Қазақстандықтардың біразы "шала байып" қалды

83

Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарын қазақ әдебиетін қолдау және дамыту бағытында не істеліп жатқаны туралы өзі хабардар етті. 

Қазақстандықтардың біразы "шала байып" қалды Фото: canva

Кейінгі кезде ақын-жазушылар тарапынан өздеріне еш көмек жоқтығы туралы шағымдар айтыла бастапты.

Үкімет жетекшісі мұны жоққа шығарды және қаламгерлерді қолдау бұрын-соңды болмаған биік деңгейге шыққанына назар аудартты. Олардың қаламақысы өзге кәсіп иелері қызығатын көлемге дейін ұлғайылды. Оларға Президенттің арнайы сыйлығы беріледі, басқа бірде бір мамандық иесіне бұйырмаған ірі сомадағы ынталандыруы бар көптеген республикалық және жергілікті байқаулар тұрақты ұйымдастырылады. Оларға қайтарымсыз гранттар таратылады.

Биік мемлекеттік атақ та жомарттықпен үлестірілуде. Мысалы, ұзақ уақыт үзілістен кейін Президент жарлығымен ақын-жазушыларға "Қазақстанның Еңбек Ері" ең жоғарғы наградасы таратыла бастады. "Қазақстанның Халық қаһарманына" теңелетін бұл ең биік марапат 2019 жылғы 29 қазанда Қазақ КСР халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов (1924-2022), 2021 жылғы 13 желтоқсанда жазушы Әкім Тарази (шын аты Әкім Әшімов), 2022 жылғы 17 наурызда жазушы Ильяс Жақанов, 2022 жылғы 16 маусымда – жазушы, ақын Мұхтар Шаханов, сол жылғы 14 қазанда – жазушы Дулат Исабеков иеленді.

Бұрын, сонау 2009 жылы әдебиет өкілдері арасынан "Қазақстанның Еңбек Ері" құрметті атағына Әбіш Кекілбаев, кейін Олжас Сүлейменов ие болған еді, оның өзінде бірінші кезекте жазушы емес, мемлекеттік қайраткерлер ретінде.

"Ұлттық құндылықтарға, ұлт руханиятына қатысты Мемлекет басшысының жолдаулары мен Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте еліміздің мәдениетін сақтауға және дамытуға зор үлес қосқан аса дарынды шығармашыл қызметкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында ақын-жазушылар, жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы, мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тағайындалады", – деді Олжас Бектенов.

2022 жылдан бері "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығы тұрақты ұйымдастырылады. Оның аясында 7 номинация бойынша әр жеңімпаз жазушыға 5 миллион теңгеден беріледі. 35-ке толмаған жас ақын-жазушыларға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы тағайындалады.

Тікелей Президенттің тапсырмасымен әдебиет саласында жоғары шығармашылық жетістіктерге жеткен қаламгерлерге берілетін, кеңес заманында болған "Қазақстанның халық жазушысы" құрметті атағы қайта қалпына келтірілді.

"Мемлекет тарапынан қаламгерлерге қаламақы төлеу жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. 2017 жылы 52 әдебиет авторына бюджеттен қаламақы төленсе, 2018 жылы оны – 67, 2019 жылы – 62, 2020 жылы – 61, 2021 жылы – 76, 2022 жылы – 48, 2023 жылы – 53, 2024 жылы – 52 ақын-жазушы алды. 2025 жылы қаламақы мөлшері 1 авторлық параққа 510 мың теңгеге жеткізілді! Сонымен қатар "Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы" жобасы шеңберінде 20 жас қаламгерге грант тағайындалады. Мұнда әрбір жас грант иесіне 5,1 млн теңге қайтарымсыз қаражат қарастырылған", – деді Премьер-министр.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, барлық дерлік сала, соның ішінде азық-түлік, баспана, дәрі-дәрмек және басқасы үшін қосылған құн салығы күрт өседі. Бірақ оны төлеуден кітап басу ісі мүлдем босатылды. Бұл салаға мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары көзделген.

Үкімет басшысы мемлекет пен жазушылар арасындағы ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді. Мемлекеттік емес, қоғамдық ұйым болса да Жазушылар одағына қаржылай қолдау көрсетіледі екен.

