Зейнетақы аннуитеті зейнетақы жинақтары есебінен өмір бойы төлем алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылдың 8 айында Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгені құраған. Ал сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетіп отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандырудың осы тетігі қалай жұмыс істейтінін және келісімшарт жасасу үшін қандай талаптар қойылатынын түсіндіріп өтті.
– Зейнетақы аннуитеті бойынша азамат өзінің зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Ал компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отыруға міндеттеме алады. Демек, төлем адамға өмір бойы беріледі. Тіпті, төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем жалғаса береді.
Зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасау үшін белгіленген жасқа толып, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы керек. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі, – делінген ресми хабарламада.
Мысалы, 2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем ала алады: ерлер – 55 жастан бастап, әйелдер – 53 жастан. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.
– Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де бар. Мұндай келісімшарт арқылы болашақ төлемдердің шарттарын алдын ала белгілеуге болады. Оны 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бұл ретте төлемдер заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.
Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын өсіп отырады. Заңнамада белгіленген индексация мөлшері кемінде 8%-ды құрайды. Ал төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.
Сонымен қатар, келісімшартта төлемдерге кепілдік берілетін кезеңді қарастыруға болады. Егер сақтандырылған адам осы кезең аяқталғанға дейін қайтыс болса, төлемдер келісімшартта көзделген тәртіп пен шарттарға сәйкес мұрагерлеріне беріледі. Бұл тетікті БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының қалған бөлігін мұраға қалдыру тәртібімен шатастырмаған жөн. Екеуі – екі бөлек мәселе, – деп жазады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алып жүрген азамат жұмысын жалғастыра алады. Дегенімен, аннуитет рәсімдеу мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын тағайындауды білдірмейді. Мемлекеттік зейнетақы алу құқығы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес анықталады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік аннуитеттік компания да зейнетақы аннуитеті бойынша қызмет көрсетеді. Компания азаматтарға зейнетақы жинағының жеткіліктілігін есептеу және болашақ төлемдердің мөлшерін анықтау бойынша кеңес береді.
– Келісімшарт жасамас бұрын азаматтарға сақтандыру ұйымдарының ұсыныстарын салыстырып, оның талаптарын мұқият зерделеу ұсынылады. Әсіресе, бастапқы төлем мөлшеріне, төлемдердің жыл сайын өсу тәртібіне, кепілдік кезеңіне және келісімшартты өзгерту шарттарына назар аударған жөн. Алдын ала есепті өмірді сақтандыру компаниясынан алуға болады. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан болжамды түрде алатын төлемдер мен сақтандыру компаниясы ұсынаты,н төлемдерді салыстыру үшін enpf.kz сайтындағы болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады, – дейді ресми орган.