Қазақстандық төлқұжат иелері 2018 жылы әлемнің 71 еліне визасыз бара алады. Жеті жыл ішінде бұл көрсеткішке 10 ел қосылған. Henley&Partners халықаралық консалтингтік компаниясы өзінің жыл сайынғы төлқұжаттар индексінде осындай мәлімет келтірді. 2018 жылдың рейтингінде Қазақстан Беларусь және Оманмен 65-орынды бөлісіп, былтырғы жылға қарағанда екі саты көтерілген. Бірақ та визасыз баратын елдер саны көбейген жоқ. Алайда соңғы жылдары қазақстандықтардың визасыз баратын елдерінің саны тұрақты өсіп келеді. 2015 жылы қазақстандықтар 65 елге визасыз бара алған болса, 2016 жылы 67 елге, 2017 жылы 71 елге жеткен.
Henley&Partners көрсеткендей, 2014 жылдан бастап бұл рейтингте Германия бірінші орында тұр. Германия азаматтары осы жылы визасыз 177 елге бара алады, бұл тізімге осы жылы тағы бір ел қосылған. Екінші орынға биыл Сингапур (176 ел, былтырғы көрсеткішке 3 ел қосылған) шыққан, ал үшінші орынды сегіз мемлекет: Дания (+1), Финляндия (+1), Франция (+2), Италия (+1), Жапония (+3), Норвегия (+2), Швеция (елдердің саны өзгермеген) және Ұлыбритания (+2) өзара бөлісіп отыр. 2018 жылы осы елдердің бірінің төлқұжатымен әлемнің 175 еліне баруға болады.
Ал ренкингтің аутсайдерлеріне келер болсақ, онда соңғы үш (102,103,104 ) орынға Сүрия (28 ел), Ирак (27 ел) және Ауғанстан (24 ел) орналасты. Ирак пен Ауғанстан өткен жылмен салыстырғанда азаматтарының визасыз баратын елдері санын өзгертпеген, ал Сүрия болса бір елге кеміткен.
Сондай-ақ Henley&Partners былтырғы жылғы рейтингпен салыстырғанда өз көрсеткіштерін біршама жақсартқан үш елді атап көрсетті. Олардың қатарында визасыз баратын 30 мемлекетті қосып 15 сатыға бір-ақ шыққан Грузия, сонымен қатар 32 мемлекетті қосып, рейтингісін 14 позицияға көтерген Украина мен 10 сатыға (+9) көтерілген Қытай бар.
Бір қызығы, осы жылы ТМД елдері ішінде 44 орынға шыққан Украина көш бастап тұр. Украинаның өз позициясын осыншалықты жақсартуына былтырғы жылы Шенген аумағы елдеріне визасыз баруға қол жеткізу себеп болды. Грузияда тап осындай жағдай. Қазақстаннан басқа ТМД-ның барлық елі 2018 жылы өз азаматтарының визасыз баратын мемлекеттерінің санын арттырды.
Сондай-ақ ТМД елдерінің барлығы рейтингтегі өз позицияларын жақсартқан. Henley&Partners инвестиция салу арқылы азаматтық алатын бағдарламасы бар елдерге сараптама жасады. Олардың ішінде Аустрия төлқұжатымен визасыз көп мемлекетке (174 ел) баруға болады. Алайда Моцарттың отанының азаматы болу үшін бұл елге 8-10 млн еуро құю керек. Өз азаматтарына 169 және 159 елге визасыз шығуға мүмкіндік жасап отырған Мальта мен Кипр бір-екі млн еуро төлегендерге азаматтық беруге дайын. Инвестициялық бағдарламасы бар Кариб елдері ішінде Сент-Китс және Невис төлқұжатымен 139 елге визасыз кіруге қол жеткізуге болады.
Жалпы рейтинг жасаушылардың айтуынша, 2017 жылмен салыстырғанда көптеген мемлекет өз азаматтары үшін визасыз жүретін елдер санын арттырған немесе бұрынғы деңгейде сақтап қалған.
Henley&Partners компаниясы тобының төрағасы доктор Кристиана Х. Келиннің айтуынша, 2018 жылы тек бірқатар мемлекет қана төлқұжат индексінде визасыз баратын елдер санын азайтқан.
"Кейбір мемлекеттер шекаралық бақылауды күшейтіп жатса, көп елдер, керісінше, шекараны ашуда. Олар осылайша туризм, халықаралық сауда және көші-қоннан үлкен экономикалық пайда көрмек", – деп атап көрсетті доктор Келин.
Сонымен қатар Henley&Partners төрағасы тап қазіргі уақытта визасыз режим ауадай қажет екенін айтты.
"Экономикалық әртүрлілік шеңберінде жеке тұлғалар өздері шыққан елге салынған шектеулерді еңсеріп, әлемнің түпкір-түпкіріндегі қаржылық, мансаптық, өмірлік және бизнес-мүмкіндіктерге қол жеткізгілері келеді. Төлқұжат индексі адамдардың жаһандық ұтқырлық көлемінің қай шеңберінде екенін көрсетіп, олардың төлқұжаты басқа елдердің төлқұжатымен салыстырғанда қандай күшке ие екенін айқындайды. Жаһандық ұтқырлықтың бар екені, сөзсіз. Алайда осымен қатар мигранттарды қабылдайтын елдер арасында көші-қонға қарсы саясаттың пайда болуы, яғни изоляционизмнің күшейіп келе жатқанын да көріп отырмыз", – деп қорытындылады сарапшы.
Гүлназ Ермағанбетова, Элина Гринштейн