Мысалы, Премьердің мәліметінше, Үкімет Жазушылар одағымен бірге ұлттық әдебиетіміздің дамуына, рухани құндылықтарды жаңғыртуға және шығармашылық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі 3 жобаны жүзеге асыра бастады. Бұлар:

"Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы",

"Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі",

"ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушыларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу".

Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан өңірлердегі жас ақын-жазушылардың шығармашылық мәдени қарым-қатынасын жоғарылату үшін 2023 жылы "Алқа" жастар әдеби клубы құрылды.

2024 жылдан бері әлемдік баспа индустриясындағы ең беделді мәдени алаңдардың бірі – Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өтетін "Frankfurter Buchmesse" халықаралық кітап жәрмеңкесіне қазақстандық делегация ұдайы қатысып келеді. Оған Қазақстан жазушыларды, баспа ұйымдары өкілдерін және басқасын мемлекет есебінен жолдайды.

"Биыл жаһандық жәрмеңкеге 30-дан аса қазақстандық баспа және әдебиет өкілдері қатысты. Делегация мүшелері шетелдік әріптестермен баспа және аударма жобалары бойынша көптеген келіссөз жүргізді. Жалпы, министрлік әлем әдебиеті аудармаларын үнемі жарыққа шығарып, елдің барлық өңірлеріндегі кітапханаларға таратып отырады. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген әдебиеттердің электронды нұсқасы Ұлттық электронды кітапхананың порталына жүктеледі және кез келген оқырман ақысыз оқи алады. Үкімет пен Жазушылар одағы арасындағы рухани байланыстарды нығайту үшін басқа да түрлі ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді", – деді Бектенов.

Ол танымал жазушылардың мерейтойы да мемлекеттің қолдауымен ұйымдастырылатынын еске салды. Бұдан бөлек, атаулы күндерге арналған іс-шаралар, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, жас қаламгерлермен кездесулер және басқа шаралар өткізіледі.

Жыл сайын 1 жазушы іріктеп алынып, оған өмір-бойы және ай сайын 500 доллар сыйақы төленеді. Сондай-ақ, жыл сайын Алматы қаласының әкімдігі – 400 қаламгерге, Астана әкімдігі – 80 қаламгерге 500 мың теңгеден сыйақы төлеп тұрады.

Алматы облысының әкімдігі "Ақтаңгер" стипендиясын табыстайды. Ақтөбе облыстық әкімдігі "Әдебиет, Рух. Қоғам" республикалық әдеби байқауын өткізеді және 12 номинация бойынша 12 және одан көп ақын-жазушыға 1 миллион теңгеден арнаулы жүлде ұсынады.

"Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жүргізіле береді. Жалпы, қазақ әдебиетінде жаңа заман кейіпкерін қалыптастыру аясында Үкімет әдеби жобаларды қаржыландыру және жас қаламгерлерді қолдау бағытында нақты шаралар қабылдауда", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Жазушылар қауымы енді "рухани көшбасшы", "мәдени және идеологиялық күш" деген ерекше мәртебе алғысы келеді. Бұл туралы таяуда Үкіметке жолдаған хатында Мәжіліс депутаты, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Қазыбек Иса мәлімдеді.

"Мемлекеттің тұрақтылығы мен ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын – әдебиет. Әдебиет – мемлекеттің мәдени және идеологиялық күші. Мемлекет мәдениетке инвестиция жасап, жазушылардың беделін көтеруі керек. Сондықтан Үкімет пен әдебиет арасындағы мәдени үнқатысу "жүйелі диалогтық платформа" ретінде бекітілуі керек. Әдебиет ұлттық идеяны жүзеге асыру құралы ретінде танылуға тиіс. Қоғамдық сананы қалыптастыруда жазушының рухани көшбасшылық рөлін Үкімет мойындауға тиіс. Әдебиеттің мемлекеттік саясаттағы мәртебесі көтерілуі қажет", – деп тізбеледі ақын-депутат.

Ол қазақстандық жас буынның әдебиетке қызығушылығы төмендеп бара жатқанын айтты. Жас ұрпақ қана емес, ересектер тарапынан жазушылардың өзіне де, өніміне де сұраныс төмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу