс берушісі тынығуы үшін демалыс беруге талап қылмайды.

Ұстаздары: "жалқау болып кеттің" немесе "мектепте өйтіп жаман мінезіңді көрсетпе" деп, ұрысып, қысымды арттырады. Орта білім ұйымдарында балалар суицидінің алдын алу бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғыз мектеп психологіне жүктемей, оған мұғалімдер, мектеп басшылығы, тіпті кітапханашылар да жұмылдырылғаны жөн. Мысалы, олар оқушыға психологиялық күйзелістен шығуға септесе алатын қызықты кітапты, соның электронды нұсқасын таңдап ұсына алады. Кітаптар тіпті Екінші Дүниежүзілік соғыста тәні мен жаны жаралы жауынгерлердің жанына жебеу болғаны белгілі.

Сарапшы суицидтердің профилактикасында бірнеше тәсілді қатар қолдану тиімдірек екенін түрлі зерттеулер көрсеткенін қаперге салды. Бұл тәсілдердің бастысының бірі – мамандарға, психолог, психотерапевтерге жүгіну: олар адамға депрессия құрдымынан қалай шығу, өмірлік тығырықты жағдайды еңсеру жолдарын көрсетеді, өмірлік күштерін қайта жандандыруға, рухын көтеруге көмектеседі.

Тағы бір тәсіл: депрессияны дерт ретінде танып, одан жеке бағдарламамен сауықтыру. Мысалы, дамыған елдерде дәрігер маманның бағыттамасы бойынша терең дағдарыстағы адамға фитнес клубқа, санаторийлерге тегін жолдама беру қарастырылған. Өйткені спорт та жанға жебеу, бойға қуат құйып, болашаққа ұмтылдыра алады.

Үшінші тәсіл, әлеуметтанушының айтуынша, жақын адамдардың, ата-ананың, туыстардың, жора-жолдастың қолдауы. АҚШ-та тек нашақорлар мен маскүнемдер үшін ғана емес, сондай-ақ депрессиядағы адамдарды да топтық әңгімемен емдейтін психологиялық үйірмелер жолға қойылған. Бұл жақыны қалмаған адамдарды қолдаудың таптырмас әдісі саналады.

Тағы бір тәсіл "Вертер эффектісін" шектеуге бағытталған: себебі, ақпарат құралдарының суицид оқиғаларын әсірелеп, қызықты етіп, сенсациялық сипатта беруі де өзін-өзі өлтіру деректерінің артуына әсер ететіні әшкереленді. "Вертер эффектісін" 1974—1975 жылдары Калифорния университетінің профессоры, америкалық әлеуметтанушы Дэвид Филлипс анықтады. Ол XVIII ғасырдың соңында бүкіл Еуропада белең алған суицидтің толқынына Гётенің "Жас Вертердің азабы" романы серпін бергенін, романды оқыған адамдар қатты күйзеліп, тоқырағанын анықтапты. Бұдан өзге, ғалым газеттердің бірінші бетіне және басты жаңалықтарға суицидтер тақырыбы шыққанда, өзіне қол салушылар қатары өсетінін байқаған.  

Олай болса, бұл күрестегі БАҚ, әдебиет және кинематограф рөлін ескеру, оларды осындай тақырыптарды жариялауда абай болуға үйрету де өмірлік маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу