"Ашық НҚА" порталында Қазақстандағы барлық ұялы байланыс қолданушыларын қамтуы мүмкін заң жобасы пайда болды. Құжатқа сәйкес, телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыру қорын құру ұсынылып отыр. Қор жыл сайын байланыс операторларының жылдық пайдасының 3%-ын жинайтын болады делінген. Негізгі мақсат интернетті жақсарту және телекоммуникация саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғау деп жазылған. Десек те, заңгерлер мен сарапшылар операторлардың шығындары тұтынушылардың мойнына артылуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл өз кезегінде байланыс пен интернет құнының тағы қымбаттауына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заңгер Ержан Есімханов "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деген бейтарап атаумен шыққан заң жобасына зер салды. Бір қарағанда, бұл – базалық станцияларды салуға және телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған техникалық құжат. Бірақ та, құжаттың соңында операторлар пайдасының бір бөлігін алатын мемлекеттік қор құрылуы мүмкін екені жөніндегі тармақ бар.
Жобаға сәйкес, қор интернет сапасын арттыру және телекоммуникация саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландырмақ. Сарапшылар бұл кезекті бір "миссиясы белгісіз" қор болуы мүмкін екенін айтып отыр. Заңгер Қазақстан тарихында о баста дұрыс мақсатпен құрылған қорлар болғанын, қыруар қаржы жинап, кейін шу шығып, қылмыстық істерде аты аталған жағдайлар болғанын еске салды.
"Елімізде бизнестен ақша алу мақсатында құрылған кез келген қордың тағдыры бірдей. Біз соған қайта бара жатырмыз", - деді Есімханов.
Жобаға қоса берілген түсіндірме жазбада қордың жыл сайын операторлардың кірістерінің 3%-ын жинауы мүмкін екені айтылған. Заңгердің сөзінше, бұл дегеніміз бір оператордан жылына шамамен 10 миллиард теңге деген сөз, ал жиынтық есепте 60 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін (немесе 120 миллион долларға жуық). Сарапшы түптеп келгенде бұл шығындарды тұтынушылар өз қалтасынан төлейді деп отыр.
"Операторларға міндетті төлемдер қосылған жағдайда, бұл қызметтердің құнына әсер ететіні сөзсіз. Байланыс пен Интернет қымбаттайды, оған операторларды кінәлай алмайсың. Бұл мемлекеттің бастамасы әрі оның тікелей нәтижесі", - деп атап өтті заңгер.
Есімханов Қазақстанда операторларды қолдаудың тиімді тетігі "250+" бағдарламасы бар екенін жеткізді. Бағдарлама телекоммуникацилық компаниялар шалғайдағы ауылдарды қамтыған жағдайда оларды артық міндетті төлемдердің бір бөлігінен босатады. Өз кезегінде бұл байланысты жақсартуға және салаға қосымша төлемдер әкелуге мүмкіндік береді.
"Байланысты жақсартқыңыз келсе, осындай бағдарламаларды дамыту қажет. Операторлар онсыз да жаңа базалық станцияларды салады. Оларға жұмыс істеу үшін жағдайлар жасау керек", - деді Есімханов.
Тиісті заң жобасы 4 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады. Мұндай бастамалар көп жағдайда көпшілікке жария етілмей, бірден заңға айналып жатады. Салдары бәріне тиюі мүмкін. Бұл бағаның өсуі, ашықтықтың төмендеуі, бизнеске қысым және түрлі сұрақтар туғызатын тағы бір түсініксіз қор.
inbusiness.kz редакциясы жобаны порталға жариялаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауал жіберді.