Яғни, 1 сәуірден бастап елдегі коммуналдық қызмет ұйымдары тарифтерді заңды түрде қымбаттатуға рұқсат алады. 6 айлық шектеуден кейін елде не өзгерістер болуы мүмкін екені көпшілікті алаңдатып отыр.
Осыған орай Табиғи монополияларды реттеу комитетінде жиын өткізіліп, бағаға қатысты талқылау да болды. Енді коммуналдық қызмет көрсетушілер су, электр, жылу және басқа қызметтер бойынша тарифтерді көтере алады. Бірақ қоғамды шошындырып алғысы келмей ме, әйтеуір комитет өкілдері баға лезде көтерілмейтінін алға тартып әлек.
Негізі коммуналдық қызметтер халықтың өмір сүру шығынында елеулі орын алады. Жылумен қамту, ыстық һәм салқын су, электр, кәріз жүйесі, газ, қалалықтар үшін қоқыс шығару қызметі, лифтіге дейін осыған кіреді. Қалалық жерлерде кей отбасылар айына шамамен 50 мың теңгеге дейін қосымша аталған қызметке қаржы шығындайды. Ең кемі, 1 бөлмелі, 40 шаршы метрге дейінгі аумақты қамтитын баспана иелері 30 мың теңгеге жуық төлем жасайды.
Иә, билік өкілдері алға тартқандай, баға бірден өспейтіні анық. Алдымен компаниялар өтінім беріп, ескертуге тиіс. Яғни, сәуірде өтінімдер қаралса, қымбаттау үрдісі тек мамырдан өте, маусымға тірелуі мүмкін.
Осы жиында жауаптылар басты сұрақтың біріне жауап берді. Ең алдымен қымбатшылықты сезе бастайтын желілері тозған өңірлер. Олардың қатарына Солтүстік, Шығыс және Батыс өңірлер, Ақмола кіреді.
Дегенмен, осы шектеулердің алынып тасталуы онсыз да өзекті болып тұрған инфляцияға әсер етуі мүмкін. Мәселен, еліміз Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында баға өсімі бойынша алдына жан салмай келеді. Жылдық өсім 11,7 пайызға жеткен. Қақтығысты бастан өткеріп жатқан Ресейдің өзінде көрсеткіш 5,9 пайыздан аспады. Ал енді коммуналдық төлемдерді еркіне жібере салған уақытта біздегі деңгей тағы өспесіне ешкім кепілдік бермейді.
Мәселен, Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов тек ақпан айының өзінде инфляция тағы 1,1 пайызға өскенін айтты.
Оның сөзінше, электр энергиясы, газ, су тарифтерін уақытша тежеу жыл басында жалпы инфляцияның өсуін аздап басқан. Сондықтан осы мораторий болмағанда баға әлдеқайда өскен болар еді. Ал бұл тұста халықтың нақты табысы өспей отыр, тіпті, төмендеп де жатқанын айтушылар көп.
"Қазір халықтың номиналды табысы инфляциядан асып, жақсы өсетіндей нақты факторларды көрмедік. Мысалы, бюджеттен төленетін зейнетақылардың өсімі 2026 жылы үкімет жоспарында 10 пайыз деңгейінде белгіленген, бұл біз күтіп отырған инфляциядан төмен. Жалақы өсімі де шамасы инфляциядан төмен болмақ. Ұлттық банк пен басқа да ұйымдардың сауалнамалары биыл іскерлік белсенділіктің төмендейтінін көрсеткен. Бұл да жалақы өсімін тежейді", – деген сарапшы.
Бір қызығы, Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың IV тоқсанындағы жалақы өсімі туралы деректерді әлі жарияламай отыр. Яғни, көңіл құлазитындай болжамдар бар болуы мүмкін. Былтыр III тоқсанда нақты мәнде жалақы 2%-ға төмендегені тағы бар.
"Электр энергиясы, газ, су тарифтері бағалары айтарлықтай өсуін жалғастырады, өйткені бұл салаларға инвестиция салынбаса, негізгі инфрақұрылымның тозуы күрт артып, тауарлар мен қызметтердің тапшылығы пайда болады", – деп түсіндірген Мұрат Темірханов.
Айтпақшы, еліміздегі базалық мөлшерлеменің пайызы да тап осы коммуналдық қызметтерге орайластырылып қойылмақ. Яғни, сарапшылар бағаның аяқ асты өсуі мүмкін екенін жасырмайды. Тіпті, Ұлттық экономика министрлігі де тарифтердің құны туралы болжамды дөп басып айта алмайтынын жеткізген.
Өйткені коммуналдық қызмет ұсынатын компаниялар өздерінің шығындарын һәм табуға тиіс пайдасын толық зерделейді. Стратегиялық тауарлар мен ресурстарға жұмсалатын шығындарды, жанармай, көмір, мазут, газ, электр энергиясы, материалдар, үшінші тараптың қызметі, салықтар, желілердің ұзындығы мен оларды ұстау шығындары, активтер, өндірістік мүлік – бәрін қосады.
Оның үстіне елдегі коммуналдық инфрақұрылымның орта есеппен 60-70 пайызы тозған. Оны түгел жаңартуға бюджеттің қаржысы, әрісі компаниялардың өресі жетпейтіні рас. Бірақ бағаға қатысты соңғы нүктені құзырлы органдар қоятыны анық. Олар әлеуметтік көңіл-күйді бұзып алмас үшін шектен тыс өзгерістер жасай қоймас, дегенмен коммуналдық қызметтер кемі 10 пайыз болса да өсетіні жасырын емес.