Қазақстандықтардың депозиттегі ақшасы 30,5 трлн теңгеден асты

415

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі өсіп келеді.

Қазақстандықтардың депозиттегі ақшасы 30,5 трлн теңгеден асты Фото: informburo.kz

Қазақстан азаматтарының депозиттердегі қаражаты 30,5 триллион теңгеден асты. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдауында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында халықтың банктегі жинақ ақшасы өсіп, 30,5 триллион теңгеден асты (+8,3%). Өсім толығымен ұлттық валютадағы жинақтардың есебінен болды.

Атап айтқанда, теңгелік депозиттер көлемі 12,2%-ға артып, 24,7 триллион теңгеге жетті. Ал шетел валютасындағы салымдар 5,6%-ға азайып, 5,9 триллион теңге болды.

"Доллар бағамы 8,7%-ға түсті. Осының әсерінен халық депозиттеріндегі доллардың үлесі жыл басындағы 22%-дан 19,2%-ға дейін азайды. Бұл халықтың жинақ ақшаны теңгеде ұстауға ойысқанын көрсетеді. Теңгеде ақша жинауға инфляцияның қарқынды баяулауы аясында депозиттер бойынша жоғары сыйақының сақталуы және халықтың номиналды ақшалай табысының өсуі ықпал етті", – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Банктердің депозиттік қорының сапасы дa өзгеріп жатқаны белгілі болды. Мерзімсіз салымдар әлі де негізгі өнім болып қала берсе де, тұрақты қаржыландырудың үлесі тұрақты түрде өсіп келеді.

"2025 жылдың бірінші тоқсаны мен 2026 жылдың екінші тоқсаны аралығында бұл көрсеткіш 15,6%-дан 30,9%-ға дейін артты. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктердің міндеттемелеріндегі халық депозиттерінің үлесі 45,8%-дан 47,6%-ға көтерілді", – делінген талдауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу