Қазақстандықтар Саясат Нұрбекті жоғалтып алды

10284

Асхат Аймағамбетовке 2 министрдің "жұмысын" істеуге тура келуде.

Қазақстандықтар Саясат Нұрбекті жоғалтып алды Фото: primeminister.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 14 сәуір "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы" жарлыққа қол қойған. Бұл құжат мемлекеттік ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде, барлық дерлік министрдің блогында насихатталды. Мақтау-одалар жазылды. Содан бері үш ай өтті. Үкімет еш серпілмеді, бұрынғы митың жүрісінен жаңылмады.  

Мысалы, Президент "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа 11 маусымда қол қойды. Ол құжатқа сәйкес, "мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында" Білім және ғылым министрлігі жойылып, жұртында 2 министрлік – Оқу-ағарту министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі пайда болды. Алғашқысын – Асхат Аймағамбетов басқарып қалды, ал соңғысының тізгіні экс-мәжілісмен Саясат Нұрбекке берілген.

Міне, содан бері бір айдан асып кетті. Алайда әлі күнге дейін Gov.kz меморгандардың интернет-ресурстарының бірыңғай порталында Ғылым және жоғары білім министрлігінің төл сайты ашылмады. Мемлекет пен халық арасында диалог жүргізуге арналған басты алаң – "Ашық диалог" порталында да Саясат Нұрбек жоқ.

Сондықтан бір айдан бері қазақстандықтар Оқу-ағарту министрінің құлағын шулатуда. 

"Мұнда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің блогы жоқ екен, осыған байланысты шағымымды сізге бағыттаймын", – деп жазады азаматтар. Өзіне жолданған соң Аймағамбетов командасы оны қарауға міндетті.

Елордалық кәсіпкер Азим Быков ҒЖБ министрінің қабылдауына шұғыл жазылу қажет болып тұрғанын айтады. Бірақ оны қалай жасауға болатынын білмейді. Өйткені министрліктің не байланыс нөмірлері, не сайты, не блогы жоқ. Компанияның ғылыми-техникалық жобасы бар екен, ғылыми-техникалық негіздемесі де дайын. Әйткенмен, Ғылым қоры конкурсқа жібермей, конкурстық құжаттамаларын қабылдамай жатқан көрінеді. Байқауға және заңнамалық актілерге қатысты көптеген сұрақтарымыз бар дейді ол.

13 шілдеде білім гранттарын алуға құжаттар қабылдау науқаны басталды.

Алматылық мұғалім Юлия Киселёваның айтуынша, биылғы жылы педагогикалық жоғарғы оқу орындары кеңес кезінен келе жатқан екінші педагогикалық білім беру тәжірибесінен бас тартты. Ешқайсысы себебін түсіндірмейді. Ол тіпті басқа қалада да оқуға бел буыпты, дегенмен жалғыз Алматыда ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында да екінші педагогикалық мамандыққа құжат қабылдамайтын болып шықты.

Қазір ұстаздарға жақсы жалақы төленеді. Бұл ретте әмбебап мамандарға деген сұраныс жоғары. Мысалы, ауылдағы мектепте бір мұғалім бірнеше пәнді жүргізе алады. Ал мына жағдай, Ю.Кисилеваның пікірінше, тәжірибесі мол, бірақ жасы жеткен педагогтерге қайта оқуға түсуге мүмкіндік қалдырмайды. Ол да мұның мәнісін ҒЖБ басшысынан білгісі келеді.

Былтырдан бері Қазақстанда бірнеше университет жабылды, лицензиясынан айырылды. Олардың студенттерінің бәрі бірдей басқа ЖОО-ға көшіп үлгерген жоқ. Демек, мыңдаған студенттің хал-жағдайы Нұрбектің командасының тезірек жұмысқа кіріскеніне байланысты болып тұр.

Сондай-ақ университеттер басшылары да алаңдаулы. Дәл қазір талапкерлерді қабылдау науқаны жүруде.

"Сұрақты сізге қоюға мәжбүрмін. Өйткені ҒЖБ министрі Саясат Нұрбектің блогы пайда болатын емес" деген ЖОО өкілі Айдос Керімбек министр А.Аймағамбетовтен: "қабылдау комиссиясының құрамына ректор, проректор, декандар, профессор-оқытушылар сыртында хатшыны, техникалық хатшыны, бағдарламашыны қосуға бола ма?", – деп сұрады.

Асхат Қанатұлы бұл мәселе құзырына жатпаса да, тәжірибесіне жүгініп, жауап берді. 

"Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына" сәйкес, университет басшысының шешімімен қабылдау комиссиясы құрылуға тиіс. Оның төрағасы – университет ректоры болады. Ал комиссия құрамына қағидада көрсетілген міндетті тұлғалар сыртында Еңбек кодексі бойынша ерікті негізде басқа да тұлғаларды қосуға рұқсат етіледі екен.

Айтпақшы, пікір білдірушілер Саясат Нұрбектің ресми сайты мен блогының әлі күнге болмауына таяуда шабандығы үшін Президенттен сөз естіген Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинді кінәлаған болатын. Бірақ министрлік бұған Саясаттың өзі кінәлі дегенге келтірді.

"Ғылым және жоғары білім министрінің қабылдауына жазылуға және оның қызметіне қатысты басқа да барлық мәселе бойынша сол министрліктің өзіне жүгіну қажет. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрінің блогы осы министрлік блогты құру үшін қажетті ақпараттарын бізге ұсына салысымен бірден пайда болатынын хабарлаймыз", – деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин өз блогында.

Әзірге Саясат Нұрбек ақпарат құралдары алаңын пайдалануда. Ол журналистерге биылғы жылы мемлекеттік және ұлттық университеттер оқыту ақысын көтермейтінін, баға былтырғы деңгейде қалатынын мәлімдеді. Дегенмен жеке университеттердің студенттері бағаның қыркүйекте көтерілетіні туралы хабарлама алған. ҒЖБ министрі мұны дәйекті санайды. Аймағамбетов тұсында, бірнеше жыл бойы оқыту ақысын көтеруге мораторий енгізіліпті. Ол бітісімен жеке ЖОО-лар бағаны көтеруге шешім қабылдаған. Министрлік оған тосқауыл қоя алмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу