23 ақпанда Ресей аумағында "Союз" газ құбыры желісінде болған апаттық жағдай елімізге қалай әсер етті? Ақпанның суығында қазақстандықтар жылусыз қалмай ма? Көпті толғандырған бұл сұрақтарға Қазақстанның Энергетика министрлігі жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ведомство ешкімнің жылусыз қалмайтынын айтып, ақпарат таратты.
Министрліктің мәліметінше, "Союз" құбырындағы жарылыс салдарынан сонымен қатар қазақстандық Қарашығанақтан Орынбор газ өндіру зауытына шикізат жеткізу шектелген. Ал Батыс Қазақстан облысындағы тұрғындар жылусыз қалмас үшін тұтынушыларға газ "Орталық Азия - Орталық" желісінен беріле бастаған. Елдегі барлық газтасымалдау жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
"Жағдай министрліктің бақылауында. Аса қорқынышты ештеңе болған жоқ. Біз тек Ресейден ғана газ алмаймыз, ешкім жылусыз қалмайды. Газды шектеу болған жоқ. Газ жүйесіндегі барлық нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр", - деді министрліктің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаев.
Газ желісінің апат болған учаскесі елдімекендерден алыс, сондықтан зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Бұл туралы Орынбор облысы губернаторының баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік бұл "Газпром" құбыр желісіндегі жыл басынан бергі үшінші апат. Қаңтар айында "Пермь - Горький-1" газ құбыры желісінде газ ауаға тарап, апат болған. Артынша ақпан айының басында Свердловск облысындағы газ құбырында өрт шыққан болатын.
Құралай Құдайберген