Бұл туралы жоғары санатты нефролог дәрігер, аймақтық транспланткоординатор Лиза Нұрсұлтанова айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әңгімесін "Қазақстанда 5 мыңдай адам бүйрек транспланттауды қажет етеді" деп бастаған маман елде науқасқа көбіне туған-туысы, танысы не ет жақыны ғана донор болатынын алға тартады. Сондықтан да, "донорлықты, қажет болса мәйіттік донорлықты насихаттауымыз керек" дейді білікті дәрігер.
Ең біріншіден, кім кімде болмасын, "Қазақстанда ағзаны сатып алуға не сатуға бола ма?" деген заңды сауал туындайтыны анық.
Біз бұл тұрғыда ҚР ДСМ "Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық" Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының transplant.kz сайтына жүгіндік.
– Қазақстанда әлемнің көптеген еліндегідей, ағзалар мен тіндердің саудасына тыйым салынады және заң бойынша қудаланады. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі №360-VI ҚРЗ Кодексінің 209-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес трансплантаттау кезінде адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға тыйым салынады, – делінген ресми сайтта.
Ұзақ жылдан бері осы салада жемісті еңбек етіп келе жатқан Лиза Нариманқызы "халық бір ғана мәйіттік донордың бірнеше адамның өмірін сақтап қалатынын түсінуі керек" деген пікірде.
– Бір адамның мәйітінен алынған ағза бірнеше адамды өлімнен арашалап, ары қарай өмір сүруіне мүмкіндік сыйлайды. Бұл – бүгінгі медицинаның ғылыми дәлелденген жетістігі. Осы ахуалға қарапайым халықтың көзқарасы да дұрысталғаны жөн секілді. Себебі, мәйітті трансплантациялау әдісі қазіргі таңда бір емес, бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға қауқарлы. Мәселен, жол-көлік апаты болды делік, ал науқас сол аурухана төсегінде жатып есін жимай қайтыс болды. Оған жасалған барлық ем көмектеспегеннен кейін "мидың өлімі" деген диагноз тіркеліп, оның өзге ағзалары арнайы аппараттың көмегі арқылы жұмыс істейді. Мұнан соң арнайы мамандардан құралған комиссия мәйіттің ағзаларын алуға байланысты шешім шығарады. Мұның барлығы да заңда көрсетілгендей, келісім презумциясы бойынша жасалады. Егер мәйіттің туыстары жоқ болса, ми өлімі дерегі тіркелген адам тірі кезінде емханаға барып немесе egov қосымшасы арқылы келісемін не келіспеймін демеген болса, заң жүзінде ол адамның келісімін берген болып саналып, донор есебіне жатқызады. Ал адам тірі кезінде емханаға барып немесе egov қосымшасында "келіспеймін" деген қағазға қол қойған болса, онда заң тұрғысынан ол қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларына ешкімнің тиісуіне құқығы жоқ. Өкініштісі сол, Сыр өңірінде адамдардың көпшілігі науқастардың жағдайына түсіністікпен қарағанымен, келісім беруі қиынға соғады. Тіпті, қаза болған туысқандарына да келіспейтіндерін білдіріп жатады. Дегенмен, мұндай жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін екенін ұғынуымыз керек, – дейді дәрігер.
Айтқандай, кез келген адамның донор бола алмайтыны тағы бар. Әрі донор жетіспеушілігі де әлемнің көп елін мазалайды.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 210-бабының 1-тармағына және 212-бабының 1-тармағына сәйкес, ықтимал донор 18 жастағы және одан үлкен, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін, трансплантаттау үшін алуға жазбаша нотариат куәландырған келісімін білдірген адам тірі кезіндегі донор болуы шарт.
Сондай-ақ, он сегіз жастағы және одан үлкен, миының біржола семуі расталған, ағзалары немесе тіні реципиентке трансплантаттау үшін пайдаланылуы мүмкін адам қайтыс болғаннан кейінгі донор болуы мүмкін. Донордың ағзалары патологиясысыз, қатерлі және жұқпалы аурулары, қант диабеті және басқа да аурулары жоқ болуы керек.
Мидың өлімінен соң, яғни өлген адамның өзгеге өмір сыйлап кетуі – сауапты іс. Елімізде көбі мұны қалыпты құбылыс деп санағанымен өзінің ағзасын беруге келіспейді. Онымен қоса қайтыс болған туған-туысының да денесіне пышақ тигізбейді.
– Адамның ағзасындағы бүйрек, жүрек, өкпе, ұйқы безі, бауыры және көздің қасаң қабығын келесі адамға ауыстырып салуға болады. Көрер жарығы қалмаған адамның өмірден өткеннен кейін туыстарының рұқсатымен пайдалануға жарамды ағзасын алып, болашағы бар адамға салу – елімізде белгілі бір категориялар бойынша заңды дүние. Яғни, азға ауыстыру кезінде мұқтаж науқасқа туыстарының ағзасын салып, адамды аман алып қалған жағдайлар жетерлік. Бұл жағдайға шариғат бойынша да рұқсат етілген. Яғни, бір науқасқа көмектесу арқылы сол адам сауапты іс жасайды. Бір адамның өмірін аман сақтап қалғаның бүкіл елге көмек бергеніңмен тең саналады екен – дейді Лиза Нұрсұлтанова.
Жыл басында inbusiness.kz тілшісі Қызылордада тұңғыш рет бауыр ауыстыру отасы жасалғанын жазған еді. Ағзаны сатудың қылмыс екені жоғарыда айтылды. Донорлыққа көбіне науқастың туған-туысының ғана келісіп жататыны да белгілі жайт.
– Жалпы, Қыызылорда облысында туысқанынан берілген 95 бүйрек трансплантаты жасалды. 2024 жылы 6 бүйрек ағзасы ауыстырылды. Қазіргі таңда облыста донорға мұқтаж 91 науқас адам бар. Сондықтан, тірі адамды мүгедек етпеу үшін біз қайтыс болған адамның ағзасын трансплантациялауды насихаттауымыз керек. Себебі аймақ бойынша донор табу, мәйіттен ағза алу – ең өзекті мәселелердің бірі. Сондай-ақ, әлем бойынша ең күрделі және сирек кездесетін ота түрі екенін ұғыну қажет. Ал ағза сатуға байланысты заң бойынша тыйым салынған. Донорлыққа көбіне науқастың туыстары келісім береді. Екі ортада алыс-беріс деген болмауы керек. Ағзасын сатуға жеке адамның ешқандай құқы жоқ және ол қылмысқа жатады. Ал донорлыққа келісім беру бойынша насихат жұмыстары көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Сол себептен, адамдар бұл өмірде бір-біріне көмектесіп, қол ұшын созулары қажет, – деп сөзін қорытындылады аймақтық транспланткоординатор.
Бұған дейін inbusiness.kz сайты Австралиялық азаматтың жасанды жүрекпен 100 күннен аса өмір сүріп, әлемдік рекорд орнатқанын жазған болатын.