Қазақстандықтардың банктердегі кейбір жинақтары "күйіп" кетуі мүмкін

9608

Банктерде жатқан ақшаңыз босқа құрымауы үшін мына жайттарды ескере жүріңіз.

Қазақстандықтардың банктердегі кейбір жинақтары "күйіп" кетуі мүмкін Фото: canva

Екінші деңгейлі банктер өз клиенттеріне дәстүрлі депозиттерден тыс түрлі жинақ құралдарын ұсына бастады. Оның бәрі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) тарапынан еш кепілдендірілмеген.

Сондықтан егер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тосыннан банктің лицензиясын қайтарып алса, барша клиентінің ондай құралдарға салған қаражаттары жойылып кетуі және ешқашан қайтарылмауы мүмкін. Бұған digitalbusiness назар аудартты.

Өйткені көптеген комбанктердің капиталы мен мүлкі өзіндегі жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың депозиттерінен әлдеқайда аз болып келеді, өтеуге жетпейді.

Сіздің жинақтарыңыз қорғалған ба?

Ең алдымен, кез келген банкте депозит ашпас, ақша салмас бұрын сол баяғыдай, еш ұялмай, таңдаған депозитіңізді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдендірген-кепілдендірмегенін анықтап алыңыз. Кепілдік жоқ болса, жоламаңыз.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі соңғы рет 2020 жылғы қыркүйекте Tengri Bank-тің банктік және өзге операцияларды жүргізу жөніндегі лицензиясын тартып алды. Содан бері тыныш.

Алайда қаржыгерлер қазіргі кезде әлемде және Қазақстанда жаңа дағдарыс туындай бастағанына назар аудартады. Мұндай аумалы-төкпелі кезеңде басты қауіпке тікпеген абзал.

Қазақстанда банктердегі салымдарды міндетті кепілдендіру жүйесі әрекет етеді. Ол жүйеге кіретін елдегі барлық 21 банк қорға тұрақты түрде жарна енгізіп тұрады. Жарна мөлшері бірнеше факторға, соның ішінде банктің ауқымына, активіне, тартқан депозитінің көлеміне, сондай-ақ тіпті дәл қазір бұқара мен бизнеске қандай пайызбен депозит ашуды ұсынып жатқанына да байланысты болады.

Егер әлдеқалай қандай да бір банк күйресе, ал, оның активі клиенттерінің ақшасын қайтаруға жетпесе, онда жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің депозиттерінің бір бөлігін төлеуге қажетті қаржы жинақталған қордан алынады.

Сонымен бірге кепілдендіру қоры өз тарапынан банктердегі жинақ түрлерінің бәрі бірдей сақтандырылмайтынын ескертті. Бұл қор азаматтардың, соның ішінде "ИП"-лардың классикалық депозиттерін ғана өз қорғанына алады.

Мерзімінен бұрын алуға болмайтын, ұлттық валютадағы жинақтаушы салымдар бойынша өтемақы көлемі – 20 миллион теңгеге дейін, толықтыруға және ерте алып қоюға болатын, ұлттық валютадағы мерзімді депозиттер, сонымен бірге карточкалар, ағымдағы шоттар бойынша – 10 миллион теңгеге дейін, ал, шетелдік валютадағы депозиттер, шетелдік валютадағы карточкалар мен шоттар бойынша – 5 миллион теңгеге соманы құрайды.

Соңғысында банк лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы назарға алынады. Яғни, банк 1 АҚШ доллары шамамен 185 теңге тұрған тұста банкрот болса, өтемақы америкалық доллар 520 теңгеге жеткен қазіргі кезде ғана берілсе, бәрібір 185 теңге бағамы есепке алынады.

ҚДКҚ кепілдігі келесі жинақтарды ғана қамтиды:

  • салымдарға (депозиттер), оның ішінде, талап етілгенге дейінгі және шартты салымдарға;
  • салымдар бойынша банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру күніне қарай есептелген сыйақыларға;
  • ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшаларға қолданылады.

Егер бір адам бір банкте түрі мен валютасы бойынша әрбасқа болатын бірнеше депозит ашса, онда барлық депозиттер бойынша жиынтық қалдыққа төленетін кепілдік берілген шекті сома – 20 миллион теңгеден аспайды.

Қор мамандарының түсіндіруінше, клиенттің жинағы 5, 10 және 20 миллион теңге межелерінен әлдеқайда көп болса, салымшы артық қалған ақшасын "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңында белгіленген кезектілік тәртібімен банктің Тарату комиссиясынан алуға құқылы. Алайда тәжірибе көрсеткендей, ол жақтан көп қайыр күту әбестік.

Бүгінде банктер "депозиттік сертификат", "металл шоты" және басқа да қызықты банктік өнімдерді кең жарнамалап, белсенді ұсына бастады. Олар бойынша салымшының табатын табысы жоғарылау болуы мүмкін. Алайда оның бәрі кепілдендіруге жатпайды. Күйіп кетсе, өз обалыңыз өзіңізде дейді.

ҚДКҚ өз кепілдігі келесі өнімдерге таралмайтынын жариялады:

  • жеке тұлғалардың металл шоттарына;
  • банк ұяшықтарында орналастырылған ақшалар мен құнды заттарға;
  • депозиттік сертификаттарға;
  • заңды тұлғалардың, компаниялардың және мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдардың депозиттеріне;
  • ислам банктерінде, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдарындағы депозиттерге қолданылмайды.

Осы аталғандардың бәрі бойынша тәуекелді толығымен салымшының өзі арқалайды. Яғни, банк лицензиясынан қағылса, қаржысын жоғалтады.

Мысалы, кейбір банк металл шотын ашып, алтын, күміс және басқа да бағалы металдардың шарықтап өскен бағасынан табыс табуды ұсынады. Алайда бұл шоттар аталған қор тарапынан кепілдендірілмейді.

Банк жойылса, осы шоттардың иелері ақшадан дәметкен кредиторлардың ұзын тізімінде тек 8-ші кезекке қойылады. Тарату комиссиясы банктің жарамды активтерін сату арқылы әдетте алғашқы кезектегілердің де талап-тілегін толыққанды қанағаттандыра алмайды. Демек, кейінгі кезектегілерге ештеңе қалмайды.

Депозиттік сертификаттарды банктердің өздері салым түрінде ұсынғанымен, шынында олар заң тұрғысынан депозит емес, акциялар сияқты "бағалы қағаз" деп танылады. Сол себепті олар кепілдендіру жүйесінен тыс қалған. Бұл сертификаттар 8-ші кезектегілерге қосылады. Дегенмен, құнды қағаздар құнсызданса, ол үшін көбіне ешкім жауап бермейді.

Бұдан бөлек, тіпті ақшасын ҚДКҚ сақтандырған депозиттерде ұстап келген қазақстандықтар да қаражатының бір бөлігінен айрылуы ықтимал. Өйткені теңгедегі құны 5 миллионнан асатын шетелдік валютасын, айталық, 10 мың доллар жинағын банкте сақтауы мүмкін.

Ұлттық банктің 2025 жылғы 3 маусымға арналған валюталардың ресми нарықтық бағамы бойынша 5 миллион теңге шамамен 9 765 долларға тең. Одан асқанын қор өтемейді.

Сондықтан ескі ақыл әлі күшінде: жинақ ақшаңызды қауіпсіздендіру үшін олардың бәрін бір емес, әртүрлі банкте ұстағаныңыз жөн. Егер бірнеше банк қатарынан лицензиясынан айрылып, жабылып қалса, қор оның әрқайсысы бойынша сізге тиісінше 5, 10 және 20 миллион теңгеге дейінгі салымдарыңызды өтеп береді.

Банктің ұяшығында сақталатын ақша мен құнды заттар тіпті банк банкрот болса да, сол сейфте қалуға тиіс. Алайда тарихта қандай да бір банктің ақшасын қалтасына қотарып қашқан алаяқ басшылар сонымен бірге ұяшықтарды да бұзып, талап алған оқиғалары болды.

Егер ұяшықтар мұрты бұзылмаған күйі қалса, олардың ішіндегісін агенттік бақылауындағы уақытша әкімшілік иесіне қайтарып береді. Ал, егер мародерлік талапайға ұшыраса, бұл үшін қордан компенсация сұрай алмайды. Әлгінде айтылғандай, ұяшықтар ҚДКҚ тарапынан кепілдендірілмейді.

Өз кезегінде, қаржылық реттеуші қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған екінші деңгейдегі 21 банктен басқа, тағы 9 банк сонау 2007 жылдан бері әлі күнге тарату процесінде екенін еске салды.

Тарату процесінде тұрған аталған 9 банктің лицензиялары 2007 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде кері қайтарып алынды, атап айтқанда бұл қатарға:

  • Валют-транзит банк (тарату – 2007 жылғы 1 наурыздан бастап);
  • Қазинвестбанк (2018 жылғы 24 қаңтардан бастап);
  • Delta Bank (2018 жылғы 25 сәуірден бастап);
  • Qazaq Banki (2018 жылғы 12 желтоқсаннан бастап);
  • Астана Банкі (2019 жылғы 9 қаңтардан бастап);
  • Эксимбанк Қазақстан (2019 жылғы 16 қаңтардан бастап);
  • Tengri Bank (2021 жылғы 15 ақпаннан бастап);
  • AsiaCredit Bank (2021 жылғы 22 шілдеден бастап);
  • CapitalBank Kazakhstan (2021 жылғы 5 қазаннан бастап) жатады.

Олардан қаржысын қайтара алмай жүргендер болса, агенттік банкрот банктердің тарату өндірісінің барысы туралы ақпаратты жылына төрт рет өзінің ресми сайтында "Қаржы нарықтары – Банк секторы – Тарату процесі – Тарату процесінің ағымдағы мәртебесі туралы ақпарат" бөлімінде орналастырып тұратынын хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу