Қазақстандықтардың дәл қазір Қырымда үй сатып алуы – қауіпті іс

1964

Ресей және Украина арасындағы даулы түбекте жылжымайтын мүлік иелену алаяқтардың тұзағына ілігумен тең болып тұр. 

Қазақстандықтардың дәл қазір Қырымда үй сатып алуы – қауіпті іс Фото: ru.krymr.com

"Қырымдағы үйді Шымкент, Алматы, Астана, Павлодардағы үйге айырбастаймын". Әлеуметтік желілерде осындай жеке хабарландырулар пайда болды. Сондай-ақ ресейлік бірқатар риэлтор қазақстандықтарға Қырым түбегінде орналасқан Симферополь. Севастополь, Керчь, Евпатория, Ялта, Феодосия сияқты қалаларда тұрғын үй, коммерциялық нысандарды арзанға сатып алуды ұсынады.

Ұсыныстары құмарлықты оятып, ынтықтырады. Мысалы, өткен аптада ғана Береговое курорттық елді мекенінде, құмды жағажайда тұрған, 5 сотық жері бар екі қабатты коттедж саудаға қойылды. "Бұған қоса, оның жеке верандасы және террасасы бар. Орталықтандырылған су, газ. Мектеп, балабақша, дүкендер, базар, ойын-сауық орындары – бәрі-бәрі жанында, тиіп тұр. РФ меморгандары берген барлық құжаттары сай"...

Бағасы 6 млн рубль (немесе 85 мың доллар), саудаласуға да болады. Бұл қаржыға мысалы, елорданың орталығында коттедж түгіл, 3 бөлмелі пәтерді де табу қиын. 

Одан да арзаны табылады: "Севастополь қаласының ең үздік жағажайы Баунтиде орналасқан екіқабатты үй. Құны 3,2 млн рубль немесе 45,9 мың доллар. Иесі асығыс сатуда. Жиһаз, техникасын тегіс тастап кетпек. Суы жыл бойы, газ. Үй ресейлік тіркеуге қойылған, мекенжайы тағайындалды. "Термос-үй", яғни белгіленген температураны жақсы ұстап тұрады. Көршілері тамаша, қонақжай. Күн сайынғы бонусы бар: терезеден таңның атуын, айдың батуын тамашалауға болады. Таза ауа, құстардың сайраған әні, теңіздің шуы. Аулада төл спорт алаңы бар".

Қазақстанда 45 мың долларға ең үздік жағажай түгіл, үнемі улы түтінге қақалған Қарағандының Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында қырық жылдан астам уақыт бұрын тұрғызылған "хрущевкадан" "косметикалық жөндеу жасалған" 2 бөлмелі пәтерден ғана үміттене аласыз.

Ендеше ойласатын не бар? Жоқ, сарапшылардың байламынша, мықтап ойласу, тіпті бұл қауіпті қадамнан бас тарту керек.

"Жалпы, қазіргі кезде Украинаның Қырым автономды республикасында жылжымайтын мүлік сатып алуға ешкімге кеңес бермеймін. Біріншіден, ол аумақ қақтығыс ошағына жақын жатыр, тіпті болашақта соғыс өрті соған да көшуі мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Себебі, Украина басшылығы Қырымды қайтарып алуға бекінді, ал Батыс, соның ішінде АҚШ Киевтің бұл ықтиярын қолдап отыр. Екіншіден және ең бастысы, Қырым аумағындағы құжаттар Ресейден басқа ешбір жерде мойындалмайды. Ертең әлдеқалай жағдай болып, Украина Қырымды қайтарып алып жатса, онда 2014 жылдан, яғни аннексияланғаннан бері жасалған барлық мәмілелер заңсыз деп танылып, күшін жояды. Яғни, бүгінде сонда жаппай саудаға қойылып жатқан жылжымайтын мүлікті сатып алғандар болашақта сот арқылы одан айырылып, тақырға отыруы мүмкін. Өйткені ол заңсыз иеленген болып шығады", – деп ескертті заңгер Аслан Төребаев.

Үшіншіден, оның түсіндіруінше, заңгерлік ортада "антисоциалды мәміле" деген термин бар екен. Ол құқықтық тәртіп пен адамгершілік негіздеріне қайшы келе отырып жасалған мәмілелерді білдіреді. Әрі біреудің қайғысынан біреу бақыт іздемегені абзал.

Novaya Gazeta Europe басылымының журналисті Антонина Асанованың айтуынша, 2014 жылдан бері Қырымды жайлап алған ресейліктер, әсіресе, мәскеуліктер енді түбектен қашып жатыр. Олар жылжымайтын мүлкіне бірнеше миллион рубль жеңілдік жасап, құнының үштен біріне дейін арзандатуға дайын.

"Бүгінде Севастополь мен Қырымда жылжымайтын мүлік саудасының дүмпуі (бум) жүріп жатыр. "Мир квартир" агенттігінің дерегіне жүгінсек, 2022 жылғы ақпанда, соғыс басталардың қарсаңында да саудаға қойылған мүлік саны артқан. Енді нарыққа сол кездегіден де 2–2,5 көп баспана сатуға шығарылды. Бұл дүрбелең былтырғы қыркүйекте бастау алды. Ал желтоқсаннан кейін жаппай сатылымға ұласты. Бұған Қырымға бұрынғыдай миллиондаған туристердің келмейтіні де ықпал етті: Ресеймен авиақатынас доғарылды. Дәл іргеде соғыс жүріп жатыр. Туристік ағын қашан қалпына келеді, тіпті қалпына келе ме, ол жағы беймәлім. Инвесторлар да Қырымнан ақшасын шығарып әкетуге жанталасуда", – деп баяндады А.Асанова.

Оның мәліметінше, бұған дейін Қырым аумағындағы жылжымайтын мүлікті әсіресе, Мәскеу, Петербор қалаларының, Орал, Сібір аймақтарының тұрғындары жарыса, таласа сатып алатын. Алғашқыларының жайы түсінікті: ауқаттан ықылық атқандар сонда тұрады. Соңғыларының жайы белгілі: Мәскеу дәл сол өңірлерді игеру, уысында ұстап тұру үшін Орал мен Сібір аумақтарында тұратын ресейліктерге ел арасында "северные выплаты" аталатын мол қосымша үстемеақыны төлейді. Мысалы, РФ азаматтығын алған экс-қазақстандықтар сол аста-төк қаржыға қызығып, осы өңірлерге көшіп жатыр. Климаты қаталдау бұл өңірлердің жұртшылығы жазда демалуға Қырымға ағылатын, баспана алатын. Былтырдан бері бұл қозғалыс тиылды.

Салдарынан, Қырымда баспананы ипотекаға рәсімдеу көрсеткіші 2023 жылғы қаңтарда бірден 44% құлдыраған.

"Авитода" жарияланған Қырымда баспана сату туралы хабарландырулар саны былтырғы 10 мыңнан 15 мыңға дейін, "Мир квартир" порталында Қырым бойынша сатылатын тұрғын үй саны былтырғы 19 мыңнан 28 мыңға дейін ұлғайды.

Ақпарат құралдары Ресейдің Украинамен шектес аймақтарынан, мысалға, Белгород облысынан да тұрғындар ауып жатқанына назар аудартады: бір ғана қаңтар айында онда былтырғы қаңтардағыға қарағанда, 1,5 есе көп пәтер саудаға қойылған: 35 мыңға жуық. Өйткені облыс түгіл, енді Белгород қаласының ортасына зымыран құлады. Бұдан бөлек, шекаралас ресейлік Брянск облысында сатылатын баспана саны арта бастапты. Биылғы қаңтардың өзінде 11,7 мыңға жеткен. Курск облысында пәтер ұсынысы 13% артты.

"Ұсыныстың өсуіне тұрғындардың соғыс қимылдары аймағынан аулақтауға ұмтылысы серпін берсе керек. Жылжымайтын мүлік сатушылардың күрт көбеюі аясында алдымен бағалар өсуін доғарды. Ал 2022 жылғы соңғы тоқсанда баға құлдырай жөнелді. Бұл трендтің тоқтайтын түрі байқалмайды", – дейді "Мир квартир" федералдық порталының бас директоры Павел Луценко.

Ендеше ресейліктердің өзі тастай қашып жатқан өңірге қазақстандықтардың қызығуы ағаттық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу