Қазақстандықтар Түркияға жеке куәлікпен бара ала ма? – СІМ-нің жауабы

Осыған дейін әлеуметтік желілерде "2027 жылдан бастап Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің азаматтары бір-біріне паспортсыз қатынай алады" деген ақпарат тараған еді.  

Қазақстандықтар Түркияға жеке куәлікпен бара ала ма? – СІМ-нің жауабы Фото: dalanews.kz

Сыртқы істер министрлігі осы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform тілшісіне сілтеме жасап. 

Ведомство бұл мәселе ТМҰ аясында талқыланғанын растаған. Дегенімен, тараптар әзірге ортақ келісімге келмеген. 

– Қазіргі уақытта ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасында бұл бастаманы іске асыруға қатысты ортақ келісім жоқ. Сондықтан 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМҰ елдері азаматтарының жеке куәлікпен өзара қатынауына мүмкіндік беретін тәртіп енгізіледі деген ақпарат расталмайды, – деп хабарлады СІМ. 

Жаңа тәртіптің қашан енгізілетіні де белгісіз.

Жаза кеткен жөн, ТМҰ құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді.

Қазақстан аталған елдердің барлығымен визасыз режим орнатқан. Бірақ жеке куәлікпен тек Қырғызстанға ғана баруға болады. Қалған мемлекеттерге паспорт міндетті түрде қажет.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарадан жеке куәлікпен өту мүмкіндігін де талқылап жатыр. Қазір көрші елге бару үшін шетелдік паспорт қажет. Жаңа тәртіптің енгізілетін мерзімі анықталған жоқ.

Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен бара алады. Бұл мүмкіндік 2025 жылғы 22 қарашадан бастап қолданылады. Ол екі ел арасындағы тікелей әуе рейстеріне қатысты.

Жеке куәлікпен Астана – Ереван – Астана және Алматы – Ереван – Алматы бағыттарында ұшу мүмкіндігі қарастырылған. 

Бұған дейін Индонезия Қазақстан азаматтарына 30 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік бергені хабарланды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу