Қазақстандықтар тағы бір саладан алшақтап қалуы мүмкін

791

Елімізде кәсіби аудиторлар саны қарқынды азайып келеді.

Қазақстандықтар тағы бір саладан алшақтап қалуы мүмкін Фото: canva.com

Мәжіліс депутаттары аудиторлық қызмет көрсету саласындағы ұлттық нарығымыздың Батыс түгіл, іргедегі Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттермен де бәсекелесе алмайтынын айтады.

"Бізде аудиторлық қызмет лицензияланатын қызмет саналады. Біліктілік куәлігі бар аудиторлардың саны елімізде 2 400 ғана. Алайда соның тек 1 мың 385-і ғана іс жүзінде аудиторлық қызметпен айналысады. Қазақстан "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңын қабылдады. Ол бойынша аудиторлық ұйымның құрамында 3-тен көп аудитор болуға тиіс. Салдарынан, құрамында негізінен 2 аудиторы ғана бар аудиторлық ұйымдарымыз одақ нарығына шыға алмайды", – дейді Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков.

Қаржы министрлігінің дерегінше, егер фирма құрамында 2 аудитор ғана болса, оның ішкі нарықта жұмыс істеуіне ары қарай да ешқандай кедергі болмайды. Бірақ аталған келісімге сәйкес, енді елімізге ресейлік аудиторлық қызметтер дендей ене бастайды. Яғни, ұсақ фирмаларға ішкі нарықта да орын қалмай, клиент таппай қалуы мүмкін.

Жалпы, болашақта ішкі нарық деген ұғым да бірте-бірте жойылатын түрі бар. ЕАЭО аясында ортақ нарық құрылып жатыр. Ведомство осы одақ нарығына шығып, жұмыс істей алуы үшін бұдан былай ұйымда үш немесе одан да көп аудитор болуы талап етілетінін ескертті.

Былтыр елде 455 аудиторлық компания болыпты. Биылғы жыл қорытындысында қаншасы қалатыны белгісіз. Министрлік одақтық келісім аясында өтпелі кезең болатынын қаперге салып, осы уақытта "толығымен ортақ нарықта жұмыс істеуге бейімделіп, аудиторлардың санын көбейтіп алуға" кеңес берді.

"Қазақстандық нарықты "Үлкен төрттік" аталатын, Deloitte&Touche, Ernst&Young, PricewaterhouseCoopers, KPMG кіретін жаһандық аудит лидерлері баяғыда-ақ жаулап алды. Мысалы, ұлттық компанияларымыздың – 82%-ы, стратегиялық нысандардың – 60%-ы, 17 банк шетелдік аудиторлық компаниялардың қызметін тұрақты тұтынады. Тіпті Ұлттық банк те, Ұлттық қор да "Үлкен төрттіктің" клиенті! Шетелдік ойыншылардың әлемде теңдесі жоқ мұндай үстемдігі елімізге бірқатар теріс салдарлар әкелді", – деді мәжілісмен Руслан Қожасбаев.

Руслан Сәдуақасұлының айтуынша, бұл жағдай отандық аудиттің дамуына тежей болып отыр. Мәселен, соңғы 3 жылда Қазақстанда небәрі 8 жаңа аудиторлық ұйым құрылған. Сонымен бірге, осы уақытта 48 аудиторлық ұйым немесе жалпы санының 10%-ы жабылған, қызметін тоқтатқан. Яғни, сала терең дағдарыста.

Өз кезегінде, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңесті – кедергі деп таныды. Өйткені, антимонополияшылардың байламынша, оның қызметі нарықтың монополиялануына септеседі, жас мамандардың салаға кіру мүмкіндіктерін шектейді. Отандық аудиторлық фирмалардың дамуына қосымша тоспалар құратын көрінеді.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин аудиторлық қызметті лицензиялаудың қолданыстағы жүйесі лицензияны тек заңды тұлғаға ғана беруді қарастыратынын жеткізді.

Мысалы, жеке сәулетші, жобалаушы, майнер, адвокат, нотариус және басқасы лицензия алған соң жұмысына өзі кірісе береді, ал, аудиторларға қатысты жағдай басқаша. Олар бірігуі қажет.

Вице-премьер "Үлкен жетіліктің" елімізде белсенді әрекет еткенінен жаман ештеңе байқамағандарын жеткізді.

"Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, жалғыз 2023 жылы "Үлкен төрттікке" жататын халықаралық аудиторлық фирмалар біздің мемлекеттік бюджетке 5 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Оның үстіне "Үлкен төрттіктің" аудиторларының шамамен 99,9%-ы – Қазақстан азаматтары болып табылады. Кейбір жағдайда, аудит қажеттілігіне қарай шетел азаматтары тартылады", – деді Серік Жұманғарин.

Оның пікірінше, қазақстандық ұлттық компаниялардың және басқа тапсырыс берушілердің "Үлкен төрттік" фирмаларын шектен тыс көп таңдауы "олардың аудиторларының біліктілігінің жоғары болуымен байланысты". Демек, мұнда отандық аудиторлық компаниялардың өз кінәсі бар.

Осыған байланысты, Үкімет басшысы орынбасарының мәліметінше, мысалға, 2021 жылдан бері аудиторларды ұлттық аттестаттаудың сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Бірыңғай біліктілік комиссиясы құрылды.

Сондай-ақ, қоғамдық маңызды кәсіпорындарға міндетті аудит жүргізумен айналысатын отандық аудиторлық ұйымдардың қызмет сапасына сыртқы бақылау күшейтілді.

"Айта кету керек, кез келген әлеуетті инвестор қандай да бір шешім қабылдағанда жария сектор ұйымдарының қаржылық көрсеткіштеріне аудит есебін құрастырған аудиторлардың біліктілігіне сүйенеді. Шын мәнінде, аудиторлық ұйымның қызметі мемлекеттің инвестициялық тартымдылығына тікелей ықпал етеді. Сондықтан аудит сапасы өте маңызды", – деді Жұманғарин.

Бірақ кәсіби аудиторлық ұйымдарға (КАҰ) сенсек, отандық ұйымдардың аудиті аса сапалы көрінеді. КАҰ-лар 2023-2024 жылдарда бағалау жүргізе келе, тек 3%-ында ғана сапасыз аудит фактілерін анықтапты.

Ал, саладағы сапаны сыртқы бақылаумен шұғылданатын Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес те кейінгі екі жылда отандық аудиторлық фирмалар жүргізген аудиттің 12,7%-ы ғана сапасыз болғанын айтады. Мұны да тым көп деп айту қиын.

Ендеше ұлттық компаниялардың, Ұлттық банктің, министрліктердің және басқасының қызмет құны арзан отандық аудиторларды менсінбеуі негізсіз.

Олар есептерінің басқы бетінде PricewaterhouseCoopers, KPMG, Deloitte&Touche, Ernst&Young деген жаһандық брендтердің басылып, құжаттарын көркемдеп тұрғанын бедел санайтын болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу