Қазақстандықтардың қай елдерге жаппай саяхаттай алатыны анықталды

5849

Кеденшілер сыртқа шығушыларға ескерту жасады.  

Қазақстандықтардың қай елдерге жаппай саяхаттай алатыны анықталды

Статистикалық деректерге сәйкес, қазақстандықтар жыл сайын шамамен 9,6–10,3 миллион рет шетелге саяхатқа шығады. Пандемияға дейін солай болды. Ал былтыр әлемде барлық дерлік ел шекараларын жауып, туризм тоқырады. Миллиондаған адам өзін қамап тастағандай сезінді. Салдарынан бұл көрсеткіш жарты миллионға дейін кеміген. Олардың көбі Ресей жағажайларында демалып, көршіге кіріс әкелді.

Биылғы көктемгі жаңа туристік маусым жақындап қалды. Құзырлы органдардың мәлімдеуінше, биыл Ресеймен не Түркиямен шектелмеуге болады. Сонда қазақстандықтар үшін тағы қандай елдер ашық? Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтардан түсіп жатқан осы сұрақтарға жауап берді.

"Жер-жаһанды COVID-19 індетінің жаңа толқыны басып, жаңа "британдық" штамм шабуылдап жатқанына қарамастан, көптеген ел өзге мемлекеттер азаматтары үшін әуе қақпалары мен шекараларын ашуда. Бүгінде қазақстандық туристерді де бірнеше ел күтіп отыр. Сондықтан зарықтыра күткізген шетелдегі демалыс үшін қандай талаптарды сақтау керектігін түсіндіргіміз келеді", – деді кеденшілер.

Мальдив аралдары

Маржан-коралл рифін тамашалап, жағажайда тәнді күнге сүйгізіп, жанды рахатқа батырғысы келетін қазақстандықтарға Мальдив аралдарының құшағы ашық көрінеді. Бұл саяхат тосын жағдайларға соқтырмауы үшін пандемия кезеңінде сақтық шараларын сақтауға тура келеді.

Мальдив республикасына келушілерге қойылатын талаптар:

Міндетті түрде ПТР-тесттің теріс қорытындысы бар анықтама болуға (сынама материал алынғалы бері 96 сағаттан не 4 күннен аспауға) тиіс. Ол анықтама ағылшын тілінде толтырылуы шарт. 1 жасқа толмаған сәбилер тесттен босатылады.
Елге ұшып келгенге дейін және кері ұшып кетер алдында (24 сағаттан ерте емес) денсаулық туралы онлайн медициналық декларация толтыру міндет. Декларацияға 2 мегабайтқа дейінгі мөлшердегі фотоңызды және ПТР-тест нәтижесін жүктеуіңіз керек.
Ұшып келгеннен кейін әуежайда виза алу қажет, ол тегін беріледі. Виза келгеннен бастап 30 күнге жарамды.

Түркия

Қазақстанда ведомствоаралық комиссия (ВАК) елімізден Түркияға ұшатын рейстер санын қысқарту туралы шешім қабылдады. Мысалы, Атыраудан Ыстамбұлға сапарлайтын тікелей рейстер тоқтатылды.

Себебі Түркияда COVID-19 ахуал нашарлаған, ел Үкіметі комендаттық сағат енгізді: ол жергілікті уақыт бойынша 21:00-ден таңғы 05:00-ге дейін созылады. Рас, бұл талап кей жерде туристерге таралмайды, бірақ барлық орын жабылса, түнгі серуеннен қызық қалмайды. 

Түркияға келушілерге қойылатын талаптар:

Міндетті түрде ПТР-тесттің теріс қорытындысы бар анықтама болуға (сынама алынғалы бері 72 сағаттан не 3 күннен аспауға) тиіс. Ол анықтама не қағазға басылған, не электронды нұсқада бола алады. Алайда не ағылшынша, не түрікше толтырылуға тиісті. 6 жасқа толмаған баладан тесттен өту сұралмайды. 

Біріккен араб әмірліктері

Қазақстандықтар арасында ең танымал бағыттардың бірі – Дубай. Ең арзанының бірі де сол. Туристерді бұл елде жыл бойғы жылы климат (қыста теңіз салқын болғандықтан, суға түсу қиын), заманауи әсем қалалар, есте қалар джип-сафари, ірі сауда орталықтарындағы қалағаныңды тауып беретін шопинг ынтықтырады. Сондай-ақ биылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 наурыз аралығында әлемдік ғаламат оқиға – ЭКСПО көрмесі өтпек. Былтырғы 6 желтоқсанда мемлекет соған дейінгі 300 күнді есептейтін "кері санақ сағатын" іске қосты.

БАӘ-ге келушілерге қойылатын талаптар:

2021 жылдың 31 қаңтарынан бастап Дубайға бет алған барлық жолаушылар ПТР-тесттің теріс қорытындысы бар анықтаманы көрсетуге міндетті (сынама материал алынғалы бері 72 сағаттан не 3 күннен аспауы керек). 12 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ орташа және ауыр дәрежедегі мүгедектер тесттен босатылған. Анықтама қағазға басылуға, ағылшын не араб тілінде болуға тиіс. Қолмен түзету енгізілген анықтама қабылданбайды.
Үкімет анықтайтын кейбір елдерден келетін жолаушылардан қайтара тест тапсыру талап етілетін болады.
Жолаушының қолында БАӘ-да күші мойындалатын және COVID-19 табылып жатса, емдеу шығындарын өтей алатын медициналық сақтандыру полисі болуы шарт. 

Египет

Мысыр елі – теңіз жағасында арзандау бағаға демалуды қалайтын қазақстандықтар үшін қалаулы. Сондықтан бұл елге ұшақ ұша бастайтыны туралы жаңалық саяхатшыларды қуантты. Қазіргі кезде бұл – ең көп жолдама сатылып жатқан бағыттың бірі.

Египетке келушілерге қойылатын талаптар:

Мысыр жеріне аяқ басатын әрбір жолаушы ПТР-тест сынағынан сүрінбей өткенін растайтын анықтаманы паш етуге міндетті: тек 6 жасқа толмаған кішкентай туристер ғана одан құтылады. Анықтамада коронавирусқа материал алынған сағаты және күні жазылуы қажет. Содан бері 72 сағаттан (3 күннен) артық уақыт өтіп кетсе, анықтама жарамсыз деп танылады. 
Шарм-әл-Шейх әуежайында анықтамада міндетті түрде мөрдің, дәрігер қолының және QR-код (не штрих-код) болуы талап етіледі.

Грузия

ТМД кеңістігінде туристер үшін ең танымал елдің бірі – Сакартвело елі. Мысалы, 2019 жылы Грузияда 9,3 миллион шетелдік демалған. Былтыр бірнеше миллионға азайды. Қазақстандықтарды бұл елге тіл бойынша кедергінің жоқтығы, тамақтың арзандығы, көркем табиғат, жайлы жағажай тартады. Бұған қоса, елден Тбилисиге рейс билетінің бағасы да салыстырмалы алғанда, қолжетімді: 33 мыңнан 150 мың теңгеге дейін құбылады. Алайда Грузия тау-шаңғы курорттарын ашпай тұр.

Батуми, Зугдиди, Поти, Гори, Телави секілді тек эпидемиологиялық ахуалы жақсарған қалаларда ғана карантин шаралары жеңілдетілген. Бакуриани, Гудаури, Местия, Годердзиде екі ай бұрын енгізілген шектеулер жалғасуда.

Грузияға келушілерге қойылатын талаптар:

Жолаушы ДДСҰ-ның өзі сертификаттаған COVID-19 вакцинасымен екі кезеңде егілуге тиіс (бұл қатарға Спутник V жатпайды, оны дүниежүзілік ұйым мойындамаған).
Шекарада барлық адам тағы бақылаулық ПТР-тесттен өтуі керек.
1 наурызға дейін коменданттық сағат енгізілген: 21:00-ден 05:00-ге дейін көшеде жүруге қатаң тыйым салынған.
Көшеде де, жабық орын-жайларда да бетперде тағып жүру міндет.
Ұшаққа отырғызылар алдында бүкіл жолаушы және экипаж міндетті медициналық тексеруден өтуге тиісті.

Бұл елдер сыртында қазақстандықтар әзірше Ресейде, Өзбекстанда, Беларусте, Қырғызстанда, Украинада және Оңтүстік Кореяда демала алады. Бұдан өзге егер қазақстандықтың COVID-19 індетіне қарсы ДДСҰ мақұлдаған вакцинамен егілгенін растайтын сертификаты және ПТР-тест анықтамасы болса, оны Сейшел аралдары, Румыния және Исландия қабылдауға дайын. Ұқсас ережені жақында Таиланд енгізбек.

Дегенмен, қазіргідей күрделі шақта ең дұрысы – елімізде демалған. Себебі, әлемде эпидемиологиялық немесе саяси, әскери және басқа да жағдай күрделеніп кетсе, сыртта қалған азаматтар уақытында эвакуацияланбай қалуы мүмкін.

Оның үстіне қоғамдық пікір шетелде ПТР-тест тапсырмай, елге оралған қазақстандықтарды бюджет есебінен карантинде ұстауды тоқтатуды талап етуде. Ендеше мұндай жауапсыз азаматтарға алда карантин шығынын өз қалтасынан төлеуге тура келуі мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу