Қазақстандықтардың 48 пайызы "келесі Президент әйел болса екен" деп отыр

2314

"Әйелдің орны – ошақтың қасы" дейтін ескішілдер қатары артып барады.

Қазақстандықтардың 48 пайызы "келесі Президент әйел болса екен" деп отыр Фото: canva.com

Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы Қазақстандағы "БҰҰ-Әйелдер" құрылымымен бірлесіп, "Қазақстандағы гендерлік теңдікті және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қоғамдық көзқарас" атты есебін жариялады. Бұл ауқымды әлеуметтік зерттеу біраз таңғаларлық жайттарды әшкерелеп отыр.

Оның барысында қазақстандықтардың гендерлік теңдіктің негізгі мәселелеріне, сүйекке сіңген стереотиптерге, Қазақстан қоғамын жайлаған гендерлік кемсітушілік пен зорлық-зомбылық проблемаларына көзқарасы анықталды.

Жаһандық ұйымның сұрауына жауап берген Қазақстан халқының 48 пайызы келесі Президент "ел анасы" атана алатын әйел болса екен деп санайтынын жеткізген. Негізі, бұл жақсы көрсеткіш.

Алайда ерлер жағының көзқарасы басқа. Олардың арасында бұрынғы жылдарға қарағанда, бүгінде "саясат пен ғылым әйелдердің ісі емес" деп санайтындардың үлесі біраз артыпты.

Мысалы, ерлердің 52 пайызы Қазақстанда әйелдер Президент және Премьер-министр бола алмайды деген пікірде. Саяси элита мен ел басшылығындағы азаматтардың пікірі де осы арнада тоқайласса керек. Себебі, республика тәуелсіздік алғалы өткен 33 жыл ішінде 13-ші рет Үкімет ауысып отыр. Бірде бір рет әйел адам Министрлер кабинетін басқарған емес.

БҰҰ сарапшыларының байламынша, қазіргі қазақстандық ерлердің көбі өз зайыбының ғана емес, жалпы әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге белсенді қатысуын құптамайды.

"Ерлердің үлкен бөлігі әйелдердің ел басқаруына, саясатпен белсенді айналысуына үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Бұған гендерлік стереотиптер әсер етеніні анық. "Әйеліңіздің саяси және қоғамдық тұрғыдан белсенді болуына дайынсыз ба?" деген сұраққа ерлердің жартысынан сәл аз бөлігі – 48,6% дайын екендерін айтты. Ал респонденттердің 38,9%-ы "жоқ!" деп жауап қатты", – дейді БҰҰ сарапшылары.

Қарсы еместер қатары басым, бірақ олардың үлесі азайып барады. Бұрынғы жылдары үнемі жартысынан асатын.

Қарсы шыққандардың айтқан уәжі, дәйектемесі келесідей:

  • "Әйелім үйде отырып, үй шаруасымен айналысуы керек" – 20,3%-ы.
  • "Мен саясаткер немесе активист әйелмен тұруға дайын емеспін" – 13,8%-ы.
  • "Бұл – әйелдің ісі емес" – 6%-ы.
  • "Әйелімнің көпшіліктің көз алдында болғанын қаламаймын" – 4,6%-ы.
  • "Саясат, қоғамдық жұмыс оның тым көп уақытын алып қояды" – 2,7%-ы.
  • "Жасы жарамайды, денсаулығы мүмкіндік бермейді" – 1,3%-ы.
  • Басқа танымал жауаптар арасында: "саясатты ұнатпаймын", "дәстүрге, әдет-ғұрыпқа қайшы", "бұдан еш мән көріп тұрған жоқпын", "әйелімнің оған білімі, дағдылары мен қабілеті жетпейді", "онсыз да саясатта әйелдер қаптап жүр" және басқалары болды.

Әйелдің орны мен рөлі қайда?

Қазақстан халқының 99,9 пайыздан астамы сауатты. Осы орайда халықаралық сарапшылар қазақстандықтардың көзқарасын біліп, қайран қалыпты.

Мәселен, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 54,3%-ы жаратылыстану ғылымдары, жоғарғы технологиялар, инженерия мен математика (STEM) мамандықтары қыздарға жарамайды, бұл салаларда әйелдердің жүргені әбес деп есептейтіндерін мәлімдеген.

Мысалы, Ауғанстан билігіне тәліптер келгелі, әйелдерге ғылыммен, қоғамдық жұмыстармен айналысуға, білім алуға, мамандық игеруіне тыйым салынды. Әйелдерге, қыз-келіншектерге күйеуінің немесе жақын туысының ілесуінсіз, көшеге жалғыз шығуына тыйым салынды. Салдарынан, асыраушы еркегі жоқ, кілең әйел заты қалған отбасылар табысынан айрылып, ашығуда. Бұған қарсы ауған әйелдері қаншама рет наразылық шараларын өткізіп, шеруге шықты, оның бәрін тәліптер қуып таратты.

БҰҰ сарапшылары қазақстандықтардың бір пікірі екіншісіне қайшы келетінін анықтады. Мысалы, "әйелдердің орны – ошақ қасы, әйелдің басты міндеті – отбасының жайлылығын қамтамасыз ету және балаларының тәрбиесімен айналысу" деп санайтын адамдардың үлесі 60,3 пайызға жетіпті.

Нәзік болмыс иелерін ошақ қасына байлап қою – олардың жоғарғы оқу орнында оқып, диплом алмауын немесе мамандық алғанымен, жұмыс істемеуін, бизнеспен айналыспауын талап етеді. Өйткені мұның бәрі оның уақыты мен күш-қуатын көп алып қояды, отағасын күтуге, балаларын бағып-қағуға мүмкіндігі жете бермейді делінді.

Осының дәлеліндей, 61 пайызы "үй шаруашылығын жүргізу – әйелдерге жүктелетін маңызды іс" деп есептейтіндерін білдірді.

Алайда сұралғандардың 79 пайызы "әйел де табыс табуға тиіс" деп мәлімдеген. Яғни, ерлердің көпшілігі отбасын өрге жалғыз сүйреуге, барлық керектімен бір өзі қамтуға дайын емес. Соған қарағанда, әйелдің жаны сірі деп ойлайтын болса керек. Ер-азаматтар нәзік жандылардың жұмыс істеп, қомақты табыс табуын, сонымен бір мезгілде күйеуінің ойынан шығып, балаларды тәрбиелеу жүгін арқалауын армандайды.

Айтпақшы, әйелдердің 53,6 пайызы жұбайлары толық қамтамасыз етсе, үй шаруасы мен баласын қарап, үйде отыруға дайын.

Ерлердің 64,4 пайызы, әйелдердің 50,2 пайызы – "әйелдері көп ұжымдарда дау-дамайы көбірек" деген пікірді қолдайды.

Ерлердің – 60,6 пайызы, әйелдердің – 49 пайызы қазақстандық қыздарды кішкентай кезінен мықты маман болып, мансабын күйттеуге емес, "тамақ дайындауға, ана болуға, үй шаруасындағы әйелдің міндеттерін шеберлікпен орындауға үйрету керек" деген пікірде.

"Гендерлік теңдік болса, әйелдер феминист болып кетеді"

 

БҰҰ сарапшылары қазақстандық ерлердің бір үрейін тапты. Әйелдерге теңдік берсе, шетінен феминист болып кетуі мүмкін деген ой айтылған.

Жалпы, қазақстандықтар "гендерлік теңдіктің" шынында не екенін және оның не үшін қажеттігін білмейтін болып шықты.

"Қазақстандықтардың басым бөлігі гендерлік теңдікке және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ұғымдарына мән бермейтіні анықталды. Олар гендерлік мәселелерге қызығушылық танытпайды, онымен байланысты проблемаларға үңілуге немесе тіпті олардың бар екенін мойындауға құлықсыз. Сауалнамаға жауап берген қазақстандықтардың тек 33,5%-ы гендерлік теңдіктің нені білдіретінін біледі. Респонденттердің көбі гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілету әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейтуге емес, феминизмнің өршуіне ұрындырады деп ойлайды", – деді Қазақстандағы "БҰҰ-Әйелдер" құрылымы басшысының міндетін атқарушы Дина Амришева.

Респонденттердің көпшілігі, 76,5%-ы елдегі гендерлік жағдайды қанағаттанарлық деп бағалады және қазақстандық әйелдерге берілген құқықтар мен мүмкіндіктерді "жеткілікті", тіпті "шектен тыс артық" санайды.

Сарапшының мәліметінше, негізінен ер адамдар осылай ойлайды (83,1%). Ал әйелдер арасында құқықтары толық қорғалады деп есептейтіндердің үлесі біршама аз (70,6%). 

БҰҰ сарапшылары қазақстандық қоғамның әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынас тақырыбын талқылауға әзір еместігіне, оны тіпті ұят, жабық санайтынына, бұл туралы мектептерде пән енгізілуіне үдере қарсы шығатынына назар аудартты. Сондықтан ең құрыса, гендерлік мәселелерді түсіндіретін пән болса, құп деп отыр.

"Гендерлік теңдіктің маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыру маңызды. Бұл – Қазақстанның зайырлы мемлекет сипатын сақтап қалудың басты бір шарты! Тиісінше, соған бағытталған іс шаралар стратегиялық сипатта болуы керек. Ең алдымен балалар мен жастарды тәрбиелеуден басталуы тиіс. Гендерлік мәдениет пен көзқарасты енгізу үшін білім беру бағдарламаларын өзгерту қажет. Мұндай стратегияны жүзеге асыру мемлекеттік органдардың міндеттеме алуын және қолдауын, сонымен қатар олардың қоғам өмірінің барлық деңгейінде гендерлік теңдікті ілгерілету процесіне белсенді қатысуын талап етеді", – деген қорытынды жасады БҰҰ сарапшылары.

Сарапшылар гендерлік теңдік қазаққа керектігін нықтады.

Ері мен әйелі арасындағы теңдікке құрылған сый-құрметсіз отбасындағы береке-бірлікті нығайту да мүмкін емес. Осыны түсіне білген Алаш арыстары бірінші орындағы мәселелердің бірі ретінде "әйел теңдігін" қамтамасыз етуді басымдық деп таныған.

1917 жылғы І Бүкілқазақтық съезде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тікелей қатысты, аса маңызды 14 мәселенің арасында әйел мәселесі арнайы талқыланды. Осыдан 100 жыл бұрын "Алаш" партиясы өз бағдарламасында "әйел теңдігі" мәселесін "Мемлекеттің қалпы" мен "Негізгі құқық" тарауларында екі рет қарастырған.

"Алаш" интеллигенциясының қаламынан туындаған ірі туындыларының да, жалпы алаш әдебиетінің де басты бір тақырыбы ‒ әділдік пен теңдік үшін күрескен, озбырлықтан жылаған қазақтың қасіретті қызы, қазақ әйелдерінің көз жасы, зарлы үні. Азат Қазақстанның әйелдер құқықтарын қорғауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мән беруі де бекер емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу